Қара майор жайында деректі фильм көрсетілді
Қара майор жайында деректі фильм көрсетілді
318
оқылды

Нұр-Сұлтан қаласында ҚР Қарулы Күштерінің Әскери Тарихи музейінде Ауған соғысының аты аңызға айналған ардагері Керімбаев Борис Төкенұлы туралы түсірілген деректі фильмінің көрсетілімі өтті. Фильм ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша «Қазақфильм» киностудиясы түсірді. Премьераны ҚР Қорғаныс министрлігі мен ҚР Мәдениет және спорт министрлігі бірлесіп ұйымдастырды.

Деректі фильм Ауған соғысының ардагері, арнайы мақсаттағы 177-ші жасақ командирі, отставкадағы полковник Борис Керімбаевтың тағдыры туралы баяндайды.

– Аты аңызға айналған, күллі ТМД елдеріне есімі мәлім Борис Түкенұлы осыдан бірнеше ай бұрын ғана 71 жасында бақилық болды. Ауған соғысы әлі де ақиқаты толық ашылмаған  оқиғалардың   қатарында. Біз «Қара майор» деректі  фильмі арқылы осы кемшіліктің орнын толықтыру мақсатында Ауған соғысының ардагері, арнайы мақсатта құрылған  177 отряд командирі, отставкадағы полковник  Борис Керімбаевтың ерлігі жайлы ақпарат беруді жөн көрдік, – деді ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Фильм көрсетіліміне ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлынан басқа ҚР Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев, Парламент депутаттары, қоғамы қайраткерлері, сондай-ақ «Қазақфильм» киностудиясының түсірілім тобы мен өкілдері қатысты.

– Ауған соғысына 22 мыңнан астам қазақстандық қатысты. Біздің жерлестеріміз батылдық, ерлік және жолдастық өзара көмек көрсете отырып, өздерінің әскери борышын орындады. Бүгін, отыз жыл өткеніне қарамастан, алыс Ауған соғысы туралы естеліктерді және сол қорқынышты соғыс оқиғаларын жылдар да, қашықтықтар да өшіре алмайды. Сондықтан, біз бұл адамдарды білуге, есте сақтауға және құрметтеуге міндеттіміз, – деді картинаның режиссері Ғазиз Насыров.

Фильмнің сценариін режиссермен бірге Әсет Ерназаров жазып шықты.