Көкөніс көп, бағасына бақылау жоқ
Көкөніс көп, бағасына бақылау жоқ
312
оқылды
– Қайдан келесің, қайда барасың? – Германиядан Семейге. – Не апара жатырсың? – Картоп тұқымын. – Өзің қай жақтан боласың? – Беларусь елінен. – Ал бірдеңе тастап кетесің бе? – Не тастау керек? – Темекі алғанға дегендей… – Міндетті түрде тастау керек пе? – Жай ғана шын ниетіңмен таста, бірақ шын ниетіңмен бол­­сын... 12 сәуір күні Telegram желісі арқылы осындай бір қы­зық диа­лог тарап, басқа да әлеуметтік желілер ар­қылы жалпақ жұртқа жайылды. Құдды бір Бейімбет Май­линнің «Уа, кімсің, қайдан келесің?» деп басталатын әй­гілі өлеңі секілді. Кейін анықталғандай, Павлодар об­лысы бойынша шұғыл әрекет ету жасағының (ШӘЕЖ) қыз­меткері Шідертідегі блок-бекетте  жүк көлігін тоқ­татып, жүргізушіден «бірдеңе» алып қалуға тырысқан. Бұл әрекетті жүргізуші көліктегі видеокамераға жазып алып,  таратып жібереді.  Әрине, бізді қызықтырған жол торыған жемқорлық әрекеті емес, бұл тауар таситын жүргізушілерден талай естіген әңгіме. Оның үстіне, 13 сәуір күні карантин блок-бекетінен ақша жа­самақ болған ШӘЕЖ қызметкерінің жұмыстан босатылып, үсті­нен қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болды. Бізге қызық кө­рінгені – сонау Германиядан Семейге жол тартқан картоп тұ­қымы. Осы оқиғаны көрген соң ұзақ жыл Қазақ картоп және кө­көніс шаруашылығы институтын басқарған ғалым, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Теміржан Айтбаевқа қоңырау шалдық. «Картоп тұқымы бойынша Қазақстанда проб­лема жоқ. Қазір 205 мың гектар жерге картоп егіледі. Ол алқапқа тұқымдыққа 700 мың тонна картоп тұқымы керек. Елімізде картоп бойынша 40-тан аса тұқым шаруашылығы жұмыс істейді» деп жауап берді ғалым. Теміржан Ерқасұлының ай­туынша, еліміздегі картоп алқа­бына жыл сайын 12 мың тоннадай элиталы тұқым қажет. Өзімізде өндірілген элиталы тұқымның бағасы келісі 120-150 теңгенің аралығында десек, оның 70%-ын мемлекет субсидиялайды. Мәсе­лен, шаруашылық иесі 150 теңгеге тұқым алса, 105 теңгесін Үкімет төлейді де, тек 45 теңгесі қалта­сынан шығады деген сөз. «Ал шетелден келетін тұқымның құны біздегіден үш есе қымбатқа түседі. Екіншіден, шетелдік тұқым біздің климаттық жағдайға бейімдел­мегендіктен күйзеліске ұшырайды да, екі-үш жылда өнімділігін жо­ғалтады. Сондықтан картоп бол­са, басқа да көкөніс түрлері бол­сын тұқымдық шаруашылықтарды дамытуымыз керек. Себебі кар­топтан басқа көкөніс дақылдары тұқымдарының 70%-ын шетелден сатып алып отырмыз. Көкөніс бойынша елімізде бірде-бір тұ­қым шаруашылығы жоқ», – деді Теміржан Айтбаев. Ғалымдардың айтуынша, Кеңес Одағы кезінде Қазақстан тұқым шаруашылығы көлемі жөнінен Украина мен Молдовадан кейін үшінші орын алған. Яғни республикада өсірілген тұқым тұтас одаққа тарап тұрған. Алайда қазір өндіріс құрыған. Айтқандай, әңгіме жоға­ры­дағы блок-бекеттен шығып еді ғой. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев 31 наурыз күні халыққа үндеуінде көктемгі дала жұмыстарына ди­зель отынын арзан бағамен жет­кізуді тапсырып, бағадан бөлек, оның сапасын да қатаң қадағалау керегін ескерткен. Өйткені дизель отыны сапасы нашар болса, шаруаның қолындағы несиеге алған техникаға нұқсан келеді. Фермер үшін ондай арзан өнімнің пайдасынан зияны артық. Сон­дай-ақ Президент егістікке қажет тыңайтқыш пен тұқымның блок-бекеттерде тұрып қалмауын, дер кезінде жетуін Үкімет пен Бас прокуратураға жүктеді. Төтенше жағдайды реттеу үшін құрылған Мемлекеттік комиссия да өңір­ара­лық үйлестіру жұмысын қада­ғалауы тиіс болды. Дәл қазір тап­сырылған міндеттемелердің орындалуы жоғарыдағы «темекіге ақша сұрау» оқиғасымен шек­телмеген шығар деп ойлаймыз. Десе де, таяу күндері Түркістан облысының диқандары ерте піс­кен қияр мен қырыққабат өнімін өткізе алмай, еңбектері зая кет­кенін айтып дабыл қақты. Жыл сайын өнімін Ресейге өткізіп кел­ген шаруалар коронавирус кесірінен тауарын қажетті жеріне жеткізе алмаған. Ал өзіміздің өңір­лерге апарып саудалайын десе, жеткізу қызметі, логистика тиімсіз. «Бізде әкімдердің өзара байланысы жоқ. Әрқайсысы жеке мемлекет сияқты. Дәл қазір сол­түстік, батыс, және орталық өңір­лерде қырыққабат пен қияр ба­ғасы ұшып тұр. Ресейге сатқанша неге сол жаққа апармасқа? Өйт­кені бізде күзгі өнім болмаса, ерте пісетін көкөніс өндірісінің есебін ешкім білмейді. Ол тек фермердің ғана проблемасы сияқты», – дейді ауылшаруашылығы ғылым­дары­ның докторы Теміржан Айтбаев.    width=

ІШКІ НАРЫҚ ҚАНШАЛЫҚТЫ ҚАМТЫЛҒАН?

Сонымен, Қазақстан көкө­ніс­пен өзін-өзі қаншалықты қамти алады? Қазақ тағамтану акаде­миясының дерегіне сүйенсек, норма бойынша бір адам жылына 120 келі көкөніс жеу керек. Бұл біз секілді дамушы елдерге арнап жасалынған төмендетілген нор­ма, дамыған елдерде оның көлемі де, көкөніс түрлері де айтарлық­тай жоғары. Дегенмен 120 келі өл­ше­мімен алсақ, елімізге жы­лына 2,16 млн тонна көкөніс ке­рек екен. Ресми статистикаға сү­йенсек, жыл сайын көкөніс өн­дірісі артып келе жатыр. Биыл­ғы егіс алқабы 22,5 млн гектарды құрап отыр. Оның ішінде рента­бельді майлы да­қылдар алқабы 3 млн гектарға жетпек. Ал көкө­ніс-бақша дақыл­дары 19 мың гек­тар­ға, мал азығы дақылдары 300 мың гектарға ұлғайтылған. «Жоғарыда картопты 205 мың гектар жерге егеміз дедім. Ол жерден 3 млн тоннаның үстінде картоп аламыз, ішкі қажеттілік 2,5 млн тонна көлемінде, яғни 1 млн тонна ар­тық өндіреміз. Кө­көніс дақыл­дары егістігі 150 мың гектардан асып кетті. Ол ал­қаптан 3 млн 700 мың тонна өнім аламыз. Көкө­ніс­ке ішкі сұраныс та 2 млн тоннаның маңайында, мұнда да артығымен көрсеткіш бар. Бізде өнімді сақ­тау жағы шешілмеген дейді», – Т.Айтбаев. Расында да, Қазақстан бойын­ша қоймалардың жалпы сыйым­дылығы 800 мың тоннадай ғана. Демек, ұзақ мерзімге сақтайтын қырыққабат, сәбіз, пияз, қызыл­ша көкөністеріне орын жоқ деген сөз. Елімізде өнімді сақтау көр­сеткіші 25-30% көлемінде. Екін­шіден, көкөністі қайта өңдеу 10% деңгейінде ғана. Осыдан келіп фермерлер күзде барлық өнімін экспорттап жібереді де, қыстың ортасы өзіміз өнімсіз қаламыз.  

ЭКСПОРТТЫҚ ӘЛЕУЕТ ҚАНДАЙ?

Иә, көкөністі көп өндіргені­мізбен, қысқа, көктемге сақтау жа­ғын жетістірмейміз. Сондық­тан көп өнімнен экспорт тұрмақ, ішкі нарықты қамту көрсеткішін жүйесіз жұмыс «жеп жатыр». Бұл тұрғыда бізден Өзбекстан алға озып кеткен. Біз оңтүстікте өскен өнімді солтүстікке автожол, те­міржолмен жеткізе алмай жүрген­де «өзағамыз» ұшақпен тасымал­дап отыр. Қазір өзбектің шиесі Оңтүстік Кореяға, маш дақылы Үндістанға, қауын-қарбызы Еу­ро­паға барады. Профессор Темір­жан Айтбаев мұның себебін біздегі ішкі нарықтағы өнімнің сапасына бақылау жоғымен түсіндіреді. «Біздің шенеуніктер нарықты базардағы тауардың көлеміне ғана өлшейді. Сапасына ешкім мән беріп жатқан жоқ. Қытайдан келген өнімнің құра­мында ГМО бар ма, жоқ па тек­сермейміз. Қазір Қытайда 450 млн тонна көкөніс өсіріледі. Демек, біздің нарыққа 1 млн тоннасын жіберсе де біздің отандық өнді­рістің жолын кесіп тастай алады. Сондықтан осы жағын ойлаған жөн», – дейді ғалым. Биыл Қазақстан егістік алқа­бын әртараптандырып, рента­бельді дақылдар көлемін көбейт­кенін жаздық. Себебі іргедегі үлкен нарық Қытай бізден өсім­дік майының әр түрінен жылына 2 млн тонна сатып алуға әзір. Ал өзіміздің тұтынуға 1,5 млн тонна май жеткілікті. Сондықтан бұл тараптан да экспорттық мүмкіндік бар. Одан бөлек, ҚХР жылына 40 млн тонна соя, 50 млн тонна жүгері импорттап отырған мем­лекет. Ауылшаруашылығы ғы­лым­дарының докторы Теміржан Айтбаевтың айтуынша, бүгінде 1 тонна картоп 3 тонна астықты, 1 тонна көкөніс 5 тонна астықты алмастыра алатындай мүмкіндік бар. Демек, агроөнеркәсіп өнімі экспортын әртараптандыратын уақыт жетті.  

 width=    Бауыржан БАЗАР