Елордада коронавирустың таралу қаупі әлі жойылған жоқ

Елордада коронавирустың таралу қаупі әлі жойылған жоқ

Нұр-Сұлтан әкімдігі жанындағы төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі қалалық штаб коронавирустың таралу қаупі әлі жойылмағанын мәлімдеді. Президент тапсырмасына сәйкес карантин режимі сәуір айының соңына дейін ұзартылған. Осыған байланысты қоғамдық көліктің жұмысы да тоқтатылған. 12 сәуірде елордада инфекцияны жұқтырған тағы 7 адам тіркелді. Тұрғын үй кешенінің 4 кіреберісі мен жатақхана карантинге жабылды. Осыған дейін коронавирус жеке такси жүргізушісінде және №1 автобус паркінің қызметкерінде анықталды. Олармен байланыста болған барлық тұлғалар анықталды. Байланыста болған тұлғалар қатарында медицина қызметкерлері де бар. «13 сәуір күні Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысы өтеді. Отырыста жұмысын қайта бастай алатын кәсіпорындардың нақты тізімі қаралады. Кәсіпорын қызметі біртіндеп жаңартылады. Алайда жұмысын қайта бастайтын нысандар қатаң санитарлық-эпидемиологиялық режимді қамтамасыз етуге міндетті. Карантин режимінің өзгеруі туралы ақпарат Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің сайтында шығады. Тұрғындар тек ресми ақпарат көздері мен ресми хабарламаларға жүгінуі қажет. Тәртіпбұзушылық фактілері қатаң түрде жазаланады», - деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметінен. Тұрғындарға үйден шығуға қатаң тыйым салынады. Жақын маңдағы азық-түлік дүкеніне, дәріханаға, медициналық қызмет алу үшін және жұмысқа бару үшін үйден шығуға рұқсат. «Қала тұрғындары карантин ережелерін қатаң сақтап, барлық қауіпсіздік шараларын ұстануы тиіс. Қазіргі таңда біз осы жағдайға немқұрайлы қарап жатқан тұрғындардың бар екенін көріп отырмыз. Көшеде жүруге қатаң тыйым салынады. Инфекцияның таралуына және коронавирустың өршуіне жол бермеу қажет. Өз денсаулығыңыз бен жақындарыңыздың денсаулығы туралы ойлаңыз», - деп атап өтті қалалық штабта. Адам көп жиналатын орындар, кинотеатрлар, сауда ойын-сауық орталықтары, клубтар, мейрамханалар жабық қала береді. Қоғамдық көлік жұмысы жаңартылмайды.