Атырау облысындағы «Теңізшевройл» компаниясы Теңіз кен орнындағы жобалардан 17 мың адамды жұмыстан уақытша босатады. Компания басшылығы мұндай шешімді коронавирус індетін одан әрі таратпау үшін қабылдап отыр. Бұл туралы онлайн брифингте «ТШО» компаниясының қоғаммен байланыс жөніндегі бас менеджері Рзабек Артығалиев мәлім етті. Оның айтуынша, жұмысшылар санының уақытша қысқаруы өндірістік қызметке аса әсер етпейді. Теңіз кен орнындағы құрылыс жұмыстары тоқтатылғанымен де базалық өндіріс бөлімдеріндегі аса маңызды жобалар жалғаса береді. Бұл шаралардың мұнай нарығындағы жағдайға еш қатысы жоқ. -Қабылданып жатқан шаралар алдымен қызметкерлердің денсаулығы мен олардың қауіпсіздігі үшін жасалуда.Оның өндірістік қызметке кері әсері болмайды. Біздегі мұнай өндірісі штаттық режимде жұмыс істейді, - деген Рзабек Дәуітұлы алдағы аптадан бастап жұмысшыларды кен орнынан қауіпсіз жағдайда шығаратындарын айтты. Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, АТЫРАУ Облысы