Рамазан – жақсылыққа жарысатын ай
Рамазан – жақсылыққа жарысатын ай
281
оқылды

Аса қамқор, ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын! Қадірлі бауырлар, отандастар!

Баршаңызды иісі мұсылман қауымы асыға күткен қасиетті рамазан айының келуімен құттықтаймын. Оразаға аман-есен жеткізген Алла Тағалаға сансыз шү­кірлер мен мақтау-мадақтар болсын! Әр отбасына амандық, бақыт пен береке тілеймін! Жаратушы Алла жар болсын!

Халқымыз ауыз бекіткен адамды ай­рықша қадірлеп, оған ауызашар беріп, құрмет көрсеткен.   

Рамазан – жақсылықта жарысатын ай. Оразада әрбір игі амалдың сауабы еселеніп жазылады. Құдси хадисте Алла Тағала: «Ораза – тек Мен үшін. Оның сыйын (сауабын) Өзім ғана беремін...» – деп оразаның қадірі мен қасиетін, мәні мен маңызын баяндаған.

Ал ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің хадис шарифінде: «Адам баласының барлық игі істерінің сауабы артады. Әрбір жақсылыққа он еседен жеті жүз есеге дейін сауап жазылады» деп үмбе­тіне сүйінші хабар жеткізген.

Осы ретте отандастарымды қайырым­дылық іс-шараларға белсенді атсалысуға, кә­сіпкер азаматтарды рамазанның құрметі үшін азық-түлік пен күнделікті тұрмысқа қа­жет­ті заттарға арнайы жеңіл­діктер жасауға ша­қы­рамын. Құдайы астар мен садақалар ауыз­ашар уақытында ұйым­дастырылса деген тілегімді біл­діремін.

Өздеріңізге белгілі, елімізде көпбалалы отбасылар мен жастарға көңіл бөлініп, бірқатар мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асуда. Мемлекеттің игі бастамала­рына үн қосу – барша азаматтың асыл борышы.

Ізгі амалдың сауабы еселеніп жазы­латын айда көпбалалы жанұяларға қолдау көрсетіп, қариялар мен мүгедек жан­дар­дың, жал­ғызбасты аналардың батасын алып, ал­ғысына бөленуге үндеймін. Жетім­дер мен науқас адамдарға қамқорлық жасайық!

Бір адамды қуанышқа бөлеу – садақа. Қазақстан мұсылмандары діни басқар­масының негізгі жұмыс бағыттарының бірі – қайырымдылық шараларға ұйытқы болу. ҚМДБ қызметі аясында «Ислам және отбасы» жылы бастамасы негізінде демеуші азаматтардың қолдауымен бас­панаға аса мұқтаж 15 жанұяға пәтер кілті табысталды. Бұл бағытта ізгі шаралар жүзеге аса береді.

Бірде сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммед­тен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір кісі: «Уа, Алланың Елшісі, ең жақсы адам кім?» – деп сұра­ғанда, ол: «Ең жақсы адам – қоғамға, елге пайдасы тиген пенде», – деп жауап берген екен.

Зекет беру – жағдайы келген (шариғат бойынша нисап мөлшеріне жеткен) мұ­сыл­манға парыз. Ал зекет берекелі рамазан айын­да берілсе, оның да сауабы еселеніп жазылады.

Құрметті жамағат!

Рамазан айы құтты болсын! Қасиетті айда ұстаған оразаларыңыз, жасайтын құлшылық, дұға-тілектеріңіз қабыл бол­сын! Алға қойған арман-мақсаттарыңыз орындалып, оразадан оразаға аман-есен жете беруімізді Алла нәсіп етсін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш, тәуелсіздігіміз баянды болғай! Әумин!

 

Серікбай қажы ОРАЗ,

Қазақстан мұсылмандары діни

басқармасының төрағасы, Бас мүфти