Алматыдағы №12 орталық қалалық клиникалық аурухана толықтай карантинге жабылды. Олар енді науқастарды қабылдамайды. Өйткені бұл жерде 37 бірдей медициналық қызметкер коронавирус инфекциясын жұқтырған. Алматы қаласы Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Айзат Молдағасымованың айтуынша, бұдан былай науқастар №7 қалалық клиникалық ауруханаға жеткізіледі. Инфекция жұқтырған 37 медқызметкер 316 адаммен байланыста болған. Жұқпалы кесел жұқтырған медқызметкерлердің 47 пайызы кіші медициналық қызметкер, 28 пайызы орташа, 16 пайызы дәрігерлер, қалғаны аурухананың техникалық қызметкерлері. Өткен сенбіде таңертең тап осы ауруханада 12 медициналық қызметкердің коронавирус инфекциясын жұқтырғаны анықталған. Олардың екеуі – дәрігер болса, 10 ы – медбике. Енді қалалық балалар жұқпалы аурулар ауруханасы да жұмыс істемейтін болды. Өйткені ондағы қызметкердің барлығы – карантинде. Бұл туралы Айзат Молдағасымова айта келіп, «Оларға жүргізілген тестілеу нәтижелері теріс болып шықса, инфекциялық аурухана қайта ашылады», – деді. Қатаң карантин режимінің әсерінен соңғы күндері шаһарда жаңа ауру жұқтырушылар қатары азайып, тұрғындардың сәл де болса көңілдері жайланған болатын. Дегенмен сенбі күні Алматыда 23 жұқтыру дерегі тіркеліп, ауру өрши түсті. 13 сәуірдегі дерек бойынша сенбіде тағы COVID-19 вирусын жұқтырған 15 медицина маманы анықталды, олардың қатарында бір жүкті әйел бар. Жалпы, тәулік ішінде вирусты 27 медицина қызметкері жұқтырғаны тіркелді. Сондай-ақ олардың қатарында дәрігерлер, орта және кіші медицина қызметкері және тағы басқа мамандар бар. Полисегментарлық пневмонияға байланысты екеуінің жағдайы ауыр деп бағаланып отыр. Қалғандарының денсаулығы қанағаттанарлық жағдайда. «Өкінішке қарай, зардап шеккендердің арасында халыққа медициналық көмек көрсететін медициналық ұйым қызметкерлері де бар. Біз халықтан үрейленбеуді сұраймыз! Осы санаттағы адамдар карантинге қарамастан өздерінің лауазымдық міндеттерін атқарды. Олар емделуші мұқтаж болған кез келген жағдайда көмек көрсетті. Адам кез келген науқастан, оның ішінде симптомсыз тасымалдаушыдан ауру жұқтыруы мүмкін. Қазіргі уақытта эпидемиологиялық тергеу жүргізілуде. Жағдай қаланың жедел штабының бақылауында. Инфекцияның таралуына жол бермеу бойынша белгілі бір шаралар жүргізілуде. Олармен байланыста болған барлық адам іздестіріліп, карантинге орналастырылады», – деді Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев. Бар үмітіміз ақ халатты абзал жандарға тіреліп тұрған қиын сәтте олардың өздерінің індет «тырнағына» ілінуі алаңдайтын жағдай.
Министр араласқан соң мәселе шешілді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың коронавирус инфекциясымен науқастанғандармен тікелей жұмыс істеп жатқан дәрігерлерге үстемеақы беріледі деген сөзінен кейін елдің құлағы түрулі болды. БАҚ өкілдерінен де «бұл үстемеақыны кімдер алады, қашан алады?» деген тұрғыдағы сұрақтар жиі қойылды. Есеп-қисап жүргізіліп, қашан дәрігерлердің қолына тиесілі қаржысы тигенше бәрінің дегбірі қашты. Расында да, алғашында үстемеақыны төлеуде түсініспеушіліктер де орын алды. Әсіресе, Алматы қаласындағы балалар жұқпалы аурулар ауруханасы қабылдау бөліміндегі дәрігерлердің арасында «Бұл қалай?» деген сұрақ көп болды. Өйткені науқастарға медициналық қызмет көрсеткен дәрігерлердің кейбірі мұндай мүмкіндіктен шет қалды. Бұл жағдай Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың да құлағына жетіп, ол бірден қалыптасқан жағдайды ретке келтіруге араласты. Үстемеақыдан қағылған медқызметкерлердің ақшасын төлеуді бұйырды. Ол Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы министрліктің коронавирус инфекциясымен күресіп жатқан дәрігерлердің үстемеақысы туралы бұйрығын қате тәпсірлегенін айтып, инфекциялық стационардың дәрігерлері, медбикелер, кіші медициналық қызметкерлер үстемеақы төленетін 1-санаттағы тұлғаларға жататынын жеткізді. Елжан Біртанов тіпті Facebook парақшасында «Басқарма мен емхана басшылығына ертең таңертең қателікті жөндеп, бекітілген бұйрыққа сай үстемеақы төлеуді тапсырамын. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры басшылығына осы мәселені бақылауға алып, орындалуын қадағалауды сұраймын. Бұл қолайсыздықтар үшін кешірім өтінемін. Facebook-ке қазір қолым жетіп, әріптестерімнің өтінішін енді оқыдым» деген жазба қалдырды. Министрдің арнайы мәлімдемесінен кейін Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев қалалық балалар жұқпалы аурулар ауруханасының медицина қызметкерлеріне төлемдер жүргізуге қатысты жайтқа да тоқталып, төлемдер 1-тәуекел тобының санатына сәйкес барлығына жүргізілетінін айтты.