Көпбалалы, аз қамтылған отбасыларға қамқорлық жасау, соның ішінде қайырымдылықтың ең үлкені – баспана алып беру сынды игілікті іс Жетісуда қарқын алды. Облыс орталығынан бастап, аудандар мен қалалардағы қайырымды азаматтар үйсіз-күйсіз жерлестеріне қуаныш тарту етуде. Әсіресе, алакөлдік жомарт жандар ерлеп тұр. Жақында аудан әкімі Әлібек Жақанбаевтың ұйытқы болып, ортақ іске ел азаматтарын топтастыра білуінің нәтижесінде бірер күн ішінде оншақты көпбалалы аз қамтылған отбасы үйлі болып, жаңа қонысқа қоныстанды. Шекаралы ауданның орталығы – Үшарал қаласының шығыс жағында пайдалануға берілген көпқабатты тұрғын үйден бұған дейін жалдамалы пәтерде жан бағып келген төрт отбасы баспаналы болды. Олардың бірі –көпбалалы болса, енді бірі – сырт көмекке мұқтаж жандар. Сонымен бірге, толық емес отбасылар бар арасында. Аяқ астынан су жаңа пәтерге енгендердің қуанышында шек жоқ. Бірінші кезекте осындай ізгілікті істің басы-қасында жүрген аудан басшысына ризашылықтарын айтып жеткізе алмайды. Екпінді ауылында да елді елең еткізген жақсы жаңалық тіркелді. Осы аумақта орналасқан «Майқынов Е» шаруа қожалығының жетекшісі Ермек Майқынов көпбалалы ана «Күміс алқа» иегері Қарақат Сартбаеваға жеті бөлмелі үйді тарту етті. Осылайша, баспанасы тұрмақ, оны тұрғызатын жері де болмаған ана бір мезетте даңғарадай үйге ие болды. Облыстық мәслихаттың депутаты, «Қабанбай жолаушы» ЖШС директоры Қанат Қожабеков та көпшілік көңіл бөлген қайырымдылық шарасынан тысқары қалмады. Халық қалаулысы Ақжар ауылдық аумағындағы Қоңыр ауылында тұратын аз қамтылған Старченколар отбасына үй алып берді. Ал «Достық тазарту» ЖШС басшысы Ш.Жақсыбаев Қызылащы ауылында тұратын мүгедектер отбасына төрт бөлмелі үй тарту етті. Бұлардан бөлек тағы екі отбасы өздеріне сыйланған баспаналардың кілтін алды. Аудандық мешіттегілер «Ел үлесі пәтерге» қайырымдылық шарасы аясында Қабанбай ауылындағы жалғызбасты ана Светлана Мұхаметқызына үш бөлмелі үй алып берді. Бұған дейін жалдамалы үйде тұрып келген алты баласы бар ананың балдырғандары енді ешкімге жаутаңдамайтын болды. Қайырымды жандар жаңа қонысқа көшкен отбасылардың керек-жарағын да түгендеп берді. Болат АБАҒАН, Алматы облысы