Білім министрлігі бөлім бойынша жиынтық бағалау мен тоқсандық жиынтық бағалау мерзімі туралы да хабарлады. Министрліктің мәліметінше, қазақстандық оқушылар жылдағыдай 25 мамыр күні жазғы демалысқа шығады. Білім және ғылым министрлігі баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, 4-8 мамыр аралығында бөлім бойынша жиынтық бағалау, ал 18-22 мамыр аралығында тоқсандық жиынтық бағалау болады. 25 мамыр күні барлық оқушылар жазғы демалысқа шығады. Қазіргі кезде мектеп оқушылары 4-тоқсанды қашықтан оқып жатыр. Соңғы тоқсанда оқушылар бөлім бойынша жиынтық бағалау мен тоқсандық жиынтық бағалауды бір реттен ғана тапсырады. Қорытынды аттестациялық емтихан өткізілмейді. Аттестатқа жылдың қорытынды бағалары қойылады. Ескерер жайт, Ұлттық бірыңғай тестілеу мерзімі өзгерген жоқ.