Қарағанды облысында 5 373 отбасы қайырымдылық көмекпен қамтылды. Мұқтаж жандарға жалпы сомасы 16 млн теңгенің азық-түлік себеттері жеткізілді. Облыс бойынша 48 тоннаға жуық азық-түлік, санитарлық-гигиеналық және тұрмыстық заттар таратылды.
Волонтерлар мен кәсіпорындар 13 539 дана бетперде тігіп, халыққа тегін таратты. Қазіргі уақытта ел игілігі үшін 1 146 волонтер қызмет етуде.
7 сәуірден бастап Қарағанды облысында «Сарыарқа жастары» облыстық волонтерлар штабы құрылды. Штаб ашылғаннан бері 70-тен аса қоңырау түсті. Еріктілер тапсырыс қабылдап, қарт адамдарға дүкеннен азық-түлік, дәріханадан дәрі-дәрмек жеткізуде. Қазіргі кезде волонтер болуға ниетті адамдар «Белсенді Азамат» https://ba09.kz платформасы арқылы қосылуда.
Волонтерлар вирустан қорғануға қажетті құралдармен қамтамасыз етілген. Арнайы бетперде, резеңке қолғап, антисептикалық заттар тұрақты түрде беріліп тұрады. Көмек көрсету кезінде қауіпсіздік шаралары міндетті түрде сақталады. Олар көмек алушылармен тікелей жанаспай жұмыс атқаруда. Яғни, қажетті заттарды үйдің табалдырығын аттамай табыстап кетеді.
Қарағанды облысында коронавирус індетімен күресуге арналған «Көмек - 2020» қорына 270 млн теңге түсті. Жарналарды YDD Corporation, QazCarbon, «Қазақмыс» корпорациясы, «Қарағанды Энергоцентр» ЖШС, Құрылыс және жол компаниялары және басқа да кәсіпорындардың еңбек ұжымдары жасады. Біркүндік жалақыны облыстың мемлекеттік қызметшілері де аударды.
Қорға түскен қаражаттың басым бөлігі Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті мен Денсаулық сақтау басқармасына берілді. Олар 104 млн теңгеге дезинфекция үшін жабдық, дәрі-дәрмек, сондай-ақ дәрігерлер үшін жеке қорғану құралдарын сатып алды. СЭҚ үшін 254 аспалы бүріккіш алынды. Оның 56 данасы Қарағандыда пайдаланылуда. Қалғандары аймақтар бойынша бөлінеді.
Қарағанды облысында 9 сәуірде тағы екі адамда COVID-19 анықталды. Олардың барлығы бұрын коронавирус дертін жұқтырғандармен байланыста болғандықтан карантиндік стационарда жатыр. Науқастардың жағдайы қанағаттанарлық.
Қазіргі таңда облыста 61 адамда вирус расталды. Үй карантинінде 1 594 адам, тәулік бойы 818 науқас бақылауда. Жұмысқа барлығы 690 медицина қызметкері тартылды. Жағдай күрделенсе, қосымша тағы 1 125 маман, сондай-ақ әскери лазареттерден 6 дәрігер мен 12 бірлік орта медициналық қызметкер, балалар санаторийлерінің жұмысын уақытша тоқтату есебінен 40 маман жұмылдырылатын болады. Пневмония мен ЖРВИ күдігі бар науқастарды емдеу үшін пульмонологиялық госпитальдар ашылды.