Өмір қымбат па, зімбір қымбат па?

Өмір қымбат па, зімбір қымбат па?

Елімізде төтенше жағдай енгізілгелі азық-түлік бағасы біршама қымбаттады. Соның ішінде лимон, сарымсақ пен зімбір құны шекті бағадан асып кеткен. Бұған WhatsApp мессенджерінде коронавирус туралы тараған ақпарат себеп болса керек-ті. Иә, күнделікті мессенджерге жүздеген хат келеді. Ақпараттың рас-өтірігін сараптағанша, халық әрекетке көшеді. «Зімбір тамыры ви­руспен күреске ем екен. Лимон мен сарымсақты қоса пайдалансаң, ауруға дес бермейсің» сияқты ха­барлама көп. Мұны естіген ел жап­пай базар мен дүкенге жүгірді. Бұл аталған өнімдердің бағасына әсер етті. Ал мұндай ақпараттың тара­луына ДДСҰ-ның зімбір, пияз бен сарымсақ ұзақ сақталатын өнім әрі карантин кезінде тиімді екенін айт­қаны мұрындық болды. Артын­ша мә­лімдемені қате түсінгендер әлеу­меттік желіде жалған ақпарат таратты. Әңгіме арқауы болған зімбір тек Қытайда ғана өседі-міс. Шекара асып келетін тауар бағасы дүкен сөресіне жеткенше, мың құбылатыны белгілі. Ел мұны тө­тенше жағдай басталардан бұрын 1-2 мың теңгеге сатып алатын-ды. Тіпті, кей өңірде бағасы 10 есеге дейін қымбаттаған. Ең қымбат баға Қостанай мен Оралда тіркелген. Онда сатушылар зімбір келісін 20 мың теңгеге дейін көтерген. Мәсе­лен, Балқашта келісі – 10 мың теңге, Атырауда – 11-12 мың теңге, Алматы дүкендерінде 8-10 мың теңгеге сатылған. Қазір жағдай бір­шама қалыпқа түскендей. Өйткені зімбір тамырын келісін 3-6 мың теңгеден сатып жатыр. Дегенмен бұл кәдуілгі бағадан қымбат. Ал лимон мен сарымсаққа сұ­раныс 3-4 есеге өскен. Тұрғындар келісін 1 000-1 300 теңгеге алатын лимон бағасының 2 500 теңгеге көтерілгеніне аң-таң. Оған қоса сарымсақ келісі де 2 мың теңгенің айналасында. «Қазір «қарағаштың қабығын қайнатып ішсең ем екен» деп ақпарат таратыңыз. Жұрт лезде айтқаныңызды істейді. Ақпараттың адам санасына әсер ететіні сон­шалық, бұл күнделікті тіршілікке зиянын тигізеді. «Лимон мен са­рым­сақты жиі пайдаланамын. Сондықтан бағаның қымбаттағаны қалтаға салмақ салды. Ал зімбір тамырын мүлде қолданып көрмеп­пін. Жалпы, пайдасы барын білге­німмен, коронавирусқа қауқары барына күмәнім бар» дейді қала тұрғыны Айбөпе Дәулетиярқызы. Бірақ адам санына қарай пікір де көп. Лимон, сарымсақ пен зім­бір тамырын ұсақтап турап оны балмен араластырып, шаймен ішіп жүргендер бар. Бұл ақпарат елімізде ғана емес, күллі әлемге таралды. Артынша Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына мәлімдеме жасауға тура келді. Ұйым сарымсақтың коронавирусқа қарсы ем емес екенін ашық айтты. Елдегі жағдайды ескерген ма­мандар да шет қалмады. Алматы қаласы Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Айзат Молдағасымова да бұл турасында білгенімен бөліскен-ді. «Зімбір мен лимон дәрі емес. Бұлар адам имму­нитетін көтеріп, организмді қайта қалпына келтіруге көмектеседі. Бірақ лимон мен зімбір көмегімен емдеу тәсілі тәжірибе жүзінде дә­лелденген жоқ», – деді ол. Сондай-ақ аурудың алдын алу үшін сарымсақ, зімбір, лимон мен түрлі дәрумендерді қолданудың үлкен мәні барын айтты. Оның айтуынша, иммунитеті жоғары адамдар науқаспен қарым-қатынас жасаған кезде ауру жұқтыру көр­сеткіші төмендейді. Оқшаулану мен иммунитетті көтеру – әр адамның басты қорғаныс құралы. Ал аталған өнімдер тек аурудың алдын алу үшін қолданылады. COVID-19 індеті таралғалы фейк жаңалықтар желдей есті. ДДСҰ тілімен айтқанда, «эпиде­миямен ғана емес, сондай-ақ инфодемиямен де күресіп жатыр­мыз». Жоғарыда тізгенімізге ұқ­сайтын әлемді әбігерге түсірген бірнеше ақпаратты талдап көрейік. «Алкоголь коронавирустен қорғайды». Бұл хабар әлеуметтік желіде күні бұрын таралды. Ақпа­раттың қоғамға қаупін сезген Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы үнсіз қалмады. Ұйымның өкілі Тарик Язаревич індетпен күресте ешқандай алкогольді өнім­нің көмектеспейтінін, тек қолды спиртпен сүрту сақтануға сеп екенін жеткізді. Ал вирустың таралуын 5G же­лісімен байланыстыратындарға не дерсің?! Тараған ақпарға сүйенсек, 5G иммунитетке әсер етеді. Содан адам ағзасы әлсіреп, коронавирус белгісі байқалады-мыс. Фейк жаңалықтың қоғамға әсер еткені соншалық, адамдар Ұлыбри­танияда 20 мобильді оператор мұнарасын өртеген. «1 стақан ағарту құралын іш­сең, коронавирустың ізі де қал­майды». Бұл ел естіген ең сорақы ақыл-кеңес шығар. Бұдан өзге түр­лі дәрумен мен кейбір дәрі­лер­дің тізімі желіде жарияланды. Індеттің арқасында пайда табудың амалы демеске шараң жоқ. Өйткені ДДСҰ індетке қарсы вакцина мен препараттың жоғын сан мәрте айтты. «С дәруменін ішу, фенхель ша­йы мен антибиотик қолдану коро­навирустен емдейді». ДДСҰ дабыл қаққанымен, маман кеңесіне құлақ асатындар санаулы. Қайта шоқ үрлегендей үсті-үстіне таңғажайып емдеу тәсілдерін ойлап табады. Ұйым шылым шегу, С дәрумені, шөп шай мен антибиотик корона­вирусты емдеуге, алдын алуға қауқары жоғын мәлімдеген-ді. Тізе берсең COVID-19-ға қа­тысты фейк ақпарат көп. Бұл адамның жалған ақпарат алдында дәрменсіз екенін дәлелдейді. Ви­рустан бұрын ағзаңызды теріс жаңалық жайласа – жағдайыңыз қиын. Өйткені мұның емі жоқ. Санаңызды тазартып, психоло­гияға назар аударған абзал. Дәрігер емес, өзіңіздің күресуіңізге тура келеді. Ресми хабарға құлақ түру ғана иммунитет қалыптастыруға көмектеседі. Әлеуметтік желіден келген әр хабарламаға елеңдеп, шын екеніне шүбәсіз сену, қала берді жазылғанды орындау – дұрыс емес. Жоғарыдағылар сіздің білі­міңіз бен білігіңіздің төмен екенін әшкерелеуі мүмкін. Себебі XXI ғасырда тек тексерілген жаңалықты оқып, белгілі бір ұйым жасаған мәлімдемеге назар аударған жөн. Иә, көзіңіз жеткен, ойға қо­нымды ақпаратты ғана әлеуметтік желіде бөлісіңіз. ДДСҰ айтқан инфомедиамен күреске қазір Facebook, Instagram мен WhatsApp кө­мекке келді. Марк Цукерберг ендігіде Facebook-тің індет жөнінде ұйымның ғана ақпаратын жария­лайтынын атап өтті. Instagram-нан коронавирус хештегімен әр елдегі сенімді ұйымның жаңалығын көре аласыз. Ал WhatsApp бір жаңалықты бірнеше топқа бірден бөлісуге тосқауыл қойды. Байқасаңыз, сіз­дің игілігіңіз үшін шара қолданып жатыр. Есесіне, сіз де жалған ақ­па­раттың шырмауынан құтылыңыз.  

    Айзат АЙДАРҚЫЗЫ