Үкімет отырысында Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Асқар Мамин министрліктер мен өңір әкімдерінің баяндамаларын тыңдағаннан кейін, мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті (МЖӘ) одан әрі дамыту жөнінде бірқатар нақты тапсырмалар берді.
– МЖӘ – инвестицияларды тартудың негізгі құралдарының бірі әрі экономиканың қарқынды өсуінің факторы, – деп А. Мамин, аталған тетіктің көптеген дамыған елдерде белсенді қолданылатынын атап өтті.
Үкімет басшысы елімізде жобалардың іске асырылуының оң қарқынын атап өтіп, МЖӘ-нің қолда бар әлеуетін толықтай іске асыруға және экономикаға шетелдік және отандық инвестицияларды тартуға жаңа серпін беріп, оның сапалы өсімін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін бірқатар мәселені шешуге назар аударуды тапсырды.
– МЖӘ дамыту Үкімет жұмысының басым бағыттарының бірі, – деді Асқар Мамин.
Қазақстанда 3 трлн теңгеге 1300-ге жуық келісімшартқа қол қойылды. Ең ауқымды жобалар көлік және инфрақұрылым, энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, білім беру, денсаулық сақтау секторларында іске асырылуда.
Сапаға басымдық берілген. Асқар Маминнің айтуынша, өңір әкімдері бюджеттен аз шығынмен іске асырылатын жобаларға баса назар аударуы керек.
Ірі инфрақұрылымдық жобаларды, оның ішінде көлік және энергетика, тұрғын үй коммуналдық шаруашылық жобаларын іске асыруды жандандыру мақсатында, министрлер кабинетінің басшысы мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің дамуын ынталандыруда халықаралық алдыңғы қатарлы тәжірибені ескере отырып, қосымша тетіктерді пысықтауды тапсырды.
– Денсаулық сақтау саласында МЖӘ жобалары белсенді түрде іске асырылып жатыр. Бұл бағыттың әлеуеті үлкен, – деді А. Мамин. Аталған тетікті қолдану ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің жаңа тәсілдерін ескере отырып жалғасын табады. Олардың қатарында «Аса маңызды» қағидаты бойынша МЖӘ-нің ірі инфрақұрылымдық жобаларын жоспарлау мен іске асыру моделі бар.
Білім беру желісі бойынша МЖӘ құралы балабақшаларды орындармен қамтамасыз ету үшін белсенді түрде қолданылуда. «Балапан» бағдарламасы іске асырылып жатыр. Бүгінгі таңда балабақшалардағы орындардың 40 пайызға жуығын жеке сектор беріп отыр, бұл 307 мыңнан астам бала. Өңір әкімдіктеріне балабақшалар үшін жан басына қарай қаржыландыру нормативін орындауды қамтамасыз ету қажет.
– Мектептерді салу кезінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тәжірибесін кеңінен таратқан жөн, – деді ҚР Премьер-Министрі. – Барлық тетіктер мен құралдар әзірленген.
Қазіргі кезде кәсіптік-техникалық білім беру жүйесінде МЖӘ жобаларын іске асыру пысықталып жатыр. Бірлескен жобаларды дамыту мен басқару бойынша бизнес тарапынан үлкен қызығушылық бар.