Шымкент қалалық отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен алғаш рет Face of Shymkent сұлулық байқауы өтті.
Байқауда 200-ден астам арудың арасынан іріктеліп шыққан 16 қатысушы Шымкент аруы атану үшін бақ сынады.
Face of Shymkent-тің өзге байқаулардан айырмашылығы - қатысушылардың өнеріне басымдық беріледі. Яғни, қыздардың шығармашылық қабілеті, ұлттық салт-дәстүрді жетік меңгеруі мен біліміне ерекше назар аударылды. Байқауға 16-25 жас аралығындағы қыздар қатысты.
Айта кетейік, 16 қатысушының ішінен дараланған жеңімпазды анықтауда білікті мамандар әділ қазылық жасады. Атап айтқанда, Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қ.Нұртай, «Оңтүстік аруы - 1989» сұлулық байқауының алғашқы тәж иегері Ардақ Умирбаева, Makeup Shymkent сұлулық салонының негізін қалаушы және директоры Аида Абдраимова, Sulu Models модельдік агенттігінің директоры Ақжамал Абильдаева, дизайнер Ғани Көбеев және Орталық Азия аймағындағы Asia Model Festival-нің ресми өкілі, Face of Central Asia байқауының бас ұйымдастырушы Хара Кан қазылық жасады.
Орталық Азия аймағындағы Asia Model Festival-нің ресми өкілі Хара Канның айтуынша, байқаудың сән әлемінде алар орны ерекше. «Аймақтық, қала, облыс деңгейіндегі ұйымдастырылытан сұлулық байқауларының маңызы зор. Себебі, халық ішінен өнерлі бойжеткендерді іріктеп, халықаралық деңгейде еліміздің абыройын асыратын арулар осындай байқауларда шыңдалады», - деді Хара Кан.
Қатысушылар арасынан үздік танылған Face of Shymkent байқауының жеңімпазына 500 мың теңге қаржылай жүлде табыстады. Сондай-ақ, бас жүлде иегеріне халықаралық Asia Model Fectival байқауына жолдама берді.
Он бес жылдық тарихы бар аталған фестиваль жыл сайын Оңтүстік Кореяның астанасы Сеул қаласында дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Сән әлемінің майталмандарының қатысуымен өткізілетін бұл фестивальда Face of Shymkent байқауының жеңімпазы ел намысын қорғайды.