Ұлттық кадр ұстаханасы
Ұлттық кадр ұстаханасы
310
оқылды

Талантты жастар, білімді ұрпақ мемлекеттің басты капиталы екенін есте ұстауымыз керек. Халқымыздың сапалық құрамы өзгенің емес, осы елдің мүддесіне қызмет етуі керек емес пе? Бұл орайда, бакалавриат, магистратура мен докторантура бағдар­ламалары бойынша білікті мамандарды Қазақ­станның жоғары оқу орын­дарынан өсіріп шы­ғу­ға талпынуымыз қажет.

Себебі, университет – белгілі бір мамандықты игеріп, білім деңгейін көрсететін, диплом алып шығатын орда ғана емес, ол – жас маманның өмірлік ұстанымын қалыптастыра­тын, оның азаматтық көзқарасына ықпал ететін, дүниетанымын кеңей­те­тін, ой-өрісін дамытып, шабытын еселейтін, өз ісінің шебері мен таза ғылым адамы болуына жол ашатын кеңістік.

Әлемдік озық университеттердің абыройы сол оқу орнында оқып, диплом алып шыққан түлектердің еңбегі мен атақ-дәрежесіне тікелей бай­ланысты. Яғни, шын ғалым, на­ғыз маман, табысты, іскер, та­лант­ты басшыларды өсіріп шығарған университеттердің абыройы арта береді. Швейцарияның Жоғары техникалық Цюрих мектебі осыдан 119 жыл бұрын  физика-математика факультетінде Альберт Эйнштейн атты студенттің оқығанын бүгінде мақтан тұтады. Көп ұзамай, яғни 1906 жылы Эйнштейін Цюрих уни­вер­ситетінде ғылым докторы атағы­на ие болды. Мүгедек арбасына таңыл­ғанына қарамастан физика мен астрономия саласында ғылыми жаңалықтар ашқан Стивен Хокинг Ұлыбританияның екі бірдей мақтау­лы оқу орны – Оксфорд пен Кэм­бридж университеттерінің түлегі. Атақты психоаналитик Зигмунд Фрейдтің өмірбаянымен таныс адам оның Австриядағы Вена универ­си­тетінің медицина факультетінде пси­хологияны зерттей жүріп, анато­мия, химия, физиология, зоология пәндері бойынша қосымша дәріс­терге қатысқанынан хабардар болар. Мұндай мысалдар өте көп. Сондық­тан АҚШ, Канада, Еуропаның маңдайалды университеттері қазақ­стандық өрендерге арнайы хат жазып, оқуға жолдама беріп отыр. Бұл – университеттің келешек абы­рой-беделіне салынған ұзақмер­зім­дік инвестиция іспеттес.

Университет рейтингтерін жа­сау­да оны бітіріп шыққан түлек­тер­дің білім деңгейі мен одан кейінгі жетіс­тіктері ғана емес, ондағы ғылы­ми зерттеулердің сапасы қоса еске­рі­­леді. Оқытушылар құрамының білік­тілігі мен студенттердің білім беру процесіне ризалығы да маңыз­ды. Жыл сайын жаңартылатын рей­тинг­терді  қарап отырғанда аңғар­ғанымыз – неғұрлым көп «жасаған» университеттің рейтингісі соғұрлым жоғары, себебі онда мамандық алып шыққан түлектер саны көп, яғни олардың ішінде өз саласы бойынша табысқа жеткендер қатары жыл сайын арта түседі. Сандық құрамның сапалық құрамға айналатыны бел­гі­лі ғой. Осы орайда, 85 жылдық тари­хы бар Қазақ ұлттық универ­ситеті ел­дегі ең сапалы әрі қарасы қалың «түлектер армиясымен» мақтана алады.

Ұлттық университет 85 жыл ішін­де елдің тұтқасын ұстаған талай айтулы азаматтарды өсіріп шығарды. Олардың ішінде белгілі ғалымдар, білікті министрлер, Парламент депу­таттары, мемлекет және саяси қайраткерлер, Олимпиада чемпион­дары және түрлі сала бойынша табысқа жеткен мамандар жеткілікті.

Жалпы, біз оқып жүргенде Қазақ­станда университет екеу ғана бола­тын. Бірақ Қазақ ұлттық уни­вер­ситетінің жөні бөлек болды. Өйткені қазақ ғылымы мен өнерінің мәдени ордасы еліміздің сол кездегі астанасы Алматы болғандықтан қа­зақ­тың бүкіл қаймағы ұлттық уни­вер­ситет маңында топтасатын. Уни­­­верситет ашылған күннен бас­тап оны  белгілі ғалымдар басқарды. Дегенмен біздің есімізде қалғаны 70-80 жылдары басқарған Өмірбек Жолдасбеков еді. Сол кісінің кезінде ҚазМУ қалашығы салына бастады. Басқа білім ордаларымен салыстыр­ған­да қалашық ертегідей көрінетін. Соңғы жылдары университет одан да түрлене  түсті.

Гәп Алатаудың етегінен ірге тепкен ҚазҰУ қалашығында емес. Бәлкім, әлемдік деңгейдегі универ­ситеттердің кейбірінде мұнан да өткен әдемі қалашық бар шығар. Мәселенің бәрі тек өз саласының білік­ті мамандарын даярлап шы­ғару­да емес, сонымен қатар ұлтжан­ды, қазақы тәрбиені жатсынбайтын, қоғамдық, өмірлік позициясы ай­қын­далған әрі принципшіл, дүние­­танымы кең азаматтарды да тәрбие­леуде. 1934 жылы құрылған ҚазҰУ-дың басты талабы осы бол­ған және болашақта да осылай болып қала бермек. Бұл сөзімізге дәлел осы жылдар ішінде  ҚазҰУ-дан түлеп ұшып, жасампаз қазақ елінің дамуы­на, гүлденуіне өзіндік үлес қосқан, әлі де ерен еңбек сіңі­ріп жүрген түлектер.

Британдық Quacquarelli Symonds (QS) компаниясы жыл сайын әлем­дік озық жоғары оқу орындарының рейтингісін жариялап келеді. 2019 жылға арналған QS World University Rankings жүйесінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті 220-орында тұр. Осыдан 7 жыл ғана бұрын бұл рейтингте 390-орында болған еді. Яғни, 2012 жылдан бері әлем­дік озық 400 университеттің іші­нен тағы алға озып, 170 оқу ор­нын артқа тастады.

Ұлттық университет ректоры Ғалымқайыр Мұтановтың басшы­лы­ғымен осындай биіктерге қол жет­кіздік. Университеттің оқыту­шы­лық құрамында 3 358 қызметкер бар. Университет қабырғасында 16 765 студент білім алуда. Ең басты­сы, Қазақ ұлттық университеті Қазақ­стан ғана емес, Орталық Азия аймағындағы ең тарихы терең оқу ордасы. 

Бұған қоса, QS жүйесінің түрлі саладағы мамандықтар бойынша жасал­ған рейтингісінде Қазақ ұлт­тық университеті әлем бойынша үздік жүздіктің қатарына ілінгені көп жайттан хабар береді. Осыдан төрт жыл бұрын ғана университет бұл категория бойынша озық 200-дің қатарында болатын. Бұл дегені­ңіз – QS бағалауына сай, ҚазҰУ 48 түрлі пән бойынша сапалы білім алуға лайықты әлемнің ең озық 959 университетінің ішінде кей маман­дық­тар бойынша – 51, кейбір ма­ман­­дық бойынша 100 орында тұр де­ген сөз. Бұл рейтинг 48 мамандық бойын­ша жасақталғанымен, бүгінгі таңда Қазақ ұлттық университеті 180 мамандық бойынша жоғары білім береді.

Озық университеттер тізіміндегі көрсеткішті анықтауға шетелдік мамандарды оқытушылық қызметке тарту деңгейі де ықпал етеді.  Бұл ретте ұлы жазушы, кемеңгер Мұхтар Әуезов біздің университетте дәріс оқып, шәкірт тәрбиелегенін айта кеткен жөн. Қазақ ұлттық универ­си­теті ұлттық сапалы кадр дайын­дау­­да өз студенттеріне ерекше жағ­дай жасайды, бұл үшін әлемдік ға­лымдар мен профессорларды дәріс оқуға ұдайы шақырып отыра­ды. Мысалы, Джон Форбс, Финн Кид­лэнд, Роджер Корнберг, Кристофер Писсаридес, Мюррей Гелл-Манн сияқты Нобель лауреаттары Қазақ­станға арнайы келіп, осы универ­ситет студенттеріне дәріс оқыған.

Бұдан бөлек, университет әлем­дік деңгейдегі 300-ден аса жоғары оқу орнымен әріптестік қарым-қаты­нас орнатқан. Халықаралық, Еуро­палық және Еуразиялық уни­верситеттер ассоциациясына және әлемдік университеттер консор­циумына мүше. Жыл сайын 600 оқытушы осы әлемдік универси­тет­терде білімін жаңартып, 2000 сту­дент тіл үйрену курстарына қатысып, шет­елдік ғылыми тағылымдамадан өтеді.

Бүгінде университет пен түлек­тер арасында тығыз байланыс орна­тыл­ған, жыл сайын осы оқу орнын біті­ріп шыққан мамандар қара ша­ңы­рақта бас қосып, кешегі түлек­тер бүгінгі студенттерге өз тәжірибесінен тәлім айтып, кәсіби саладағы табыс­тарымен үлгі болып жүр. Қазақстан тәуелсіздік алған кезде еліміздегі бір­ден-бір университет – осы әл-Фара­би атындағы Қазақ ұлттық университеті. Тәуелсіз­діктің тірі куәсіндей болған өнегелі оқу орны бұл күнде ұлтты майталман маман­дармен қамтамасыз етіп отырған ұстаханаға айналды.

ХХ ғасырдың 70-80 жылдары Қазақ­станда химия саласы, атап айтқанда, химия өнеркәсібі аса жоға­ры қарқынмен дамыған бола­тын. Соған орай республикамызда осы саланың білікті мамандары, ғылы­ми кадрлар көптеп талап етіл­ген. Оның үстіне қазіргі кездегі­дей емес, бір орталықтан басқары­латын әрі қатаң қадағаланатын мемлекетте университет пен академия саусақпен санарлық қана, таңдаулының таң­даулысы.

Біз оқыған жылдары химия факультетінің деканы белгілі ғалым Б.Бірімжанов еді. Ол ғалым ғана емес, үлкен азамат, қайраткер бола­тын. Химия және химиялық техно­ло­гия факультетінде қайтадан құрыл­­ған «Физикалық химия, ката­лиз және мұнай химиясы кафе­дра­сы» қанатын кеңге жайып, шетелдің ондаған жоғары оқу орындары, зерттеу институттары және ғылыми орталықтарымен бұрынғы ғылыми және педаго­гикалық байланысты дамы­туға мүмкіндік алды. Әрі кафе­драның оқытушылары алыс және жақын шет елдерде болатын халықа­ралық конференцияларға қатысып, баяндамалар жасау арқылы өзінің біліктілігін арттырып келеді. Тіпті осы іс-шараның бәрі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ беделінің шетелде танылуына жол ашқанын айта кет­кен жөн. Физикалық химия, катализ және мұнай химиясы кафедра­сы­ның тарихи және ғылыми тамыры өте тереңде жатыр.

Мәселен, Физикалық химия кафедрасында өз қызметін бастағандардың қатарында әлемге әйгілі ғалым, академик М.Усанович, академик Д.Сокольский, академик Қ.Жұбанов, т.б. бар десек, бүгінде бұл саланың тізгінін профессор Ж.Қайырбеков, профессор Е.Ауба­ки­ров, профессор С.Қоныс­паев, химия ғылымдарының докторы Т.Әбілдин және доцент Ж.Ташму­хамбетова т.б. бір топ оқытушы ұжымы жалғап келеді.  Кафедрада халықаралық гранттар мен мемле­кеттік бағдарламалардың қаржылай көмегі аясында жүзеге асатын жаңа ғылыми бағыттағы зерттеулер қалып­тасқан.

Ұлттық университет жанындағы Физико-химиялық зерттеу және талдау орталығында ғалымдар сту­дент­тердің белсенді қатысуымен оттекті ортадағы фосфоры бар бей­ор­ганикалық және органикалық қосындыларды алу мақсатымен мыс-полимерлі кешендердің негі­зін­де сулы және спирттік ерітін­ділерде сары фосфордың қыш­қыл­дануы реакциясын алу үшін нәти­желі каталитикалық жүйені жасап шығарды. Сары фосфордың металл­ке­шенді органикалық реак­циясы бірінші рет В.Сокольский атындағы жанар­май, катализ және электро­хи­мия институтында (ЖКЭИ, Алматы) А.Дорфман мен оның қызметкер­ле­рі­мен гомогендік катализ зертха­на­сында алынды. Қазақстандық ғалымдардың зерттеп келе жатқан жаңа ғылыми бағытына әлемдік ғылы­ми қауымдастық аса үлкен назар аударды. Оның себебі біздің ғалымдардың Ресей, Италия, Франция, Германия ғалымдарымен бірлесіп жасаған және BASF AG (Германия) және Thermphos International (Голландия) сияқты жетекші еуропалық кәсіпорындармен бірлесіп орындаған халықаралық жобалары мысал бола алады.

Әрине, кемелдікке жетуге ұмты­­­лыста шек болмайды. Халықа­­­­ра­лық стандарттарға сәйкес, ғы­лым мен білімді, білім мен инно­­ва­цияны, ғылым мен өндірісті ұш­тас­ты­рудағы жұмыс­тар­ды одан ары дамыта берсе, Қазақ ұлттық уни­верситетін әлем­нің ең озық 200 уни­версите­ті­нің қатары­нан көре­тін күн алыс емес.

 

Зәуреш ЖЕКСЕНБАЕВА