Баспана көпбалалыларға неге жекеменшікке берілмейді?
Баспана көпбалалыларға неге жекеменшікке берілмейді?
273
оқылды

Биыл 12 мың отбасы баспанамен қамтылады.

Үкіметтің баспасөз орталығындағы брифингте Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев биыл 12 мың көпбалалы отбасын үймен қамту жоспарда бар екенін айтты.

«Елбасы көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды тұрғын үймен қамту мәселесін тапсырған болатын. Сол себепті, керекті шаралардың бәрі толық қабылданды. Бүгінгі таңда Қазақстанда 340 мыңнан астам көпбалалы отбасы бар. Оның ішінде кезекте тұрғаны – 31750. Тапсырма берілгенде 28 123 отбасы кезекте тұрған еді. Одан бері бір жарым айдың ішінде 3 мыңнан астам көпбалалы отбасы қосымша кезекке тіркелді. 2025 жылға дейін толықтай қаражат көзделгенін өздеріңіз білесіздер. 40 мыңнан астам пәтер саламыз деп отырмыз. Биыл 6 мың жалға берілмейтін және сатылмайтын пәтерлерді тапсырамыз. Ол жұмыс басталып кетті», – деді Қайырбек Өскенбаев.

Қайырбек Өскенбаевтың айтуынша, мамырдан бастап көпбалалы отбасыларға пәтер тапсырылып жатыр.

– Осыған дейін 249 үй тапсырылса, кеше Өскемен мен Семей қалаларында тағы қосымша 10 пәтер табысталды. Осы айдың кезегі бойынша 1200-1300 пәтер тапсырылады деп жоспарлап отырмыз. Әр күн сайын кесте бақылануда. Ертең, яғни 9 мамырда Батыс Қазақстан облысы, Шымкентте, 15 мамырда Атырау облысы мен Алматы қаласында көпбалалы отбасыларға пәтер беру жоспарда бар, – деді Қайырбек Өскенбаев.

Вице-министр сонымен қатар пәтерді жекеменшікке сатып аламыз деген көпбалалы отбасылар болса, оларға бөлек Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы тағы да 6 мың пәтер қарастырылғанын атап өтті.

«Қабылданған шаралар бойынша көпбалалы отбасылар бөлек санаттарға жатқызылып, бірінші кезекте үймен қамтылуы көзделген. Сол жоспар бойынша «Нұрлы жер» бағдарламасына толық өзгерістер енгізілді. Осы басталған жұмысты ай сайын, күн сайын қадағалап отырамыз. Негізі берілген тапсырма толықтай орындалады. Бүгінгі күні кезекте тұрған көпбалалы отбасылар Үкімет тарапынан 2025 жылға дейін үймен қамтылады. Сол себептен, оған қобалжымасын. Тұрғын үй жинақ банкі арқылы 6 мың отбасы үй алсатын болса, биыл 12 мыңнан отбасыны үймен қамтитын болсақ, 3-4 жылдың ішінде көпбалалы отбасыларды үймен қамту мәселесін шешеміз», – дейді Қайырбек Өскенбаев.

Жаңа үйлер кезең-кезеңімен қолданысқа беріледі.