Қай өңір ардагерге қанша төлейді?
Қай өңір ардагерге қанша төлейді?
213
оқылды

Оққа оқ бейбітшілік үшін атылған. Бұл соғыс жат басқыншылар алдында тізе бүкпеу үшін тұтанған. Батырлық бабалардан мирасқа қалған. Бұл соғыс өзгенің жерінде жүрсе де, қанында бар қасиет болғасын, Ұлы дала ұландары қарсы келген қастан тайсалмай, бұқпантайлап қашпай, қаһармандықтың небір үлгісін көрсетті. Сол батырлардың қатары қатты селдіреп барады.

Еңбек және халықты әлеумет­тік қорғау министрлігінің дере­гінше, 2019 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша Қазақстанда күндей күркіреп өткен сол сұ­рапыл соғыста қан кешкен не­­бәрі 1 425 Ұлы Отан соғысы­ның қатысушысы мен мүгедегі қалыпты.

Өткен 2018 жылы олардың саны 2 067 адам болған екен. Қан­ша батырдың арадан кеткенін осыдан бағамдауға болады.

Министрліктің хабарлауын­ша, бұдан бөлек республикада 87 мыңнан астам «ҰОС ардагер­лері» атағы бар адам тұрып жатыр. Олардың ішінде қоршаудағы Ленинградтың кейін Қазақстанға көшкен тұрғындары, тыл еңбек­керлері, қайтыс болған ҰОС мү­гедектерінің жұбайлары, кон­ц­ла­герлердің бұрынғы кәмелетке толмаған тұтқындары және бас­қалар бар.

Былтырғы жылы ҰОС қаты­су­шыларына теңестірілген тұл­ғалар саны 166 700 болатын.

Жылдан жылға қатары сиреп бара жатқан қарт сарбаздардың қиын-қыстау кезеңдегі жанқияр­лық ерлігі мен өнегелі өрлігі бү­гінгі ұрпаққа үлгі, ұлағат. Соны­мен бірге, мемлекет жылда ар­дагерлерге материалдық, әлеу­меттік-тұрмыстық және басқа да көмек түрлерін көрсету арқылы оларға қуаныш сыйлауға, қоше­мет-құрметтің лебімен жандарын жылытуға, көңілдеріне нұр құюға тырысады.

Жергілікті атқарушы органдар ардагерлерге қолдау көрсету және оларға құрметін паш ету мақса­тында жылдағы дәстүрмен, биыл да арнайы іс-шаралар жоспарын әзірледі.

Бұл ретте әр әкімдік бюдже­тінің мүмкіндігіне қарай арда­гер­лерге төленетін біржолғы ақша­лай төлем көлемін де өзі, дербес бекітеді.

Тек министрлік 2019 жылы Ұлы Отан соғысының әрбір қа­тысушысына және мүгедекке кем дегенде 300 мың теңге төлеуге ке­ңес беріпті. Былтырғы реко­мен­дация 150 мың теңге көле­мін­де болған.

– Ең үлкен ақшалай төлем­ді – 542 мың теңгені Шығыс Қа­зақстан облысында тұратын ар­да­герлер алады. Елордамыз Нұр-Сұлтан қаласында әр ардагерге 519 мың теңгеден, Ақмола және Павлодар облыстарында – ша­мамен 500 мың теңгеден төленеді. Қарағанды, Атырау, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында төлем көлемі – 300 мың теңге. Маң­ғыстау, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарында, сондай-ақ Алматы және Шым­кент қалаларында шамамен әр ардагерге 250 мың теңгеден қа­рас­тырылған. Қызылорда облы­сында 202 мың теңгеден, Қос­та­най және Жамбыл облыстарында 150 мың теңгеден беріледі, – деп мәлім етті Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

Салыстыру үшін айтсақ, 2018 жылы да бір реттік ең ірі сома – Шығыс Қазақстан облы­сына (540 мың) және елордаға – (511 мың) тиесілі болған.

Былтыр Алматы қаласында – 250 мың теңгеден, Ақмола облы­сында – өңір орталығы Көк­шетаудағы ардагерлерге 250 мың теңгеден, өзге елдімекендегілер­ге – 182,7 мың теңгеден, СҚО-да және Маңғыстау облысында – шамамен 240 мың теңгеден, Қос­танай, Қарағанды, Павлодар, Алматы және бірқатар басқа да облыстарда – 150 мың теңгеден, Атырауда – 100 мың теңгеден бө­­лінген еді.

Тұтастай алғанда, өткен жылы «Жеңіс күніне» орай Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен мүге­дек­теріне және соларға теңестіріл­гендерге жалпы сомасы 2,7 мил­лиард теңге төлеу қарастырылды.

2019 жылы «Ұлы Жеңіс күні» мерекесіне орай ардагерлер сыр­тында блокадалық Ленин­градтың бұрынғы тұрғындары саналатын, қазір Қазақстанда тұрып жатқан 69 адамға жалпы сомасы 3,4 мил­лион теңге (әр­қай­сысына шама­мен 49 мың тең­геден) бір реттік төлем төленбек.

Концлагерлерге кәмелетке жасы толмаған кезде қамалған 283 адамға 14,5 миллион теңге (әрқайсысына шамамен 51 мың теңгеден), қайтыс болған ҰОС мүгедектерінің жұбайы болған
4 179 адамға – 79,1 миллион теңге (шамамен 19 мың теңгеден), «Ұлы Отан соғысы кезінде қаза болғандардың жесірлері» мәрте­бесі бар 364 адамға 11,5 миллион теңге (31,5 мың теңгеден), ҰОС қатысушылары мен ардагер­леріне теңестірілген басқа да 15 066 азаматқа 676 млн теңге (44,8 мың теңгеден) біржолғы төлемдер көзделуде.

Қомақты қаражат – жалпы сомасы 1,3 миллиард теңге 67 479 тыл еңбеккері үшін бө­лініпті, нақтылай кетсек, олар­дың әрқайсысына шамамен 19 мың теңгеден келеді.

Бұдан басқа, ҰОС мүгедек­терін бірінші кезекте санато­рия­лық-курорттық емдеумен, про­тездік-ортопедиялық бұйым­дар­мен, протездеу бойынша меди­циналық қызметтермен, сурдо­құ­ралдармен және басқа да ком­пенсаторлық қосалқы құралмен, міндетті гигиеналық заттармен, арбалармен және дәрілік зат­тар­мен қамтамасыз ету жоспар­ланған.

Жеңістің 74 жылдығына орай биыл 88 862 ҰОС ардагерлеріне 2,6 миллиард теңгеден астам сомаға біржолғы материалдық көмек төленеді.

   

Елдос СЕНБАЙ