Президент сынаған «Цифрлы Қазақстан»
Президент сынаған «Цифрлы Қазақстан»
276
оқылды
«Мемлекеттік қызметті үйден шық­пай-ақ интернеттен алыңыз». Ел­де цифрландыру жүрген 15 жы­л­дан бері шенеуніктер қасиетті мант­ра­дай, әлдебір дуадай ұдайы қайта­лау­мен болған осы сөздердің ішінара өті­рік екені, көзбояушылықтың көп­ті­гі енді нақты анықталды. Азаматтар бі­лім, ғылым, сауда, кеден, бай­ла­ныс, әлеуметтік қамсыздандыру жә­не басқа салаларда саналуан қыз­­­метті онлайн алу мүмкін емесін бі­ліп, реніштерін білдірді. Цифрландыру саласы және оған жауап­ты биік лауазымды тұлғалар Төтенше жағ­дай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мем­­­лекеттік комиссия отырысында ел Пре­­­зиденті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қа­­таң сынына ұшырады. Ол Қазақстандағы ин­­тернет жүйе сынаққа шыдас бере алма­ғанын, стресс-тесттен өтпегенін мәлім­деді. 5 бал­дық жүйемен бағаласақ, бұл – екілік, на­шар баға. «Қанағаттанарлыққа» да тарт­пайды. Мемлекет басшысына не ұнамады? Отан­дық интернет жүйе карантинде амал­сыз үйлеріне қамалған қызметкерлердің – онлайн жұмысын, оқушылар мен сту­дент­тердің – қашықтан оқуын, азаматтардың – мемқызметті тұтынуын, кәсіпкерлердің – бизнес процесін жарға жықты. Осының ке­­сірінен, жаппай ұзақ демалысқа жі­бе­ріл­ген халық бар ісін интернетте тындырып тас­тап, өз баспанасында өмірдің рақатына бөлену орнына әбден жүйкесі жұқарып, діңкесі құрып, төтенше жағдай режимі бі­те­тін, ХҚКО-лар қайта ашылатын күнді за­рыға күтумен жүр. Жауапты құрылымдар жіберген жөнсіз­дік­терге байланысты жүйеде «салмақты, жүйелі кемшіліктер әшкереленді». Білім және ғылым министрлігі телеарналар ар­қы­лы сабақ өткізуге көшуге мәжбүр. Бұл ре­т­те «көгілдір экраннан» көрсетіліп жат­қан, оқушыларға арналған телебағдарл­а­ма­­­лардың «онлайн сабақ» аталуы сарап­шы­лардың күлкісі мен кекесінін туғызды. Се­бебі нағыз онлайн сабаққа жоғары тех­нологиялар көмегімен оқушылар қатысуы тиіс. Ал телевизия болғандықтан, мына са­бақ­тар кері байланысты қарастырмайды. Ата-аналар «көк жәшіктегі» мұғалімнің сұ­рақ қойғанымен, үйдегі балаға оған ой­ланып жауап беруге мүмкіндік бермей­ті­ніне, сол мезетте жауабын өзі айта салаты­ны­на шағымданады. Өйткені әр сыныпқа тіпті 10 минут емес, 8-9 минут бөлінген. Осы­ған назаланған балақайлар өз ұстазын із­деп, зар илеуде. Қ.Тоқаев көп жарнамаланған, БҒМ он­­даған миллиард теңге шығындаған E-Learning электронды оқыту жүйесі қа­жет­ке жа­рамай жатып жайрап қалғанына на­зар аудартты. Egov жұмысы ақаудан ары­ла алмады. Президент пандемиямен күрестен кейін­гі кезеңде осы жағдайдан сабақ алып, «ол­қылықтар мен теріс пайдалануларға» ар­найы талдау жүргізілетінін жария етті. Ең бастысы, нағыз цифрлы мемлекетке ай­налу үшін отандық ІТ саланы сапалы жаңа деңгейге шығару жоспары даяр­ла­нады. Қалай болғанда, Мемлекет басшысы ке­лесі 2021 жыл Қазақстанды тиімді цифрлан­дыруға арналатынын ескертті. Қасым-Жомарт Кемелұлы жаңа тәжі­ри­бені ескере отырып, «Цифрлы Қазақ­стан» мембағдарламасы қайта қаралуы қа­жет екенін, бірақ оған қосымша бір тиын қаражат берілмейтінін атап өтті.  

Халық пен бизнес үніне құлақ түрсек

Әр салада көз қылып жасалған цифр­лан­дыру көп адамға кесірін тигізіп жатыр. Қа­зақстанның салық зерттеулері орталы­ғы­ның басшысы, коммерциялық қызмет және басқару мәселелері бойынша кеңесші Тахир Оралов бизнесмендердің қиындыққа кезіккенін айтады. Оның мәліметінше, 2019 жыл үшін корпоративті табыс салығы дек­ларациясын (форма 100.00) ұсыну мер­зімі бітті. Оны компаниялар не оф­флайн, не онлайн тапсыра алмады. «Мемкірістер комитетінің ресми сай­тындағы 100.00 нысаны және оны толтыру ере­желері Салық төлеуші кабинетінде ор­наластырылған 100.00 нысанына сәйкес кел­мейді. Біріншіден, «бұл формалардың қай­сысы дұрыс?» деген сұрақ туады. Екін­шіден, егер өзекті ереже болмаса, аталған нысанды қалай толтырамыз? Мысалы, Са­лық төлеуші кабинетіндегі нысан дұрыс бо­лар, демек сонда тапсырайық десек, он­да оны толтыру ережелерін қайдан аламыз. Бәл­кім, комитет 100.00 формасы мен оның ережелерін жаңартқан шығар, онда ресми сайт­тағы ережелерін де өзектілендіруі ке­рек еді», – дейді кәсіпкер. Мемлекет басшысы төтенше жағдай ке­зінде табысынан айырылған қазақ­стан­дықтарға 42,5 мың теңге әлеуметтік төлем­ді тез арада төлеуді тапсырды. Мұндай мем­лекеттік қолдау – әлемде тек санаулы дамыған елде ғана берілген бірегей игілік. Коронавируспен күрес, төтенше жағдай ен­гізілуі, қатаң карантин және көшедегі қоз­ғалысты шектеу аясында оны рәсімдеу то­лығымен онлайн жүргізілуі тиіс болды. Алай­да бұл игілікті алу жолындағы тауқы­мет жұртшылықты әбден қажытты. Әсі­ресе, ауыл-аймақтағы халыққа қиын тиді. Мысалы, ісқағаздарын жүргізу маманы Айгүл Қуанышбаева Алматы облысының әкімі Амандық Баталовқа жазған хатында жергілікті әкімдіктер тұрғындардан өтініш­ті ескі тәсілмен, қағаз толтырып қабылдап жатқанын жеткізді. «COVID-19 және оған қарсы кара­н­тин­ге қарамастан, Еңбекшіқазақ ауданындағы Қаз­тай Ұлтарақов ауылдық округіне көрші ауыл­дан мамандар келуде, олардың көбі Egov порталына кіре алмайды. Адамдар «Egov және Е-халық порталында жұмыс іс­тей білесің ғой? Көмектес» деп менің үйі­ме де ағылуда, әбден мазамды алды. Кө­мектеспей қайда барам», – дейді маман. Ақтөбелік Серік Жақыпов дәл төтенше жағ­дай қарсаңында, 16 наурызда Renault-Nissan салонынан жаңа автокөлік сатып алып­ты. Утилизациялық алым ұзақ рә­сім­дел­гендіктен, «темір тұлпары» карантинге дейін қолына тимепті. Құжаттар әзір бол­ған­да, авто ХҚКО-лар тегіс жабылып қал­ды. «Жаңа автомобильді рәсімдеумен авто­са­лон айналысқандықтан қиындық туды. Авто ХҚКО түсіндіргендей, «электронды Үкіметте» заңды тұлғалардың жаңа ма­ши­на­ларды есепке қоюына арналған бағ­дар­лама әзірленбепті. Ақтөбенің «автоцонына» тағы хабарластым, ондағылар төтенше жағдай режимі біткенше, жаңа көлікті рә­сімдеу жүргізілмейтінін мәлім етті. Ко­ро­навирусқа шалдықпау үшін жеке көлік аса қажет. Сатып алған көлігін ала алмай, сер­гелдеңге түскен адамдар елде жүздеп са­налады. Шенеуніктердің порталдағы тиіс­ті бағдарламаны уақыты әзірлетпеуі отан­дық барлық автосалондардың бере­кесін қашырып, жұмысын тоқырауға ұшы­рат­ты. Тіпті, көрші Ресейде адамдар еш қи­налмай, машинаны онлайн сатып алып жа­тыр. Біздің шенділер ХХІ ғасырда өмір сү­ріп жатқанын ұмытып кеткен сияқты», – дейді Серік Жақыпов.  

Мамандар не дейді?

Карантин ең цифрландырылған сала­лар­ға кесір боп жабысты. ІТ саласының ма­­ма­ны Андрей Кузнецов кеңсесі жабыл­ға­лы, пұшайман халде. Шалғай аймақта емес, еліміздің ең ірі мегаполисі Алматы­ның Бостандық ауданында тұратын ол «Қа­зақтелеком» тірлігін сынайды. «Бағдарламашымын, ендеше еш қи­на­лыс­сыз қашықтан қызмет атқара аламын. Әйт­кенмен, «Қазақтелеком» азаматтарға ондай мүмкіндік бермейді. Біздің үйге ол 2000 жылдан бері көне ADSL технологиясы бойынша телефон сымы арқылы интернет ұсы­нып келеді. Бұл технология дамыған ел­дерде қолданыстан қалған. Қазіргі за­ман­да 500 мегабит/секунд жылдамдықтағы интернет қалыпты саналады. Ал менің үйімде телефон желісімен қосылыс жыл­дамдығы 10 мегабит/секундтан аспайды. Байланыс үнемі үзіліп қалады, жылдамдық құлдырайды, қосылу пакеті жоғалып ке­теді» деген Андрей интернеттің тұрақсыз бе­рілуі кесірінен жұмысын онлайн жүргізе ал­мағанына жабырқайды. Ол осы ауданға талшықты-оптикалық же­лі (ТОЖ) жүргізуді сұрап, «Қазақ­теле­ком­ға» талай жүгініпті. Компания тұрғын­дар­ға 8 миллион теңге шығарып, өз қар­жы­сына қосқызуды ұсынған. Бостандық ау­данында жеке үйлер көп шоғырланған: тұр­ғындар осынша шығынды көтере ал­май­ды. Ал ұлт­тық телекоммуникациялық ал­пауыт мұндай аудандарға ТОЖ тарту ком­мерциялық тұрғыдан тиімсіз депті. Осы орайда, сарапшы Пре­зидент бас­та­ма­сымен «Цифрлы Қазақ­стан» өзгерер болса, он­да «Қазақтелеком» жұмысына талдау жа­сап, Қазақстанның тұтастай ақпараттық дамуын ұлттық опе­ра­тордың коммер­ция­лық пайдасынан жоғары қою керек екеніне сенімді. Семен Шестиалтынов Түркістан об­лы­сы Түлкібас ауданы Балықты ауылы тұр­ғындарының атынан ТОЖ жүргізуді сұрап, 10 жылдан бері «Қазақтелеком» табалды­ры­ғын тоздырып жүрген көрінеді. «Компаниядағылар өтінішімізге «тех­никалық ешқандай мүмкіндік жоқ» деп қысқа жауап қайырады. Бірақ дәл қасы­мыз­дан осындай желі өтеді. Билік «Цифрлы Қа­зақстан» бағдарламасы қарқын алуда деп босқа мақтанады. Қазақстандықтардың көбі цифрлы игіліктерден тыс қалған. Қа­зір­гі қиын жағдайда ауылдықтар әлеуметтік тө­лемге өтініш беру, Egov-қа кіру, мұ­ға­лімдер оқушыларға тапсырма жолдау үшін маған жүгінеді. Бәріне тегін Wi-Fi ұсынуға тырысамын. Дегенмен сапалы интернет бол­мағасын, барлығына көмектесе ал­май­мын», – дейді Семен Шестиалтынов.  

Үкімет тапсырманы орындауға кірісті

Таяуда Цифрлық даму министрі А.Жұ­ма­ғалиев айтқандай, Еңбек және ха­лықты әлеуметтік қорғау министрлігі 42,5 мың тең­ге әлеуметтік төлемді алу шарт­та­рын о бас­тан күрделендіріп жіберген. Нә­ти­­же­сін­де, шенеуніктердің өзі талапты же­те тү­сінбеді және түсіндіре алмады, ха­лық ара­сында дүрлігіс туды. Мысалы, аза­маттар есеп­шот ашып, карта алу және бірың­ғай жиын­тық төлем (БЖТ) төлеу үшін баста­рын қатерге тігіп, банкке ке­зекке тұрды. Осыған орай, әрбір азамат үйден шық­пай, мемлекет төлеміне қол жеткізу үшін Пре­зидент Үкіметке оның қадам-қадам бойын­ша тетігін шұғыл әзірлеуді жүктеді. Мем­лекет басшысы төлем карталарын та­ратуға техникалық инфрақұрылым ғана емес, сонымен қатар нормативтік-құ­қық­тық актілер, меморгандардың бизнес-про­це­сі де дайын болмай шыққанын сынға ал­ды. Карталарды жеңілдетілген түрде шы­ғару ісі әртүрлі сылтаумен созбалаңға са­лынған. Осылай жоқ жерден өткір түйт­кіл туындады. Қ.Тоқаев атқарушы билікке 3 күн ішінде төлем карталарын қашықтан алу мәселесін шешуді тапсырды. Ізінше «Қазпошта» АҚ басқарма тө­ра­ға­сы Сәкен Сәрсенов 42,5 мың алу үшін вир­­туалды карта іске қосылғанын ха­бар­ла­ды. Оның дерегінше, ауыл-ауданда ха­лық­қа арнайы шот ашудың негізгі ауырт­па­лығы Қазпоштаға түсті. Бірақ пош­ташы­лар барлық үйге бас сұға алмайды. «Соңғы 11 күнде 285 177 шот ашып, 300 193 адамнан БЖТ қабылдадық. Қазпошта ар­қылы 45 мың адам осы төлемақысын ал­ды. Бұл жұмыстармен қатар, Қазпош­та­ның IT және Қаржылық қызметтер де­пар­таментіндегі әріптестеріміз онлайн ре­жим­де банк есепшотын ашуға мүмкіндік бе­ре­тін жүйені тез арада іске қосты. Енді төлем кар­тасына немесе шот ашуға тапсырысты смартфоныңыздан онлайн бере аласыз. Бө­лімшеге келудің қажеті жоқ. Бүгінде 1 000-нан астам Kazpost Virtual картасын шы­­ғарып үлгердік. Оны біздің post.kz сай­тында ресімдей аласыз, карта бірден шы­ғарылады. Карта тегін ашылады, пайдалану ақы­сы алынбайды», – деді Сәкен Сәр­се­нов.  

Елдос СЕНБАЙ