Ресейде коронавирусты жұқтырғандардың саны 13 жарым мыңға жетті

Ресейде коронавирусты жұқтырғандардың саны 13 жарым мыңға жетті

Ресейде коронавирусты жұқтырғандардың саны 13 жарым мыңға жетті, деп хабарлайды «Хабар 24». Ресей астанасы – Мәскеуде індеттің таралуы енді күш алып жатыр. Мамандар алдағы уақытта жағдай бұдан да әрі қиындай түседі деп отыр. Ресей халқы жұмысты тоқтатып, қанша жерден өз-өзін оқшаулап бақса да, елдегі індетке қатысты жағдай күрделеніп барады. Соңғы бір аптада ауруханаға жеткізілген науқастардың саны 2 есе өсті. Кеше бір күнде вирус 1786 адамнан анықталды. Көбі Мәскеуде тұрады. Мұнда коронавирус 12 адамның өмірін жалмады. Ал жалпы елде бұл індеттен қайтыс болғандардың саны 100-ге жуықтады. Қазір Мәскеуде Склифософский атындағы жедел жәрдем институты мен қалалық ауруханалардың бірі науқастарға қан құю процедурасын қолға ала бастады. Яғни осыған дейін коронавируспен ауырып, індетке төтеп берген донорлардың қаны науқастарға құйылады. Донорлар – тексеруден өткен 11 адам. Жеті науқасқа қан құйылды. Дәрігерлердің айтуынша, бір донордың қаны 3 науқасқа жетеді. Бірақ бұл әдіс әлі зерттеуді талап етеді. Себебі біраз тәуекелге баруға тура келеді дейді мамандар.