Пошта арқылы оқып жүр талай қазақ баласы
Пошта арқылы оқып жүр талай қазақ баласы
162
оқылды
ХХІ ғасырда ғылым мен техника дамып, өзге жұрт ға­рыш­ты игеруге көшкенде, елімізде пошта арқылы сабақ оқи­тындар бар десе, сенесіз бе? Жұрттың бәрі жұмысын ала­­қандай смартфонмен атқарып жатқанда олай болуы мүм­кін емес дерсіз. Шыны сол, қаладағы қатарласы он­лайн сабақта отырғанда, шалғайдағы елді мекенде тұра­тын 3 мыңнан астам бала пошташының жолын тосуға мәж­­бүр. Өркениеттен сырт қалу деген осы шығар, сірә.  

Шалғайдағы баланың шағымы жоқ па?

Коронавирус инфек­ция­сы­ның таралып кетуінің алдын алу мақсатында 16 наурызда еліміз­де төтенше жағдай жарияланды. Соған байланысты мектеп оқу­шы­лары төртінші тоқсанды қа­шықтан оқуға көшті. Білім жә­­не ғылым министрлігі әбжіл қи­мылдап, жағдайды зерделей ке­ле еліміздегі 3,2 млн оқушыны қа­шықтан оқытудың төрт бағы­тын жасап шықты. Телеарналар мен радио, интернет ресурстары ар­қылы сабақ өту тез жолға қойыл­­­­ды. Қашықтан оқудың осы екі бағытына шағым азайды, тіпті жоқ деуге болады. Үшінші бағыт бойынша коронавирус жете қоймаған өңірдегі шағын жинақты мектептер дәстүрлі оқыту формасын жалғастырып жатыр. Ал төртінші бағыт бойын­ша сабақ пошта арқылы жүзе­ге асуы керек болатын. Бұл бағыттағы сабақ қалай жүріп жа­тыр? Ондай елді мекенде қан­ша бала бар? Бұл туралы көп ай­тылмайды. Шалғайдағы жұрт­тың шағымы жоқ па, әлде ша­ғымын жеткізетін құралы жоқ па, әзірге дәл осы бағыт туралы талқылау жоқтың қасы. Біз осы мәселені қаузап көруді жөн санадық.
Білім және ғылым вице-ми­нистрі Шолпан Таңатқызының айтуын­ша, еліміздегі кейбір елді ме­кенде мектеп те, интернет те жоқ, сондықтан онда тұратын мек­теп жасындағы балалар көр­ші ауылдарға көлікпен арнайы жет­кізіліп отыратын. Ал панде­мия кезеңінде оқу материалда­рын мұғалімдерден оқушыларға, оқушылардан мұғалімдерге кері жіберу жұмысын ұйымдастыру қажет болды. «Осы мақсатта «Қазпошта» АҚ мен Білім және ғылым министрлігі арасында меморандумға қол қойылған. Аталған құжатқа сәйкес ата-аналарға пошта байланысы қызметі үшін төлем жасаудың қажеті жоқ. Шалғай елді ме­кендерде өмір сүретін оқушыларға арналған оқу материалдары сани­тарлық қауіпсіздіктің барлық нор­ма­ларын сақтай отырып, жеткізіледі», – дейді ол.
Біздің субъективті пікіріміз – бұл амал­дың жоғынан жасал­ған шара. Әйтпесе, интернет болмаса да теле­дидар бар шығар ол ауылдарда? Теле­дидар болса, сабақты «Балапан­нан» оқи берер еді, шамасы, ол елді мекенде бұл арна көрсетілмейтін шығар? Интернеті жоқ, телеарна көрсетпейтін де ауыл бола ма? Бо­лады екен және Қазақстанда осын­дай 57 елді мекен бар болып шықты. Мұндай елді мекендер Атырау (13 елді мекен), Маңғыстау (1 елді мекен), Түркістан (6 елді мекен), Алматы (24 елді мекен) және Солтүстік Қазақстан облыстарында (13 елді мекен) орналасқан. Бұл елді мекендерде халық аз болғандықтан, мектеп салу экономикалық тұрғыда тиімсіз екені белгілі. Бірақ интернет тартуға не кедергі?  

Үкіметке бір ұсыныс

Әдетте, мұндай шағын елді мекен­дерде негізінен ауыл шаруа­шы­лы­ғымен айналысатындар тұра­ды. Олар да өзге ауылдың тұр­ғы­ны секілді интернетпен қам­тама­сыз етілсе жаман ба? Егер ертеңгі күні ауыл ша­руа­шылығы саласын да­мыта­мыз, ха­лықты өз еліміздегі өн­дірі­летін азық-түлікпен қамтама­сыз етеміз десек, онда интернет тартуды бірінші кезекте осындай шағын елді мекендерден бастаған жөн сияқты. Сонда ғана аграрлы сала мамандарын ауылға тартуға мүмкіндік туады. Әйтпесе, қазіргі күні жасы да, жасамысы да интернеті жоқ жерге бара қоймайды.    width= Жоғарыда аталған бес облыстағы елді мекендер туралы мәлімет жинау барысында олардың бәрінде адам саны аз деуге келмейтініне көз жет­кіздік. Мысалы, Маңғыстау облы­­сының Маңғыстау ауданына қа­рас­ты Жыңғылды ауылында екі мың­­нан астам адам тұрады. Солтүс­тік Қазақстан облысына қарасты Воло­дар ауылдық окру­гіне қарайтын Айыртау ауы­лы аудан орталығы Саумал­көл­ден 19 шақырым жерде орна­лас­қан. 2009 жылғы санақта бұл елді мекенде 600-ден астам адам тұрады деген. Бұл егін шаруашылығы үшін өте қолайлы өңір саналады. Ал Түркіс­тан об­­лысының Қазығұрт ауданына қарай­тын Өгем елді мекені нағыз туризмді дамытатын өңір. Тұмса табиғатын тамашалауға турист ағылатын-ақ жер. Бірақ бұл жақта да интернет жоқ. Алматы облы­сының Қарасай ауданына қарайтын Райымбек ауылдық округінің құра­мындағы Абай елді мекенінде 10 мыңнан астам халық тұрады. Соңғы санақ солай дейді. Бұл ауыл Қаскелең қаласынан 10 шақырым жерде ғана орналасқан. Егер біз атаған елді мекендерге интернет тартып, ел-жұртты бір қуантсақ, кел­ген туристі екі қуантып, тірші­лікке қан жүгіртуге болар еді. Ең бастысы, ауыл шаруашылығы саласын өркендетуге тағы бір қадам жасалады. Сондықтан ел Үкіметі интернетсіз қалған 57 елді мекенді зерттеп-зерделесе деген тілек бар.  

Цифрлы да, сиқырлы да бола алмадық

Интернет тарту бар да, оның жыл­дамдығын арттыру тағы бар. Мысалы, Білім және ғылым са­ласын дамытудың 2020 – 2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында отан­дық білім беру ұйымдарының интер­нет жылдамдығының төмендігі мен цифрлы инфрақұрылымның жетіс­пеуіне байланысты қиындыққа тап бо­лып отыр­ғаны туралы жа­зыл­­ған. Осы құжатта мектепке дейін­гі ұйым­дар­дың 60 пайызы, мектеп­тердің 10 пайызы, колледж­дер­дің 18 пайызы әлі күнге дейін жылдамдығы 4 Мбит/с-ке жет­пейтін интернет желісіне қосылғаны айтылады. Бұл ин­­тернет тартудан бө­­лек, трафик мәселесі де реттелуі керек екенін көр­сетеді. Осындай қиын­­­дыққа қара­мастан қашықтан оқу жүйесі бір ізге түсті. Бұл жерде сала ми­­нистрлігі мен мұғалімдердің жан­кешті ең­бегін атап өтуіміз керек.
Мектептер мен университет­терде қашықтан оқыту енгізілгенде интернет жүйесінің беріктік сы­нағына төтеп бере алмай қалғанын Президент де айтты. Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның өткен аптадаға отырысында Мемлекет бас­шысы жүйелі кемшіліктер анық­тал­ғандықтан, Білім және ғылым министрлігі амалсыз теледидар ар­қылы сабақ беруге мәжбүр бол­ғанын тілге тиек етті. «Жарнамасы жер жарған E-Learning жүйесі істемей қалды. E-gov-та үзі­лістер байқалды. Вирус­тық кезеңнен кейінгі кезеңде біз осы жағдайлардан сабақ алуымыз керек. Ең бастысы, шын мәнінде цифрлы мемлекет болу үшін IT са­ласын сапалы жаңа деңгейге шығару жоспарын дайындағанымыз абзал», – деді Қ.Тоқаев
Ең бастысы, Президент «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдар­ламасын жаңа тәжірибені ескере оты­рып, қосымша қаржысыз қайта қарауды тапсырды. Біреудің кесірі мыңға тиеді де­мекші, цифрландыруға, интер­нет­пен қамтамасыз етуге жауап­ты ми­нистрліктің сылбыр жұмы­сының зар­­дабын қашықтан оқуға көш­кен­дер тартып отыр. Қандай сылтау айтылса да кешіруге болмайтын жағ­дай. Себебі «Цирфлы Қазақ­стан» бағдарламасының алдында «Ақ­па­ратты Қазақстан – 2020» деген де бағдарлама болған. Сол бағ­дарлама аясында елді мекендердің басым бөлігі интернетпен қамты­лып, цифрлы елде өмір сүретінімізге уәде берілген. Ал бүгінгі таңда елді мекенді қоя тұрып, қалалық жердің өзінде интернет тасбақа жүріске салатынын жасырып қайтеміз? Бір анығы, цифрлы Қазақстан құрамыз деген жарнамамыз жер жарды. Цифрландыруға қатысты қаптаған форум мен жиын өткіз­генімізді ешкім ұмытқан жоқ. Ол жиындарға аз қаржы кетпегені тағы белгілі. Содан тапқан пайдамыз не? Сол жиындар нәтижелі болса, үш мың бала бүгін пошташының жолын тосып тұрар ма еді?.. Үш мың бала онлайн-сабақ оқығысы келмейді дейсіз бе? Келеді. Бірақ біз жағдай жасай алмадық...  

Тұмар МЫРЗА