Талантты жастар, білімді ұрпақ мемлекеттің басты капиталы екенін есте ұстауымыз керек. Халқымыздың сапалық құрамы өзгенің емес, осы елдің мүддесіне қызмет етуі керек емес пе? Бұл орайда, бакалавриат, магистратура мен докторантура бағдарламалары бойынша білікті мамандарды Қазақстанның жоғары оқу орындарынан өсіріп шығуға талпынуымыз қажет.
Себебі, университет – белгілі бір мамандықты игеріп, білім деңгейін көрсететін, диплом алып шығатын орда ғана емес, ол – жас маманның өмірлік ұстанымын қалыптастыратын, оның азаматтық көзқарасына ықпал ететін, дүниетанымын кеңейтетін, ой-өрісін дамытып, шабытын еселейтін, өз ісінің шебері мен таза ғылым адамы болуына жол ашатын кеңістік.
Әлемдік озық университеттердің абыройы сол оқу орнында оқып, диплом алып шыққан түлектердің еңбегі мен атақ-дәрежесіне тікелей байланысты. Яғни, шын ғалым, нағыз маман, табысты, іскер, талантты басшыларды өсіріп шығарған университеттердің абыройы арта береді. Швейцарияның Жоғары техникалық Цюрих мектебі осыдан 119 жыл бұрын физика-математика факультетінде Альберт Эйнштейн атты студенттің оқығанын бүгінде мақтан тұтады. Көп ұзамай, яғни 1906 жылы Эйнштейін Цюрих университетінде ғылым докторы атағына ие болды. Мүгедек арбасына таңылғанына қарамастан физика мен астрономия саласында ғылыми жаңалықтар ашқан Стивен Хокинг Ұлыбританияның екі бірдей мақтаулы оқу орны – Оксфорд пен Кэмбридж университеттерінің түлегі. Атақты психоаналитик Зигмунд Фрейдтің өмірбаянымен таныс адам оның Австриядағы Вена университетінің медицина факультетінде психологияны зерттей жүріп, анатомия, химия, физиология, зоология пәндері бойынша қосымша дәрістерге қатысқанынан хабардар болар. Мұндай мысалдар өте көп. Сондықтан АҚШ, Канада, Еуропаның маңдайалды университеттері қазақстандық өрендерге арнайы хат жазып, оқуға жолдама беріп отыр. Бұл – университеттің келешек абырой-беделіне салынған ұзақмерзімдік инвестиция іспеттес.
Университет рейтингтерін жасауда оны бітіріп шыққан түлектердің білім деңгейі мен одан кейінгі жетістіктері ғана емес, ондағы ғылыми зерттеулердің сапасы қоса ескеріледі. Оқытушылар құрамының біліктілігі мен студенттердің білім беру процесіне ризалығы да маңызды. Жыл сайын жаңартылатын рейтингтерді қарап отырғанда аңғарғанымыз – неғұрлым көп «жасаған» университеттің рейтингісі соғұрлым жоғары, себебі онда мамандық алып шыққан түлектер саны көп, яғни олардың ішінде өз саласы бойынша табысқа жеткендер қатары жыл сайын арта түседі. Сандық құрамның сапалық құрамға айналатыны белгілі ғой. Осы орайда, 85 жылдық тарихы бар Қазақ ұлттық университеті елдегі ең сапалы әрі қарасы қалың «түлектер армиясымен» мақтана алады.
Ұлттық университет 85 жыл ішінде елдің тұтқасын ұстаған талай айтулы азаматтарды өсіріп шығарды. Олардың ішінде белгілі ғалымдар, білікті министрлер, Парламент депутаттары, мемлекет және саяси қайраткерлер, Олимпиада чемпиондары және түрлі сала бойынша табысқа жеткен мамандар жеткілікті.
Жалпы, біз оқып жүргенде Қазақстанда университет екеу ғана болатын. Бірақ Қазақ ұлттық университетінің жөні бөлек болды. Өйткені қазақ ғылымы мен өнерінің мәдени ордасы еліміздің сол кездегі астанасы Алматы болғандықтан қазақтың бүкіл қаймағы ұлттық университет маңында топтасатын. Университет ашылған күннен бастап оны белгілі ғалымдар басқарды. Дегенмен біздің есімізде қалғаны 70-80 жылдары басқарған Өмірбек Жолдасбеков еді. Сол кісінің кезінде ҚазМУ қалашығы салына бастады. Басқа білім ордаларымен салыстырғанда қалашық ертегідей көрінетін. Соңғы жылдары университет одан да түрлене түсті.
Гәп Алатаудың етегінен ірге тепкен ҚазҰУ қалашығында емес. Бәлкім, әлемдік деңгейдегі университеттердің кейбірінде мұнан да өткен әдемі қалашық бар шығар. Мәселенің бәрі тек өз саласының білікті мамандарын даярлап шығаруда емес, сонымен қатар ұлтжанды, қазақы тәрбиені жатсынбайтын, қоғамдық, өмірлік позициясы айқындалған әрі принципшіл, дүниетанымы кең азаматтарды да тәрбиелеуде. 1934 жылы құрылған ҚазҰУ-дың басты талабы осы болған және болашақта да осылай болып қала бермек. Бұл сөзімізге дәлел осы жылдар ішінде ҚазҰУ-дан түлеп ұшып, жасампаз қазақ елінің дамуына, гүлденуіне өзіндік үлес қосқан, әлі де ерен еңбек сіңіріп жүрген түлектер.
Британдық Quacquarelli Symonds (QS) компаниясы жыл сайын әлемдік озық жоғары оқу орындарының рейтингісін жариялап келеді. 2019 жылға арналған QS World University Rankings жүйесінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті 220-орында тұр. Осыдан 7 жыл ғана бұрын бұл рейтингте 390-орында болған еді. Яғни, 2012 жылдан бері әлемдік озық 400 университеттің ішінен тағы алға озып, 170 оқу орнын артқа тастады.
Ұлттық университет ректоры Ғалымқайыр Мұтановтың басшылығымен осындай биіктерге қол жеткіздік. Университеттің оқытушылық құрамында 3 358 қызметкер бар. Университет қабырғасында 16 765 студент білім алуда. Ең бастысы, Қазақ ұлттық университеті Қазақстан ғана емес, Орталық Азия аймағындағы ең тарихы терең оқу ордасы.
Бұған қоса, QS жүйесінің түрлі саладағы мамандықтар бойынша жасалған рейтингісінде Қазақ ұлттық университеті әлем бойынша үздік жүздіктің қатарына ілінгені көп жайттан хабар береді. Осыдан төрт жыл бұрын ғана университет бұл категория бойынша озық 200-дің қатарында болатын. Бұл дегеніңіз – QS бағалауына сай, ҚазҰУ 48 түрлі пән бойынша сапалы білім алуға лайықты әлемнің ең озық 959 университетінің ішінде кей мамандықтар бойынша – 51, кейбір мамандық бойынша 100 орында тұр деген сөз. Бұл рейтинг 48 мамандық бойынша жасақталғанымен, бүгінгі таңда Қазақ ұлттық университеті 180 мамандық бойынша жоғары білім береді.
Озық университеттер тізіміндегі көрсеткішті анықтауға шетелдік мамандарды оқытушылық қызметке тарту деңгейі де ықпал етеді. Бұл ретте ұлы жазушы, кемеңгер Мұхтар Әуезов біздің университетте дәріс оқып, шәкірт тәрбиелегенін айта кеткен жөн. Қазақ ұлттық университеті ұлттық сапалы кадр дайындауда өз студенттеріне ерекше жағдай жасайды, бұл үшін әлемдік ғалымдар мен профессорларды дәріс оқуға ұдайы шақырып отырады. Мысалы, Джон Форбс, Финн Кидлэнд, Роджер Корнберг, Кристофер Писсаридес, Мюррей Гелл-Манн сияқты Нобель лауреаттары Қазақстанға арнайы келіп, осы университет студенттеріне дәріс оқыған.
Бұдан бөлек, университет әлемдік деңгейдегі 300-ден аса жоғары оқу орнымен әріптестік қарым-қатынас орнатқан. Халықаралық, Еуропалық және Еуразиялық университеттер ассоциациясына және әлемдік университеттер консорциумына мүше. Жыл сайын 600 оқытушы осы әлемдік университеттерде білімін жаңартып, 2000 студент тіл үйрену курстарына қатысып, шетелдік ғылыми тағылымдамадан өтеді.
Бүгінде университет пен түлектер арасында тығыз байланыс орнатылған, жыл сайын осы оқу орнын бітіріп шыққан мамандар қара шаңырақта бас қосып, кешегі түлектер бүгінгі студенттерге өз тәжірибесінен тәлім айтып, кәсіби саладағы табыстарымен үлгі болып жүр. Қазақстан тәуелсіздік алған кезде еліміздегі бірден-бір университет – осы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті. Тәуелсіздіктің тірі куәсіндей болған өнегелі оқу орны бұл күнде ұлтты майталман мамандармен қамтамасыз етіп отырған ұстаханаға айналды.
ХХ ғасырдың 70-80 жылдары Қазақстанда химия саласы, атап айтқанда, химия өнеркәсібі аса жоғары қарқынмен дамыған болатын. Соған орай республикамызда осы саланың білікті мамандары, ғылыми кадрлар көптеп талап етілген. Оның үстіне қазіргі кездегідей емес, бір орталықтан басқарылатын әрі қатаң қадағаланатын мемлекетте университет пен академия саусақпен санарлық қана, таңдаулының таңдаулысы.
Біз оқыған жылдары химия факультетінің деканы белгілі ғалым Б.Бірімжанов еді. Ол ғалым ғана емес, үлкен азамат, қайраткер болатын. Химия және химиялық технология факультетінде қайтадан құрылған «Физикалық химия, катализ және мұнай химиясы кафедрасы» қанатын кеңге жайып, шетелдің ондаған жоғары оқу орындары, зерттеу институттары және ғылыми орталықтарымен бұрынғы ғылыми және педагогикалық байланысты дамытуға мүмкіндік алды. Әрі кафедраның оқытушылары алыс және жақын шет елдерде болатын халықаралық конференцияларға қатысып, баяндамалар жасау арқылы өзінің біліктілігін арттырып келеді. Тіпті осы іс-шараның бәрі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ беделінің шетелде танылуына жол ашқанын айта кеткен жөн. Физикалық химия, катализ және мұнай химиясы кафедрасының тарихи және ғылыми тамыры өте тереңде жатыр.
Мәселен, Физикалық химия кафедрасында өз қызметін бастағандардың қатарында әлемге әйгілі ғалым, академик М.Усанович, академик Д.Сокольский, академик Қ.Жұбанов, т.б. бар десек, бүгінде бұл саланың тізгінін профессор Ж.Қайырбеков, профессор Е.Аубакиров, профессор С.Қоныспаев, химия ғылымдарының докторы Т.Әбілдин және доцент Ж.Ташмухамбетова т.б. бір топ оқытушы ұжымы жалғап келеді. Кафедрада халықаралық гранттар мен мемлекеттік бағдарламалардың қаржылай көмегі аясында жүзеге асатын жаңа ғылыми бағыттағы зерттеулер қалыптасқан.
Ұлттық университет жанындағы Физико-химиялық зерттеу және талдау орталығында ғалымдар студенттердің белсенді қатысуымен оттекті ортадағы фосфоры бар бейорганикалық және органикалық қосындыларды алу мақсатымен мыс-полимерлі кешендердің негізінде сулы және спирттік ерітінділерде сары фосфордың қышқылдануы реакциясын алу үшін нәтижелі каталитикалық жүйені жасап шығарды. Сары фосфордың металлкешенді органикалық реакциясы бірінші рет В.Сокольский атындағы жанармай, катализ және электрохимия институтында (ЖКЭИ, Алматы) А.Дорфман мен оның қызметкерлерімен гомогендік катализ зертханасында алынды. Қазақстандық ғалымдардың зерттеп келе жатқан жаңа ғылыми бағытына әлемдік ғылыми қауымдастық аса үлкен назар аударды. Оның себебі біздің ғалымдардың Ресей, Италия, Франция, Германия ғалымдарымен бірлесіп жасаған және BASF AG (Германия) және Thermphos International (Голландия) сияқты жетекші еуропалық кәсіпорындармен бірлесіп орындаған халықаралық жобалары мысал бола алады.
Әрине, кемелдікке жетуге ұмтылыста шек болмайды. Халықаралық стандарттарға сәйкес, ғылым мен білімді, білім мен инновацияны, ғылым мен өндірісті ұштастырудағы жұмыстарды одан ары дамыта берсе, Қазақ ұлттық университетін әлемнің ең озық 200 университетінің қатарынан көретін күн алыс емес.
Зәуреш ЖЕКСЕНБАЕВА