Біздің жағдай – бірыңғай «бес»!
Біздің жағдай – бірыңғай «бес»!
247
оқылды

Әскери саланың қызығы­нан гөрі қиын тұсы көбірек. Сол үшін де қызметшілердің әлеуметтік жағдайына мем­лекет ерекше көңіл бөледі. 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні қарса­ңын­да әскери қызметкер­лердің әлеуетін талқыға салғанды жөн көріп отыр­мыз. Оларға қандай же­ңіл­д­іктер ұсынылады, өзге­лерден бәсі артық деп ойлаудың қаншалықты негізі бар?

Еліміздің Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы заңының 8-тарауында осы сала мамандарын әлеуметтік қамсыздандыру туралы толық айтылған. Алғашқы мәселе – айлық ақы. Лауазымдық жалақы еңбек сіңірген жылдары, мемле­кеттік қызметте болған уақытына байланысты есептеледі. Оған қоса ақшалай ризық, жәрдемақылар да бар. Олардың берілу тәртібі уә­кілетті органдар бекіткен шамаға сәйкес орындалады.

Төмен шенді офицерлер 140-150 мың теңге көлемінде жалақы, сонымен қатар тұрғын үй төлемдерін алады. Соңғы жыл­дары ұшқыштар құрамының да еңбекақысы көтерілген болатын. Бұдан бөлек, 2017 жылдан бастап Жоғарғы бас қолбасшының тапсырмасымен барлық әскери қызметкердің жалақысы 25 па­йызға, ынталандырушы және бас­қа үстемақылар 30 пайызға де­йін артқан. Осылайша, әскери қыз­меткерлердің жалақысы ке­зең-кезеңімен өсіп келеді.

Көпшілікті қызықтыратын келесі мәселе – әскерилердің тұр­ғын үймен қамтылуы. Бір қаладан екіншісіне үнемі көшіп-қонып жүретін қауым мемлекет есебінен үймен қамтамасыз етіледі. Өйт­кені арнайы бұйрықпен ауысып жатқандықтан, ол жақта қызмет ету үшін барынша мүмкіндіктің жа­салуы тиіс. «Тұрғын үй қаты­нас­тары туралы» заңның 13-1-та­ра­уында тұрғынжайға мұқсат әскери қызметшілер мен олардың отбасы қызмет өткеру кезеңінде мемлекет есебінен үймен қамты­латыны көрсетілген. Дегенмен әр отбасы­ның арманы бәлкім мақ­саты – өз баспанасының болуы. Ал байырғы бабалар жолымен көш­пелі ғұмыр кешіп, үйсіз жүру қо­лайсыз дегенді мәселе етіп те көте­ріп жүрді. Сол мақсатта ар­найы бағдарлама қабылданса дейтін. Бүгінде мұндай бағдарлама ашылды.

Әскерилердің баспана жағда­йын жақсарту үшін былтыр, нақ­тырақ айтсақ, 2018 жылы жаңа модель енгізілген еді. Осылайша, былтырғы қаңтардан бастап ай сайын әскерилер екінші деңгейлі банктерден жапатармағай арнайы жеке шот ашты. Ол жерге тұрғын үй төлемдері аударылып отырады. Бір айта кетерлігі, төлем көлеміне әскери қызмет өтілі әсер етпейді.

Қолда бар деректерге сүйен­сек, бүгінде екі мыңдай әскери қызметкер баспанаға ие болып, ал қырық мыңнан астамы тұрғын үй төлемдерін алған. Бағдарлама жайлы қысқаша айтып өтейік. Тұрғын үй құрылыс жинақ бан­кінің ипотекалық бағдарламала­рынан бұл мүлдем бөлек. Өйткені әскери қызметшілер баспана алу үшін конкурсқа қатысып, оның қорытындысын күтіп отырмайды. Себебі, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі «әскери өнімнің» шарт­тарын жеңілдетті.

2019 жылдың 2 мамырынан бастап тұрғын үй төлемін алушы­ларға несие бірыңғай шарттар бойынша беріледі. Яғни, займ сомасының 15 пайызын құрайтын ең төменгі бастапқы жарнасы бар салымшылар несиені жылдық 8 пайыз мөлшерлемемен ала алады. Сонымен бірге, қайдан құлақ шығарары еркінде болатын қазаншыдай, әскерилер үйді қай­дан алса да, өздері біледі. Айталық, Ақтөбе облысында қызметте жүр­се де, Нұр-Сұлтан қаласының қақ ортасынан пәтер алуына мүмкін­дік бар. Тұрақты тіркеуді де қажет етпейді. Қалауына қарай, жаңа үйді де, екінші сатылымдағы пә­тер­ді де ала алады. Тұрғын үйді сатып алу кезінде займ сомасына пәтердің ішкі жөндеу жұмыстарын жүргізуге жұмсалатын шығын­дарды қосуға болады екен.

Сондай-ақ жаңа бағдарлама аясында үй алатын әскерилердің басында жеке пәтері болса да кедергі емес. Тек аталған бағдарла­ма бойынша бір рет қана үй алуға мүмкіндік беріледі. Бірақ бір үйде қос әскери қызметкер болса да, бір тұрғын үй алуға рұқсат етіледі деседі. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова «Жаңартылған шарттарға сай 16 млн теңгелік алғашқы несие талдықорғандық әскери қызметкерге берілді. Ата-анасымен тұрған ол енді өз отба­сымен бірге жаңа үйдегі 4 бөлмелі кең пәтерге көшті. Біздің болжам­ға сәйкес, осы жылы қоныс тойын жалпы 4 000 әскери қызметкер атап өтпек. Оларға несие беру мақ­сатында банк тарапынан 59 млрд теңге бөлінді» деген болатын.   


Қоғамның өзге салаларында қызмет ететін мамандарға жақындап кетсеңіз, басындағы әлеуметтік мәселені айтуға құмар. Олардың жан айқайына да себеп жоқ емес. Дегенмен жеке бас проблемасын айта бермейтін бір қауым – әскери қызметшілер.

«Әскери өнімнің» өзгешелік­терін тізбектеуді жалғасақ. Бағ­дарлама бойынша несие сомасы еліміздің аймақтары мен отба­сының құрамына тәуелді тұрғын үй төлемдерінің мөлшері бойын­ша есептелінеді. Яғни, отбасы құрамы неғұрлым үлкен болса, тұр­ғын үй де соғұрлым үлкен бо­лады. Сондықтан әлі де өз отба­сын құрмаған әскери қызмет­кер­лер мен балалы болуды жоспар­лаған отбасылардың пәтер сатып алуға асықпағандары жөн. Дәл қазіргі кезде олар үшін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі шотта тұрғын үй төлемдерін жинап, алдағы уақытта жылдық 3,5-5% мөлшерлемемен займ алу аса тиімдірек. Отан қорғаушылардың күні ертең зейнетке шыққанда басында баспанасы болуы үшін жасалып отырған бұл бағдарла­ма – әлбетте, үлкен көмек. Соның ішінде, банктегі есепшотында бұрыннан салымы бар қызмет­керлерге несие тіпті төмен мөл­шер­лемемен беріледі.

Әскери қызметкерлерге қол­дау көрсету мақсатында Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі қаражат бөліп, олар үшін 2025 жылға де­йінгі жеке тұрғын үй бағдарла­масын әзірлеп шығарды. Өткен жылдың қыркүйек айынан бастап «әскери өнім» бағдарламасына 2 500 адам қатысқан. Тағы 70 мың әскери Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде шот ашып, өздерінің тұрғын үй төлемдері есебінен қаражат жинақтап жатыр.

Әлеуметтік мәселе тек тұрғын үймен шектелмейді. Әскерилерге берілетін тағы бір басымдық – денсаулығын қадағалауға ден қойылады. Яғни, оларды әскери-медициналық мекемелерде мемлекет есебінен медициналық қамтамасыз ету бекітілген. Егер олар тұратын жерде әскери-медициналық мекеме болмаса, мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарында, жекеменшік құқығына негізделген денсаулық сақтау ұйымдарында және жеке медициналық практикамен айналысатын жеке тұлғаларда тегін медициналық көмектің ке­пілді көлемі шегінде көрсетіледі. Сондай-ақ қызмет барысында жараланған, контузия, жарақат алған, мертіккен немесе ауырған әскери қызметшілер, олар құры­лымында әскери қызмет өткеретін Қарулы Күштердің қаражаты есебінен санаторийге жіберіледі. Мерзімді қызметтің әскери қыз­метшілері және әскери оқу орын­дарының курсанттары меди­ци­налық көрсеткіштері болған кезде мемлекет есебінен санаторлық-курорттық емделумен қамтамасыз етіледі. Мұның барлығы – мемле­кеттің әскерилерге көрсетіп отыр­ған орасан қамқорлығы.

Жалақыдан кейін зейнетақы мәселесі де жиі айтылады. Соның ішінде, елден ерте шығатын әске­рилерге көпшіліктің қызығатыны бар. Мысалы, сарбаздар мен кіші сержанттар құрамының әскери қызметшілеріне – қырық бес жас, майорға (үшіншi дәрежелi капитанға) дейiнгіні қоса алғанда, аға сержанттық құрамның және офицерлік құрамның әскери қыз­метшілеріне – қырық жеті жас, подполковниктерге – қырық сегіз жас, жоғары сержанттар құра­мының әскери қызметшілеріне және полковниктерге (бiрiншi дәрежелi капитандарға) – елу бес жас, генерал-майорларға (контр-адмиралдарға), генерал-лейте­нант­тарға (вице-адмиралдарға) – алпыс жас, генерал-полковник­терге, адмиралдарға және армия генералдарына алпыс үш жас болып белгіленеді екен.

Қоғамның өзге салаларында қызмет ететін мамандарға жа­қындап кетсеңіз, басындағы әлеу­меттік мәселені айтуға құмар. Олардың жанайқайына да себеп жоқ емес. Дегенмен жеке бас проблемасын айта бермейтін бір қауым – әскери қызметшілер. Тіп­ті қандай әлеуметтік мәселе бар деп әскери мекемелерге ха­барласқанымызда, жағдайдың бәрі «бес» деген жауап алдық. Мұндайға қуанбасқа шара жоқ. Әлбетте, мемлекет баса назар ауда­рып, көңіл бөліп жатса, жақ­сы болмауы мүмкін де емес шы­ғар. Мереке қарсаңында, қиын да қызық сала қызметкерлерінің ахуалын айтсақ, артық болмас де­генбіз. Баспаналы, тұғырлы, ғұмырлы болыңыздар, құрметті Отан қорғаушылар!