Түйсік өзгермей, жемқорлық жүгенделмейді
Түйсік өзгермей, жемқорлық жүгенделмейді
325
оқылды

Transparency International ұйымы сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексінің жаңа әлемдік рейтингін түзді. Онда Қазақстан 100 ұпайдың 31-ін иемденіп 124-орыннан көрінді.

Өсу ме, өшу ме?

Әдетте рейтингтің жоғарғы сатысынан көрінуді қалайтын біздің ел қалайша жүздіктің ауы­лынан тысқары қалды. Ананың бестігінде, мынаның ондығында, болмай қалғанның өзінде елу­лікте жүретін елдің бар абыройын жемқорлық рейтингі құртқаны жақсы емес. Жұмыс істеліп жа­тыр. Екі күннің бірінде жем­қорды құрықтаймыз. Пара берген де, алған да ұсталуда. Бірақ рейтинг нәтижесіне үңілсек, бұл салада атқарып жатқан жұмысымыздың нәтижесіз екенін анық байқадық. Ендеше парақорлықтың түп-та­мы­ры бәлкім басқа нәрседе болар?

Рейтингте бізге діні де, тілі де жақын Орталық Азиядағы көрші елдердің ахуалы тіпті мүшкіл. Көтеріліс пен реформаларға жа­ны құштар қырғыз ағайындар 29 ұпаймен 132-орынға жайғасты. Тә­жіктер – 152-орында, өзбектер – 158-де, ал түркімендер 161 са­тыда орналасқан. Түйін: олар бізге емес, біз оларға үлгі болуы­мыз керек. Ал Ресей ше? Біз тұрмақ, бүкіл әлемге үлгі болуды қалай­тын орыс жұрты 28 ұпай көр­сеткішімен 138-орында. Алдыңғы үш жылдағы көрсеткішінен төмен. Етене жақын, ортақ эко­номика құрамыз деп жүрген екі бағытымыз да парақорлықтың алдында пәрменсіз екен.

2017 жылмен салыстырғанда, Қазақстан алдыңғы көрсеткіш­терін сақтап қалды. Біздің қа­тарымызда 31 ұпаймен Габон, Непал, Джибути сынды елдер орналасты. Рейтингтегі көрші­леріміз ренжімесін, біздің орын бұ кісілердің қатарында емес еді. Ең болмағанда 41 сатыдағы Грузия мен 78-дегі Түркияның арасында болу міндетіміз.

Парақорлық қай бабамнан қалған әдет?

Ақша алдында арын жасырып, алтын үшін адамгершілік қасиетін құрбан ететін толқынның пайда болуы Кеңес үкіметінің шек­пе­нінен шыққан елдердің барлы­ғында кездеседі. Тек кейбіреуі бұдан сабақ алып, ерте айықты. Ал басым бөлігі – әлі қалың ұйқы құрсауында. Себебі, ақшаға құныққан бір топ, оңай ақшаға дәмелі екінші топты жасақтай­тыны жасырын емес.

80 мен 90-жылдар арасында біз ғұмыр кешіп, мақтан тұтқан Кеңес үкіметінде тоқырау болып, экономика дефицитке құрылды. Бәрі бар, бірақ ештеңе жетпейді. 1991 мен 2000 жылдар аралығында тәуелсіздік ұғымымен өмір сүру тәтті болғанмен, тұрмыс тұрғы­сынан ауыр тиді. Бәрі бар, бірақ қымбат әрі сапасыз. Міне, осы бақандай 20 жылда елдің пиғы­лы өзгеріп, ашкөздік бойға сің­ді. «Алсам», «жесем» деген ұста­ным моральды принциптерді көлең­кесіне қалдырды. Өнім өндіргеннен гөрі алып-сату тиімді болды. Ел жаппай ауырдың үстімен, жеңілдің асты­мен жүруге икемделді. Жұрт дел­далдық деген заңды «бизнесті» құп көрді. Екі бизнестің ортасын­да отырып-ақ ақша табу пысық­тардың ермегіне айналды. Біреуге бір нәрсе көрсетіп те, бағыттап та ақша табу көздері пайда болды. Саясатта жүрсең, билігің болып, қолыңда бюджет қаржысы болса, айың тіпті оңынан туды. Көмек­тесесің де, қажетті пайызыңды аласың. Айналып келгенде, тер­лемей ақша табу басында сәнге, кейін әдетке айналды. Ауру қалса да, әдет қалмайды. Енді кеп осы дерттің көзін жоюда істемей жатқан шарамыз жоқ. Сіңіп қалғаны соншалық, кейінгі буынның да кеселіне ұласады-ау деген қауіп бар.

Бәсекені түсінбесек…

Елбасы бәсекеге қабілеттілік туралы жиі айтады. Саннан сапаға көшіп, сападан пайданы көздеуге шақырды. Шағын және орта бизнесті қазақтар ұршықша иірсе екен деп тіледі. Ал біздікілер не істеді дейсің?..

…Біздікілер бәсекеге қабі­леттілікті орындауға толық­тай кірісті. Шенеунігі бар, бизнесмені бар, түптеп келгенде қара жаяу бұқараға дейін елдің артында емес, алдында көрінуге тырысты. Зәулім үй соғып, қымбат костюм киіп, бренді бір түйеге жүк бола­тындай аксесуарларға қызығып, көлік мініп, ең соңында той жа­сап жарысуды бастады. Нәти­жесінде, бірінен-бірі асуға ты­рысты. Бәсеке артты. «Ақымақты батыр десең, бөркі қара қазандай болады» дегендей, Елбасы тап­сырмасын орындадық деп мұңсыз жүр. Ұят, иә?! Алайда осы бәсекелестікке түсем деп талай шенеунік манса­бы­на балта шапты. Қайтсін енді, мем­лекеттік қызметкердің айлы­ғы күнделікті ішіп-жемі мен киіміне жеткенімен, той жасап, қымбат көлік мінуге жетпейді. Шетелде демалу тіпті мүмкін емес. Ал бәсекелестік қысып ба­рады. Ақша табу керек. Ақша табатын-ақ миы бар. Бірақ ойға келген оңтайлы іспен емес, бойға сіңген әдет арқылы, оңай жолды таңдап, бюджет қаржысын бөліп беріп-ақ пайызбен күн көруді көздеді.

Адамы да, заманы да өзгеретін бұл фәни мұндай істің алға бас­пайтынын күнде дәлелдеп келеді. Ақпарат көздерінен парамен ұсталып жатқан жанда есеп жоқ екенін оқимыз. Сонда да қой­маймыз, ала бергіміз келеді, қал­таға сала бергіміз келеді. «Бәсе­ке» бойды жығып барады. «Ай, осы мені ұстамайтын шығар» деген есек дәме бәрін темір торға тығып жатыр.

Үміт…

Бұл жас мемлекеттің бойын­дағы өтпелі кезең де шығар. Күн­дердің күнінде Лондонның мэрі секілді Қазақстандағы ірі қала­лардың әкімдері қоғамдық кө­лікпен жұмысқа қатынап, қо­ғамдық орындарда жиі көзге ұшырайтын шығар. Министрлер мен депутаттар отандық өнімді тұтынып, артық ысыраптан бойын аулақ ұстар. Сонда барып халқы сол күйге енер. Сол кез­де ғана бәсеке деген ұғымды адам­дардың тұрмысына емес, эко­номиканың өркендеуіне әкеп тірейтін болармыз. Сол кезде ғана парақорлық жойылмаса да, бүгінгідей қорқынышты күйде болмасы анық.

 

Шолпан Айтенова, Zertteu research institute қоғамдық қорының директоры:

– Жемқорлықты қабылдау индексінің жаңа нұсқасы жарияланды. Қазақстанның «жетістігі» бұрынғыша: 100-ден 31 балл. Мұны әрқалай түсінуге әрі түсіндіруге болады: өткен жылғы позициямызды сақтап қалдық. Мәселен, Венгрия, Түркия мен Әзірбайжанның аталған рейтингтегі көрсеткіші бұл жолы біршама құлдырады. Қазіргі жалпы аласапыран жағдайдағы тұрақтылығымыз оң әсерін қалдырғандай. Орталық Азия елдері арасындағы үздік көрсеткіш бізде. Тіпті Ресейден озық шықтық, бұл да аргумент…

Ал егер әзілді былай қойып, шын­туай­тына келер болсақ, қазақстандағы жемқорлықты қабылдау индексінің дұрыс бағытқа бет бұрып, қарқынын күшейте алмай жатқаны қашан? Policy талдау да, тәжірибе жүзінде жүзеге асырылып жатқан іс-шаралардың ешқайсысы нәтиже беретін емес. Жемқорлыққа батқан шенеуніктерді былай қойып, тұрмыс деңгейінде жасалып жатқан жемқорлықты қабылдау индексінің нәтижесі қаншалықты тиімді? Ең бастысы, салық төлеуші «айран ішкен құтылып, шелек жалаған тұтылатынына» келісер ме еді?..