Қызылордада ауру неге өршіп барады?!

Қызылордада ауру неге өршіп барады?!

Оңтүстік Кореядан 1 наурызда келген 1955 жылғы қызыл­ордалық әйел 9 күн карантинге жатқан. Өкінішке қарай, ка­рантиннен шыққан соң 27 наурыз күні инфекция анықталған. 17 күн ішінде ол «Ақжан» сауда орталығындағы бутигінде сауда жасаған. Тіпті, Махамбет ауылына тойға барған. Тестен де, тексеруден де өткізбеген. Бұл науқасты қараған медбикенің өзі инфекция жұқтырып, ауруы анықталғанша бірнеше адамға қызмет еткен. Осыдан-ақ біздегі денсаулық саласына қаншалықты жауапкершілікпен қарайтыны түсінікті болып тұр. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осындай ауыр кезең­де Үкімет тарапынан атқары­лып жатқан шұғыл шараларды қолдауға шақырып, Қазақстан хал­қына мәлімдеме жасады. Тұңғыш Пре­зидент – Елбасы сәуірдің 8-інде та­ғы бір үндеу жасады. Карантин жарияланған Нұр-Сұлтан мен Ал­маты қалаларындағы әлеуметтік жағдайы төмен адамдарға атаулы көмек көрсетуге Nur Otan партия­сы жобалары аясында 150 млн теңге, елде коронавирустың тара­луына жол бермеу үшін Тұңғыш Президент қоры есебінен 200 млн теңге бөлінді. Қиын кезеңде елді ұйым­дастырып, жол бастап, қол­дау көмек көрсеткен Тұңғыш Прези­­денттің де үндеуін халық асыға күтті. Десек те, қаншама шара атқа­ры­лып жатса да, Қызылорда облы­сында індет өршіп барады. Бүгінде өңірдегі коронавирус жұқтырған азаматтар саны 104-ке жетті. Адамдар жаздың жайдарлы күніндей көше кезіп жүр. Дамыл­сыз зуылдаған көліктер. Ерсілі-қар­сылы адам. Елде карантин басталғалы 20 күннен асты, бірақ өңірде әлі тоқтау жоқ. Таксилер де үздіксіз ағылып жатыр. Мұн­дай жағдайда таксимен жолаушы тасуға кім рұқсат береді? «Сақ­тықта қорлық жоқ». Өңір неге сақ­тық шараларын ұстанбай отыр? Бейқамдықтың арқасында науқастар саны 104-ке жетті. Бұл анық­талғаны ғана. Анықталмағаны қаншама?! Бір ғана Тасбөгет по­селкесінде 30 мыңға жуық адам тұрады. Олардың өзі қалаға қарай ағылып жатыр. Қазір зейнетақыны да онлайн өтінішпен тапсырыс беруге болады. Соған қарамастан пошта бөлімшелері алдында ығы-жығы халық тұр. Таласа-тармаса ішке ұмтылады. Бәрінің де қалауы бір: 42 500 теңге алғысы келеді. Ол ақшаны да тиесілі азаматтарға жеткізіп береміз дегенмен, адамдар пошта бөлімшелеріне асығуда. Қара су ішсе де балалардың амандығын ойлап, үйде отыруға болар еді. Алайда біз әлі де сақтық шараларын сақтамаймыз. Той-то­малақты тоқтатқанымызбен, адам­дар көп жиналатын орын­дар­дан қашқақтап отырған жоқпыз. Той-томалаққа қатысқан, сауда үйіне барған науқас әйелдің қанша адаммен байланыс жасағаны әлі де нақтылана түсуі тиіс. Әйт­песе, өңірде бұл індетті өр­шітіп аламыз. Қазір бізге керегі не? Ден­саулық десек, онда үйде отырып, елден оқшауланған дұрыс. Сонда ғана қауіпті індетті ауыздықтай аламыз.  

 

Миуа БАЙНАЗАРОВА, Қызылорда облысы