Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің цифрландыру кеңсесі 42 500 теңгені алу құқығыңыз бар-жоғын қалай тексеріп беретін қызметті іске қосты. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нариман Мұқышев Telegram парақшасында жазды. «Біз әлеуметтік желілерге әрдайым мониторинг жүргізіп, адамдардың сұрақтарының басым бөлігі былай екенін көріп отырмыз: «Мен бірнеше күн бұрын өтінім беріп қойғанмын. Әйтсе де әлі күнге дейін өтінімім мақұлданды ма, жоқ па білмеймін» дейді көбі. Сол себепті Біржан Нұрымбетовтің тапсырмасымен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің цифрландыру кеңсесі 42 500 теңгені алу құқығыңыз бар-жоғын тексеріп беретін қызметті іске қосты. Сервис бойынша біз Президент Әкімшілігі жанындағы ІТ-штабпен, ІТ мамандарымен, ұжыммен қауырт жұмыс жүргіздік. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиевке де алғысымызды айтамыз», - деді Нариман Мұқышев. Әлеуметтік төлем алу құқығын тексеру үшін: 1. 42500.enbek.kz сілтемесіне өту керек. 2. «Өтінім статусын тексеру» батырмасына басасыз. 3. Онда ЖСН мен жеке куәліктің нөмірін енгізесіз. 4. «Мен робот емеспін» батырмасын басасыз да, «тексеруге» жібересіз. Сіздің 42 500 теңгені алу құқығыңыз бар-жоғы бірден шығып тұрады. Бір ұялы телефон немесе компьютерден бір сағаттың ішінде тексеру бойынша 3 өтінім жіберіп көруге болады.