Көктемді ертерек сезінетін Шымкент қаласының тұрғындары сәуір айының 8-9 күндеріндегі табиғаттың тосын «сыйынан», яғни қалың жауған қардан едәуір әбіржіп қалды. Жер-ана бусанып, жеміс ағаштары бүр жарып енді-енді гүлдеп жатқанда, қардың салмағын көтере алмаған ағаштар опырылып сынып жатты. Ал ағаштармен байланып тұрған электр энергиясының сымдары да осы уақытта үзіліп, тұрғындардың басым бөлігі жарықсыз қалды. Онсыз да карантинде қамалып отырған үшінші мегаполис тұрғындары үшін жарықсыз қалған ауыр тиді. (Кейбір аудандарда 3 күнге дейін жарық болмады). Жарықтан бөлек, бұл мәселе үйін электр қуаты арқылы жылытатындарға қиын болды. Сондай-ақ дәл қазіргі жағдайда мектеп оқушылары мен студенттердің қашықтан оқуы да электр энергиясына тәуелді. Себебі тоқ болмаса, қашықтан оқу құралдары да қуатталмайды. Демек, мегаполистік өрендер бұл күндері сабақ оқымады деген сөз. Оған 3-4 күнге дейін реттелмеген көше бойындағы сынған талды, үзілген электр желілерін қосыңыз... Сонымен миллионға жуық тұрғынның жарты күн жауған қардан осынша зардап шеккенін қалай түсінеміз? Әлде бар болғаны 4 ауданы, жер көлемі 1 100 шақырымды ғана құрайтын үшінші мегаполисті шымкенттік шенеуніктердің игеруге шамасы келмей жатыр ма? Ал «жау жағадан алғанда, бөрі етектен» дегендей, қалада қатерлі дертке шалдыққандар қатары күн сайын артып, барлық назар індеттің алдын алу шараларына ойысқанда әкімдік үшін жарықтың болмауы екінші кезекте тұруы заңды да. Дегенмен осынау мәселенің бұрыннан да қылтиып шығып жүретінін несіне жасырайық. Себебі қалада үп еткен желден де жалп етіп жарық өшетін жағдай бұрыннан бар. Шымкент қаласындағы ең өзекті мәселе де инженерлік инфрақұрылымның жағдайы. Жарық, су, жол, табиғи газ тағысын тағы. Әсіресе, бұл проблемаға негізінен қала шетіндегі жаңадан салынған үйлер тап болады. Бұл бітпейтін жыр кезінде инфрақұрылымы дайын емес жерлерді оңды-солды таратқан әкімдік қызметкерлерінен кеткен олқылықтың қатесі. Алайда бүгінде оған ешкім жауап бермейді. «Іс бітті, қу кетті». Ал тұрғындар жердің заңсыздығын қайдан білсін, олар үшін инфрақұрылым екінші кезектегі мәселе болғандықтан, өз беттерінше үйлерін тұрғызып алды. Осылайша, баспана мәселесінен құтылғандарына риза болысты. Одан кейін ғана жоғарыда атап өткен проблемаларға тап болды. Су мен газдың, жарық пен жолдың керек екенін сезінген тұрғындар әкімдіктен пайда болмаған соң тағы да өз беттерінше аталған мәселелерді шешуге кірісті. Осы кезде оларға ең керектісі де алдымен жарық болатын. Араларынан шыққан белсенділер ортадан ақша жинап трансформатор сатып алды, бағаналар қойып, әр үйге жарық тартты. Сөйтіп, мұндағы электр энергиясына төленетін тариф қала тұрғындарынан екі есе жоғары болды. Мәселен, «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-нің тікелей тұтынушылары электр энергиясына 15 теңгеден төлесе, қала шетіндегі өз бетінше трансформатор қойып алғандар жарықтың әр киловатына 40 теңгеден ақша шығарып жүр. Халық бұған да көндікті-ау. Алайда сәл жел тұрып, жаңбыр жауса жалп етіп өшетін жарықтың қорлығын 20 жылдан бері тартып келе жатқан халықтың шыдамы ендігі түгесілді. Содан бері талай әкім ауысып, қалада қаншама өзгерістер болды. Шымкент екі жыл бұрын республикалық маңызға ие дербес қала статусын да алды. Бірақ баяғы жартас – бір жартас. Қонақтар үшін орталық қана реттеліп, гүлденеді. Ал қала шетіндегі елді мекендердің мәселесі сол күйі өзгермейді. Алайда кешегі жауын қала шетін ғана емес, орталық тұрғындарын да тастүнекте отырғызуға мәжбүр еткен-ді. Бұл аймақ тұрғындарының мәселесі әкімдікке керек болмай тұрғанда, өңірге электр қуатын тасымалдайтын «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-ін қызықтырсын ба? Серіктестіктің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, қаладағы электр бағаналарының басым бөлігі 1965 жылдан бергі кезеңде салынған. «Мекеменің 2016-2022 жылдарға арналған инвестициялық бағдарламасы аясында жыл сайын тозығы жеткен энергетикалық жабдықтарды жаңарту жұмыстары жүріп жатыр. Негізінен, көбіне жекеменшік трансформатор қойып алған қала шетіндегі тұрғындардың жарықтары жиі сөнеді. Бүгінде қалада жекеменшік трансформатор қойып алғандар өте көп. Олар бір трансформаторға мөлшерден тыс абонентті қосады, одан бөлек трансформаторлары да ескірген, жиі істен шығады. Жалдап қойған электромонтері қайсыбіріне жетсін? Салдарынан тұрғындар арасында жиі дау шығып жатады. Біз тек трансформаторға дейін жеткізіп береміз. Одан арғы жұмыстарында шаруамыз жоқ. Кешегі қардың салдарынан құлаған ағаштар электр желілерін үзіп кетті. Жедел жұмысқа кіріскен 24 апатты бригада өзіміз қамтамасыз ететін абоненттерге жарықты біртіндеп берді», – дейді баспасөз қызметінің жетекшісі. Қала шетіндегі тұрғындардың кінәсі орталықтан жырақта тұрғанында ма? Егер ауыл тұрғыны болса түсінуге болар еді. Біле білсе, миллион тұрғыны бар деген статусты алып беріп отырғандар да осылар емес пе еді? Демек, әкімдікке бұлардың саны керек те, сапасының керек болмағаны ғой. Кезінде жері заңсыз жер болғанымен, бүгінде мүлікті жария ету заңы аясында баспаналарын заңдастырып қойды емес пе? Иә, Шымкент қаласына соңғы 2 жылда 3 әкім тағайындалды. Жаңадан келген әкімнің алғашқы жұмыс сапары да қала шетіндегі тұрғындардың мәселесімен танысудан басталады. Кездесуде су да, табиғи газ, жол, жарық та айтылады. Алайда өзгерген ешнәрсе жоқ. Соған қарағанда әкімдер алдымен қарапайым жұрттың батасын алып алған соң орталықтың шаруасымен алданып кетеді-ау. Қалай болғанда да кешегі қалада шу болған электр жарығының мәселесі бұрыннан бар екені рас. Тек олардың дауысын ешкім естімейді. Шымкент қаласының әкімі М. Әйтенов тағайындалғанына көп уақыт болмай жатып, ел алдында өткен жылдың есебін берді. Әрине, өзі жақында ғана тағайындалғандықтан, есептен гөрі алда атқарар жұмыстарға ерекше ден қойды. Сонда қаладағы инженерлік инфрақұрылымның өзекті екенін мойындаған қала басшысы мұны халық санының жедел өсіп жатқанымен байланыстырған. Шымкенттегі 81 елді мекеннің 35-інде электр қуатының сапасы төмен екенін де айтқан. Тіпті, қаланың солтүстік бөлігіне электр энергиясының қуаты жетіспейді. Соңғы 3 жылда 9,7 млрд теңгеге 10 елді мекенге электр желісі және 2 подстансаның құрылысы салыныпты. Жалпы, биыл 3 643 тұрғын үй сапалы электр қуатымен қамтылмақ. Дегенмен 9,7 млрд қаржы көп бе, аз ба? Алайда осы қаржы толық мақсатты жұмсалса, тым болмағанда сол электр желісі жүрген 10 елді мекеннің жарығында мәселе болмас еді-ау. Ал халық әкім мырзаның есепті жиында үйіп-төгіп берген уәдесін күтіп жүр. Қала басшысының дәл қазір мұндай шаруаларға мойын бұрмауын түсінуге болады. Дегенде, әкімнің осы салаға жауапты білдей орынбасары мен коммуналдық шаруашылық жағына қарайтын бірқатар басқарма басшысының дәл осы кезде бетпердесі ашылып қалғаны ұят болды.
Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы