Режиссер Әділхан Ержановтың «Атбайдың шайқасы» фильмі 6-шы Якутск Халықаралық кинофестивалінің «үздік фильмі» атанды. Бастапқыда фестивальды 18-22 наурыз аралығында Якутск қаласында толыққанды форматта өткізу жоспарланған болатын, алайда коронавирус індетіне байланысты оны «жабық режимде» өткізіп, тек қазылар алқасы үшін қатысушы фильмдердің көрсетілімі ұйымдастырылып, жеңімпаздарды жариялау туралы шешім қабылданды. Халықаралық қазылар алқасын ресейлік кинорежиссер Борис Хлебников («Коктебель», «Аритмия») басқарды, сондай-ақ оның құрамына режиссерлер Эдуард Новиков пен Элла Манжеева кірді.
– Фестиваль командасы мен бағдарламалық директор Алексей Медведевке алғысым шексіз! Мұндай қиын уақытта кино мен өнер үшін күресетін нағыз жанашырлар бар екенін мойындауымыз керек. Сонымен бірге қазылар алқасының барлық мүшесі мен менің сүйікті ресейлік режиссерларымның бірі Борис Хлебниковқа «Атбайдың» жеңуіне мүмкіндік бергені үшін рақмет. Сондай-ақ фильмнің бүкіл командасын осы жеңіспен құттықтаймын және баршаңызға денсаулық тілеймін! – деді режиссер Әділхан Ержанов.
Назгүл ЕРЖАН