Денсаулық сақтау министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті бюджет қаржысын игере алмай отыр – Әлихан Смайылов

Денсаулық сақтау министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті бюджет қаржысын игере алмай отыр – Әлихан Смайылов

Үкімет отырысында Премьер-министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайылов бюджет қаражатын игере алмаған министрліктер мен әкімдіктерді атады. «Мемлекеттік бюджет шығыстары 98,7, республикалық 99,5, жергілікті бюджеттер 97,7 пайызға атқарылды. Республикалық бюджет шығыстары 2 трлн 971 млрд теңгені болып отыр. Былтырғы осындай кезеңмен салыстырғанда өсу қарқыны 109,8 пайызды, яғни 265 млрд теңгені құрады. Бюджет қаражаты 15 млрд теңгеге атқарылмады. Оның 4 млрд теңгесі үнемдеу болды. Ал, игерілмеу сомасы 11 млрд теңгені құрады. Бұл 2019 жылдың 1 сәуіріндегі көрсеткіштен 2 есе аз», – деді Әлихан Смайылов. Оның айтуынша, ең ірі соманы Әділет, Денсаулық сақтау министрліктері  және Ұлттық қауіпсіздік комитеті игермеген. «Жергілікті бюджеттердің шығыстары 1 трлн 213 млрд теңгеге игерілді. 29 млрд теңге орындалмады. Биыл өңірлерге 1 трлн 499 млрд теңге нысаналы трансферттер қарастырылған. Алдын ала деректер бойынша, бірінші тоқсанда оларға 190,5 млрд теңге бөлінді. 97,1 пайызы немесе 184,9 млрд теңгесі игерілді. Орындалмау сомасы 5,6 млрд теңге болған. Оның 0,9 млрд теңгесі – бюджет қаражатын үнемдеу, ал 4,7 млрд теңге игерілмеген», – деді бірінші вице-премьер. Әлихан Смайылов ең көп игерілмеген қаражат Нұр-Сұлтан мен Шымкент қаласы және Ақмола мен Атырау облыстарына тиесілі екенін айтты.