Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төтенше жағдай кезінде сұрақтарға жауап беру үшін call-center ашты. Бұл туралы Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы мәлім етті. «Қазір біз еліміздегі төтенше жағдай кезінде халыққа үміт шуағын шашып, оларды жігерлендіріп, иманын күшейтіп, құлшылығын арттыру мақсатында онлайн насихат айтып, интернет желісі арқылы арнайы дәрістердің кестесін бекіттік. Сонымен қатар, жамағаттың сұрағына дер кезінде жауап беру үшін call-center аштық. Оның нөмірі – 33-30-30. Орталыққа Нұр-Сұлтан қаласының коды арқылы телефон шалуға болады. Орталықта дін саласының білікті мамандары тәулік бойы қазақ және орыс тіліндегі сұрақтарға жауап береді», - деді Бас мүфти Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингіде. Осы ретте ол науқас жандарға медициналық көмек көрсетіп жүрген дәрігерлерге, қауіпсіздік шараларының алғы жебіндегі ішкі істер және қорғаныс саласының қызметкерлеріне, халыққа объективті ақпарат таратып отырған БАҚ өкілдеріне, қайырымдылық шарасына белсенді түрде атсалып жүрген барша ерікті азаматтарға алғысын айтты. «Халқымызда «Қайырымдылық жасасаң – қайырын өзің көресің» деген нақыл сөз бар. Діни басқарманың негізгі жұмыс бағыттарының бірі – қайырымдылық. Мен жұртымызға жолдаған Үндеуімде карантин кезінде үмітсіздікке бой алдырмай, сауапты амалдар мен қайырымдылық шараларға үлес қосуға шақырдым. Осы Үндеуден кейін дін қызметкерлері карантин кезінде 17 643 отбасына көмек көрсетті. Сонымен қатар жұқпалы індеттің алдын алу мақсатында халыққа карантин кезінде 47 821 дана бетперде тараттық. Бетперде мешіттеріміздегі тігін шеберханаларында тігілді. Қалған бөлігі демеушілердің көмегімен жеткізілді», - деді Бас мүфти. Осы орайда ол игі бастамаға үлес қосқан барша дін қызметкерлеріне, демеуші азаматтарға ризашылын білдірді. «Біз қашан да өзгелерге қайырымдылық жасап, жан-жағымызға шуағымызды төгіп, шарапатымызды тигізіп, адамның алғысын алып өсіп-өнген елміз», - деді Наурызбай қажы Тағанұлы. Бұдан бұрын хабарланғандай, Наурызбай қажы Тағанұлы биыл елімізде Рамазан айы 24 сәуір күні басталатынын айтты.