Сын сәттердің сақшылары
Сын сәттердің сақшылары
2,220
оқылды
Елімізде 16 наурыздан бері төтен­ше жағдай жа­рия­ланды. Ко­ронавирус та­ра­мау үшін тұрғындарды оқ­шаулау аса маңызды та­лапқа айналды. Алайда күн сайын карантин ережелерін бұзғандар табы­лып жатыр, 15 тәулікке қама­лып, жаза­­сын да алуда. Осын­дай қы­сылтаяң кезеңде қоғамдық ережені бақылауға әдет­тегідей қала көше­леріне Ұлттық ұланның жігіт­тері мен полиция қызмет­кер­лері шығады. Карантин жарияланғалы тәртіп сақшылары қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тәулік бойы қызмет атқарып жатыр. Ұландықтар республика бойынша мемлекеттік маңызды мекемелер мен стратегиялық нысандарды ерекше бақылауға алды. Бүгінгі таңда құқықтық тәртіп әскерінің жеке құрамы төтенше жағдай мен карантинге байланысты барлық шараға жұмылдырылды. Елордада күнделікті тәртіпті күзетуге 1 200 әскери қызметші бөлінеді. Олар полиция қызметкерлерімен бірге 600 бағытта жаяу патрульдеу ұйымдастырады. Сонымен қатар түнгі қызметке 7 автопатруль Ұлт­тық ұланнан бөлінген. Біз солар­дың қызметін бақылап көрдік. Жағалаудың жағасында жүрген жаяу патрульге кездестік. Полиция қызметкері қатардағы Арнат Аманов пен ұландық жауынгерлер қатардағы Өмірзақ Сәрсен мен Марат Айткен қызметте жүр екен. Жа­қынырақ қызметтерімен таныстық. – Біздің міндетіміз – елорда­­да­ғы төтенше жағдайға байланыс­ты карантин кезінде көшеде кез­дес­­кен адамдардың құжаттарын тек­сере отырып, олардың үйден шығу себебін анықтау. Олар­дың қауіп­сіздік шараларын орын­дамауы, бетпердесіз көшеде жүруі бо­йынша бірінші түсіндіру ере­желері жүр­гізіледі. Егер жұмыс бабымен болса, қызмет орнынан арнайы таңба басылған құжат болуы керек. Барлығы ережеге сай болса, жібереміз. Соны­мен қатар көліктерді де тоқтатып, түсіндіру жұмысын жүргіземіз. Елордамызда көп­шілік жиналатын орындар, саябақтарда қыдыруға тыйым салынғандықтан, бос жүр­гендерге тиісті шаралар қол­данамыз. Ережені екінші мәр­те бұзушыларға белгіленген мөл­шерде айыппұл салынады, – дейді Арнат Жалғасбекұлы. Сондай-ақ өздерінің біркүндік кезекшілік қызметтерімен толығырақ таныс­тырып өтті. – Біздің кезекшілігімізде кез­дескен адамдар түсіністік танытып, вирустың таралып кет­пеуіне қарсы арнайы қолғап пен бетпер­делерін киюде. 24 сағат бойы үйде отыру қиын екенін біле­міз. Олар да зерігеді, сыртқа серуен­дегісі келеді. Сондай қала тұрғындарымен де кездесеміз. Біздің тарапымыздан ешқандайда күш қолдану әдісі жасалмайды. Ал көшеде ішімдік ішкен немесе тәртіп бұзғандарды кездестірсек, сол ауданға қарасты полиция бөлімшесіне апарамыз, – дейді қатардағы полиция қызметкері Арнат Аманов.    width= Ұлттық ұланның жауын­герлерімен де сұхбат жүргізіп көр­дік. Ефрейтор Ұлан Бөрібае­в­тың қызмет барысында өрескел тәртіп бұзу оқиғалары болмаған екен. Күн сайын 600 бағыт бойынша 1 200 ұландық әскери қызметкерлер жұмылдырылды десек, олар екі ауысым бойынша ел тыныштығы мен қауіпсіздігін күзетеді. – Таңғы 09.00-ден кешкі 16.00-ге дейін бірінші ауысым болса, кешкі 16.00-ден түнгі 23.00-ге дейін екінші ауысым жұмыс істейді. Одан кейін түнгі уақытта 7 автопатруль қала көшелерін ба­қылайды. Біздің міндетіміз – қала тұр­ғындарына түсіндіру жұмыс­тарын жүргізу. Рұқсаттама құжат­тарын тексеру, тыныштықты күзету. Кей­бір адамдар карантинге байла­нысты қауіпсіздік шараларын орындамайды. Беймезгіл уақытта көшеде жүреді. Бетпердесіз де адам­дарды жиі кездестіреміз. Олар­ға ескерту жұмыстарын жүр­гізіп, арнайы базаға тіркеп қоямыз. Сол тәртіп бұзушы тағы бір мәрте кез­дессе, айыппұл салынады. Бір кі­сілер болады «бізде бет­перде жоқ, барлық дәріхана­лар­ға бар­дық, ол жерлерде де саты­лымда табылмады», – дейді. «Тір­келу орындарына байланысты әкімшілік орындарына барсаңыз­дар, белгілі бір құжат толтыру ар­қылы вирусқа қарсы жабдықтар беріледі деп түсіндіреміз, – дейді ефрейтор Ұлан Бөрібаев. Елімізде төтенше жағдай енгізілгенге дейін де қала күзетінде адал қызмет атқарып жүрген қа­тардағы Мейрамбек Жексенбай мен Қанапия Сейітұлы да біздің бір-екі сұрағымызға жауап берді. – Біз Отан алдындағы аза­маттық борышымызды адал ат­қаруға ант бергенбіз. Сондықтан біз үшін күнделікті жауынгерлік қызмет пен карантин кезіндегі қызметтің аса айырмашылығы жоқ. Тек қызметке түсу уақыты өзгерді демесеңіз. Бастысы, ха­лыққа адал қызмет ету. Елімізге әлемге таралған індет келгелі шамалы үрей пайда болғандай. Десе де, қала тұрғындарынан ка­рантин уақытында үйде болуын сұраймыз. Мамандардың айтқа­н­ына құлақ асып, сабыр сақтаса еліміз бұл күндерді де артта қал­дырады деп сенеміз, – дейді ұлан­дық сарбаздар. Қала көшелерін аралау ба­ры­сында қозғалыс барынша сая­бырсығанын байқадық. Кешкі уақытта қалада қыбыр еткен жан жоқ деуге де болады. Ол да дұрыс шығар. Кезінде қан майданды бастан кешкен батыр Бауыржан Момышұлы «тәртіпке бағынған құл болмайды» деп бекер айтпаған болар.  

Әлихан ИСМАН