Карантин кезінде ішкі істер органдарының қызмет тәртібі күшейтілді. Бұл мақсатта ел бойынша 25 мыңнан астам полицей мен Ұлттық ұланның 5 мың әскери қызметкері жұмылдырылды. Аса маңызды 729 мемлекеттік және 235 стратегиялық нысан қатаң күзетке алынды. Мемлекеттік комиссия мен әкімдіктердің шешімдеріне сәйкес, аймақтарда 298 блок-бекет қойылды, оларға 7 мыңнан астам полиция және Қорғаныс министрлігінің әскери қызметшілері тартылған. Сонымен қатар қалалар мен қала сыртындағы жолдарда 299 санитарлық бекет қойылды. Онда 2 мың полиция қызметкері дәрігерлермен бірге медициналық-профилактикалық бақылауды жүзеге асырады. Бұл жұмыстарға волонтерлер де тартылып жатыр. Рейдтерге арнайы униформамен жабдықталған және жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілген 1 мыңнан астам ерікті қатысады. – Төтенше жағдайда жеке медициналық қорғаныш заттарын заңсыз сатуға қарсы шаралар қолға алынып жатыр. Қазірге дейін 2 миллион медициналық маска, 12 литр тонна залалсыздандыру өнімі және 4 мың қорғаныш киімін қымбат бағаға сату бойынша 28 дерек тіркелген. Заңды бұзғандар қылмыстық жауапқа тартылып жатыр, - деді ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев.