Ана тілімізді ардақ тұтқан
Ана тілімізді ардақ тұтқан

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да ұстаздық етіп келе жатқан тілші ғалым, профессор Берікбай Сағындықұлының есімі қазақ еліне кеңінен танымал. Көненің көзі іспетті түркітанушы ғалымның қазақ тіл біліміне сіңірген еңбегі атап өтуге тұрарлық. Әрине, оны қазақ тіл білімінде еңбек етіп жүрген қалың көпшілік білмесе де, түркология саласында жүрген ғалымдар білері хақ. Бүгінде үстелге тапжылмай отыру деген қасиет жетіспейтіні белгілі, ал бұл кісілер бір шешуі қиын мәселені жазып шыққанша ештеңеге алаңдамай жазу үстелінде ұзақ отыруға үйренген. Ұстазым Берікбай Сағындықұлы – осындай қасиетке ие тұлғалардың бірі.

Сонау 1994 жыл. Орал қала­сын­да педагогикалық институтта жас оқытушы болып қызмет істеймін. Бізге осының алдында ҚазМУ бітіріп, бір топ жас маман ұстаздық қызметке келген бола­тын. Солардың ішінде Мұрат Са­быр ұстаздарының ішінен Берік­бай Сағындықұлының есі­мін жиі айтатын. Шын ғылымға беріл­ген ұстаз деп бағалайтын. Бекең бізге лексикология пәнінен сабақ берді. Түркітанушы, тіл тарихының білгірі, қазіргі қазақ тілі лексико­ло­гия­сының мықты маманы деп айтатын. Лексико­ло­г­ияға қызы­ғып жүрген маған он­дай ғалыммен дидарласу арман болды.

Білікті де өмір мектебінен өт­кен, шәкірттері жоғары баға­лай­тын ұстаз Болат Жексенғалиев 1994 жылдың қысында досы, Алматыда Тіл білімі институтында ғылым жолын қуып жүрген Мұрат Са­быр­ға бармақшы болды. Оған мен де ілестім. Мақсатымыз бір: ғылыммен айналысу, ұстаз іздеу. Ол кезде де жұмыстан сұра­ну оңай емес, дегенмен де сту­дент­тердің қысқы демалысын пай­даланып бармақшы болдық. Пойыз Алматыға екі тәуліктің үстінде жүреді, қайтып келуің бар, сонда төрт тәулік кетеді. Ұшақ аптасына екі рет Алматыға қатынайды, сондықтан уақыт кет­пес үшін соны пайдаланып, Алматыға таңда ұшып келдік. Ару Алматыны бірінші рет көргенім. Тауларды айтсаңшы, олардың сұлулығы мен тәкаппарлығын көріп, таңғалдым. Қыр баласы маған ерекше әсер етті. Тауды көріп, орыстың ұлы ақыны В.Высоц­кийдің «Таудан артық аса­ды тау ғана» деген сөзін енді ғана түсіндім. Сол күні таңертең Мә­кеңе ілесіп, А.Байтұрсынұлы атын­­дағы Тіл білімі институтына барып, қазақ фонетикасының ақсақалы профессор Әлімхан Жүніс­бекке барып, сәлем бердік. Бүгінде сексеннің сеңгіріне шық­қан Әлекеңнің сол кезде ана тілі­міз­дің дыбыс жүйесінің бұ­зыл­­ғаны туралы, оны дұрыстау­ға бай­ланысты қыруар жұмыс атқа­рылу керек екені туралы айт­қандары күні бүгінге дейін жа­дым­да. Одан соң профессор Берік­бай Сағындықұлына барып жолығудың реті түсті. Өз басы­ма Бекеңнің жайдары кейпі қатты ұнады. Мейірбан жүзді, бетінен иманы төгілген, асықпай, ойла­нып сөйлейтін мінезі ерекше әсер етті. Сол кезде менің өз ішімде қа­зақ тілінің жазылмаған бір сұра­ғына жауап іздеу мақсаты тұрды. Ұстаздың маған қойған алғашқы сұрағы «өзің бір тақы­рыпты қаузап жүрсің бе?» деді. Бір мәселені қарастырып жүрге­німді айтып едім. «Иә, ол жақсы екен, босқа жүрмегенің, алайда, сенің қарастырып жүрген мәсе­ленің ауқымы тар, болашағы жоқ. Болашағы жоқ тақырып – тақырып емес. Қазақ тілінің бір мәселесін қопарсаң ар жағында қарастырыл­май жатқан сұрақтар шығып жатса, бір адамның өмірі жетпей­тін тақырып шығады. Міне, нағыз ғылым. Қазақ тілінің семан­ти­касы зерттелмей отыр­ға­нына қанша уақыт өтті. Сон­дық­тан қазақ тілінің сөз мағынасын зерттеу – абыройлы іс. Тілдің жаны болатын сөз мағынасында ұлт­тық мінез, салт-дәстүр, ұлты­мыз­дың барлық қасиеті бар. Міне, осы мәселе – ұшы-қиыры жоқ ірі, ауқымды тақырып бола­ды. Өз басым осы тақырыпқа көп жылдың тәжірибесі арқылы жеттім. Ал өз басым оны қарасты­рып жазатын уақытым жоқ, себебі қазақ тілі тарихының ашыл­­маған беттері әлі де көп. Солар­ды жазудан қолым тимей жүр. Менің кеңесім: қазақ тілінің ма­ғы­­насын зерттеуге тезірек ден қою керек. Осы сала бойынша зерт­­теу жүргізу – қазақ тілі ғылы­мы­ның абыройын көтеретіні анық», – деді. Осы кеңес бойын­ша қазақ тілінің семантикасы деп аталатын өте ауқымды ғылымға аяқ басуға бел байладым. Қошта­сар­да күзде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың күндізгі аспирантура­сына түсуге кеңес берді. Мен де өз тарапымнан емтиханға ба­рым­ды салып, дайындалып, оқуға түсуге тырысатынымды айттым. Сол жылы күзде әл-Фараби атын­да­ғы ҚазҰУ күндізгі аспирантура­сы­на оқуға түстім. Қазақ тілінің қыр-сырын зерттеген қазақ ға­лым­­­дары М.Серғалиев, А.Ай­ғабыл­ұлы, Т.Сайрамбаев, Р.Әмі­ров, Х.Кәрімов т.б. тәлім-тәрбие­сін көрдік. Осы бір еліміз үшін қиын кездерде, стипендиямыз аз болса да, жұмыс істеп, ұстазым­ның қойған тапсырмаларын ба­рын­­ша орындап жүрдім. Осы сала­да еңбектеніп, ана тіліміздің дамуына өзіндік бір үлес қосуды ұстазымнан үйрендім. Қазақ тілінің се­ман­тикасы деген ғылым сала­сы­ның бір парасын қарасты­рып, оқуымды ұстазымның жетекші­лігі­мен абыроймен аяқтадым.

Ол кезде қазақ тілінің семан­ти­касы ғылымынан ұстазымнан басқа есімі елге белгілі ғалымдар академик Рабиға Сыздық апамыз мен профессор Мейірбек Оразов еді. Осындай ғалымдардың шә­кір­ті болғанымды мақтан етемін. Қазақ тілі семантикасы бойынша Берікбай Сағындықұлы көптеген шәкірт дайындады. Қазақ тілі семантикасының тарихы да ға­лым­ның назарынан тыс қалған емес. Бекеңнің кеңесшілігімен ол аумақта да қомақты зерттеулер жүргізілді. Атап айтқанда, меце­нат Б.Шырдабаевтың «Алдоңғар» қоғамдық қорының демеуші­лі­гі­мен «Қазақ тілінің тарихы» деген үлкен жобаны ұйымдастырды. Бұл жобаның теориялық мазмұ­нын бастан-аяқ дайындаған Б. Сағын­дық­ұлы болды. Ол үшін қазақ тілінің тарихын Б. Сағын­дық­ұлы фонетика, семантика, диалекто­логия, морфология, оно­­мастика, антропонимика, т.т. сала­ларға жіктеді. Бүгінде фоне­тика саласы жеке кітап болып жарық көрді, ол теориялық және практикалық жағынан екі кітапқа топтастырыл­ған. Теориялық жа­ғы­­нан нақты тарихи ескерт­кіш­тердің деректері арқылы қазақ фонетикасы тари­хын жазу үшін Б.Сағындық­ұлы өзі басты тарау­ла­ры мен бөлім­дерін жекелей бөліп, көпте­ген тілші-ғалымдар­ды жұмылдыра білді. Осы жұмыс­тар­дың басты мақсаты – сонау көне түркі кезеңінен келе жатқан көне қазақ тілінің тарихын тарихи деректер арқылы дәлелдеу. Ол үшін қазіргі қазақ тілімен толық сай келетін көне түркі тілі­нің сөздерін теріп, тауып, зерттеу керек болды. Осы абырой­лы кеңес­­шілік істе Б. Сағындық­ұлы өз биігінде көріне білді. «Көне қазақ тілі» деген терминді де енгіз­ген профессор Б.Сағын­дық­ұлы болатын. Бұл жұмыстар Б. Сағын­дықұлы жетекшілігімен әлі де жалғасып келеді.    

Бекеңнің тағы бір қыры ислам дінінің қатпар-қатпар тылсымын терең білетіні. Оған басты себеп, ағамыз иманды әулиелер­дің сойынан, яғни текті тұқымнан шыққан. Бабалары Мүсірбай, Алтыбай әулие, әкесі Сағындық әулиелердің есімдері Сырдария өңіріне танымал. Мәселен, Сағын­дық әулиеге дертіне шипа іздеп келген адамдар бір күнде төрт жүз қой құрбандыққа шалған екен дейді. Молдалардың иман туралы әңгімелерін кішкен­тайы­нан құлағына құйып өскендіктен болар Бекең университет қабыр­ға­­сында жүріп, студенттерді теріс діни ағымдардан сақтау үшін, дәс­түрлі ислам ережелері мен қағи­­даларын түсіндіру үшін 1997 жылы «Ғаламның ғажайып сыр­ла­ры» деген еңбегін жарыққа шы­­ғар­ды. Тәрбиелі мамандарды дайындау үшін университет сту­денттеріне тұрақты түрде иман­дылық сағаттарын өткізіп жүрді. Осының негізінде имандылық тәрбие туралы «Отбасы оқулығы» деген еңбегін жарыққа шығарды. Профессор Б. Сағындықұлының отандық қазақ тіл білімі ғылымы­на қосқан үлесі өте қомақты. Ол көптеген жылын сарп етіп, көне жәдігерлер «Ақиқат сыйы» және Рабғузидің «Қиссас-ул-анбий­сын» қазақ тіліне аударып, бастыр­ды. Ал түркологияда аш­қан жаңалықтары өте ауқымды. Ол «Қазақ тілі лексикасы дамуы­ның этимологиялық негіздері» атты монографиясында толықтай сөз болады. Оны түрколог ғалым­дар жоғары баға­ла­ды. Б.Сағын­дықұлы ұстазы Әмір Наджиптен де асып, тіл тарихын­да түбіртек туралы жеке ғылым сала­сын қалыптастырды. Әлем­де­гі барлық тілдер бір тілден шық­қаны ұстаз­дың осы сала­дағы еңбек­терінде дәлелденеді.

– Б.Сағындықұлының өмір­бая­ны­на қысқаша тоқталсақ, ұстаз 1939 жылы Қызылорда облы­сы­ның Қармақшы ауданын­да дүние­ге келген. 1957 жылы С.Ки­ров атын­­дағы Қазақ мемле­кет­­тік уни­вер­ситетіне оқуға түседі. Бітір­ген­нен кейін «Социа­лис­тік Қазақ­стан» газетінде жұмыс іс­тей­­ді. 1972 жылы Тіл білі­мі инс­ти­тутының аспиранту­ра­­сына оқуға түседі. 1977 жылы Мәскеу мем­лекеттік уни­вер­си­тетінің профессоры Э.Над­жип­тің жетек­ші­лігімен «ХІV ғасырдағы түркі жазба ес­керт­кіштерінің салыс­­тыр­малы лек­сикасы» деген тақы­рыпта кан­ди­даттық диссер­та­­ция­­сын қорғай­ды. Ал 1994 жылы «Қазақ тілі лек­­сикасы дамуы­ның фоноло­гия­лық заң­ды­лық­тары» тақыры­бын­да доктор­лық диссер­та­циясын қорғады. Бүгінде Бе­кең­нің қала­мы­­нан көптеген ғы­лы­­ми зерт­теу­лер, оқу құрал­дары және 300-ден ас­там ғылыми ма­қа­ла жарық көрген.

Б.Сағындықұлы – еңбек­сүй­гіш, иманды, қарапайым жан, қам­қор әке. Жұбайы Б.Құлжанова фи­лология ғылымдарының кан­ди­даты, доцент, әл-Фараби атын­дағы ҚазҰУ-да ұстаздық қызмет етеді. Балаларының алды елімізде абыройлы еңбек етіп жатса, соңы шетелде және өз елімізде білім алып жүр. Сексеннің сеңгіріне шық­қалы отырған профессор Б.Са­ғын­дықұлының осындай ана тілі­міздің мерейі үшін төккен тері, абыройлы істері мемлекеттік «Құрмет», «Парасат» сияқты мара­­паттармен еленбеуі көңіл қынжылтады. Көп жыл еңбек етіп келе жатқан өзінің сүйік­ті университеті әл-Фараби атын­дағы ҚазҰУ басшылығы бұл олқылықтың орнын толтырып, қадірлі Бекеңді мемлекеттік мара­патқа ұсынар деп ойлаймыз.

Берікбай Сағындықұлы ана тілі­міздің түп тамыры түбір­тек­тен бастап, күні бүгінге дейін зерттел­мей жатқан өзекті сұрақ­та­рын жалық­пай зерттеуі – нағыз ға­лым-ұстаздың шын ішкі жан дүние­­сін көрсетеді. Ана тіліміздің рухты болуы осындай қарапайым да еңбекқор ғалымдардың жан­кеш­ті еңбектерінің негізінде жа­са­лып жатқанын айта білуіміз керек.


Ғабит ХАСАНОВ,

Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры