Жамбыл облысында шу шыққан аурухананың басшысы да, қосшысы да қызметтен кетті
Жамбыл облысында шу шыққан аурухананың басшысы да, қосшысы да қызметтен кетті
189
оқылды
Жамбыл облысы Меркі ауданының ақ халатты абзал жандарына қатысты істің нүктесі қойылғандай. Апта басында әлеуметтік желіні  шулатқан дәрігерлердің шағымын Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаев жеке бақылауына алып, толыққанды тексеріс жүргізген болатын. Нәтижесінде аудандық ауруханада білгенін істеген басшы мен оның қосшылары қызметімен қош айтысты.   – Комиссия аудандық аурухана жұмысының, оның ішінде дәрігерлер Т.Ордабаева мен Қ.Төреқұлдың өтініштерінде көрсетілген фактілер бойынша тексеру шараларын жүргізді. Көптеген мәліметтер расталды. Ұжымда жағымсыз моральдық-психологиялық жағдай қалыптасқан десек, оған бірінші кезекте емдеу мекемесі басшылығының өз кәсіби міндеттеріне жауапсыз қарағандығы себеп болған, – деді Е.Жылқыбаев. Жол берілген заң бұзушылықтар үшін аурухананың бас дәрігерінің міндетін атқарушы Д.Нүсіпбаев, бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Ж. Шойбекова және бас есепші З. Мұқаева қызметінен босатылды. Ержан Жылқыбаев тексеру материалдары тиісті шаралар қабылдау және қарау үшін құқық қорғау органдарына тапсырылатынын атап өтті. Сондай-ақ, ол жаңадан тағайындалған аурухананың бас дәрігері Райқұл Нұржановты ұжымға таныстырып, оған орын алған келеңсіздіктерді  жою және ұжымдағы моральдық-психологиялық ахуалды қалпына келтіру бойынша маңызды міндеттер жүктеді. Облыс әкімінің орынбасары өз сөзінде медицина қызметкерлерінің құқықтарын қорғау мәселелері ерекше бақылауда екенін айта келе, алдағы уақытта оларды қажетті қорғаныс құралдарымен қамтамасыз ету, жұмыстағы қауіпсіздік шараларын нығайту және материалдық қолдау үшін барлық мүмкіндіктер жасалатынын жеткізді. Бұдан бөлек, облыс әкімінің орынбасары  шағымданушы дәрігерлер Т.Ордабаева мен Қ.Төреқұлдың  алдағы уақытта ешкімнен қысым көрмейтінін, олар облыс әкімінің  тікелей бақылауында болатындығына  сендірді. Осылайша дүйім жұртты дүр сілкіндіріп, Денсаулық сақтау  министрі Елжан Біртановтың өзінің мазасын қашырған мәселеге қатысты жауаптылар жазасын алды. Енді мұндай жазалау шарасы облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының  басшысы Марат Жұманқұлов пен аудан әкімі Мейірхан Өмірбековке де қаралатындығын облыс әкімінің орынбасары айтып отыр. Ол қандай жаза боларын уақыт көрсете жатар. Әліптің артын бағайық...

Саятхан Сатылғанов, Жамбыл облысы