Елімізде 16 наурыздан бері төтенше жағдай жарияланды. Коронавирус тарамау үшін тұрғындарды оқшаулау аса маңызды талапқа айналды. Алайда күн сайын карантин ережелерін бұзғандар табылып жатыр, 15 тәулікке қамалып, жазасын да алуда. Осындай қысылтаяң кезеңде қоғамдық ережені бақылауға әдеттегідей қала көшелеріне Ұлттық ұланның жігіттері мен полиция қызметкерлері шығады.
Карантин жарияланғалы тәртіп сақшылары қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тәулік бойы қызмет атқарып жатыр. Ұландықтар республика бойынша мемлекеттік маңызды мекемелер мен стратегиялық нысандарды ерекше бақылауға алды. Бүгінгі таңда құқықтық тәртіп әскерінің жеке құрамы төтенше жағдай мен карантинге байланысты барлық шараға жұмылдырылды. Елордада күнделікті тәртіпті күзетуге 1 200 әскери қызметші бөлінеді. Олар полиция қызметкерлерімен бірге 600 бағытта жаяу патрульдеу ұйымдастырады. Сонымен қатар түнгі қызметке 7 автопатруль Ұлттық ұланнан бөлінген. Біз солардың қызметін бақылап көрдік.
Жағалаудың жағасында жүрген жаяу патрульге кездестік. Полиция қызметкері қатардағы Арнат Аманов пен ұландық жауынгерлер қатардағы Өмірзақ Сәрсен мен Марат Айткен қызметте жүр екен. Жақынырақ қызметтерімен таныстық.
– Біздің міндетіміз – елордадағы төтенше жағдайға байланысты карантин кезінде көшеде кездескен адамдардың құжаттарын тексере отырып, олардың үйден шығу себебін анықтау. Олардың қауіпсіздік шараларын орындамауы, бетпердесіз көшеде жүруі бойынша бірінші түсіндіру ережелері жүргізіледі. Егер жұмыс бабымен болса, қызмет орнынан арнайы таңба басылған құжат болуы керек. Барлығы ережеге сай болса, жібереміз. Сонымен қатар көліктерді де тоқтатып, түсіндіру жұмысын жүргіземіз. Елордамызда көпшілік жиналатын орындар, саябақтарда қыдыруға тыйым салынғандықтан, бос жүргендерге тиісті шаралар қолданамыз. Ережені екінші мәрте бұзушыларға белгіленген мөлшерде айыппұл салынады, – дейді Арнат Жалғасбекұлы. Сондай-ақ өздерінің біркүндік кезекшілік қызметтерімен толығырақ таныстырып өтті.
– Біздің кезекшілігімізде кездескен адамдар түсіністік танытып, вирустың таралып кетпеуіне қарсы арнайы қолғап пен бетперделерін киюде. 24 сағат бойы үйде отыру қиын екенін білеміз. Олар да зерігеді, сыртқа серуендегісі келеді. Сондай қала тұрғындарымен де кездесеміз. Біздің тарапымыздан ешқандайда күш қолдану әдісі жасалмайды. Ал көшеде ішімдік ішкен немесе тәртіп бұзғандарды кездестірсек, сол ауданға қарасты полиция бөлімшесіне апарамыз, – дейді қатардағы полиция қызметкері Арнат Аманов.
Әлихан ИСМАН