Үкімет ертеңге оптимизммен қарайды
Үкімет ертеңге оптимизммен қарайды
162
оқылды
Наурызда азық-түлік қымбаттауы бойынша рекорд орнады. Салдарынан елде жылдық инфляция бір­ден 6,4% жетті және 2020 жылға белгіленген дәліз­ден асып түсті. Бұған Ұлттық банктің базалық ставканы кө­теруі, теңгенің құнсыздануы, карантин енгізілуіне орай тауар сатып алудағы дүрлігіс ықпал еткен. Асқар Мамин өт­кізген Үкімет отырысында І тоқсан қорытындыланды. Үкімет басшысы «өңірлерде жұмыс қазандай қайнап жатуы тиіс» дейді. Оның байламынша, коронавирустың таралуына тос­қауыл қою шараларын мүлтіксіз сақтай отырып, енді ауыл-ай­мақ­та дағдарысқа қарсы іс-қи­мылдың көрігін қыздырған жөн. – Қажет шаралар қабылдан­ды. Өңірлерде жұмыс қарқынды жүргізіліп, қайнап жатуы керек. Барлығы мемлекеттік органдар­дың тиімді және үйлесімді жұ­мы­сына байланысты. Қатаң са­ни­тарлық-эпидемиологиялық ша­раларды сақтап, өңірлерде дағ­дарысқа қарсы шаралардың іске асырылуына бақылауды қамта­ма­сыз етуге тиіспіз, – деді А.Мамин. Биылғы 3 айда негізгі көр­сеткіштер бойынша әлеуметтік-экономикалық дамудың озық қарқынына Ақмола, БҚО, Түр­кістан, Қостанай, Қарағанды облыстары және Нұр-Сұлтан қаласы қол жеткізіпті. Орташа республикалық көрсеткіштерге Алматы, Ақтөбе, Маңғыстау, СҚО, ШҚО, Павлодар облыс­та­ры және Алматы қаласы шыға алды. Ал Атырау, Жамбыл, Қы­зылорда облыстарының, сондай-ақ Шымкенттің кейбір көр­сет­кіштері республикалық дең­гей­ден төмен. Бұдан бұрын еліміздің бас экономисі Руслан Дәленов коро­навирус дертінің өрістеуі, әлем­дегі күрделі ахуал, елдегі төтенше жағдай және шектеу шаралары салдарынан биыл ІЖӨ небәрі 0,9% өседі деп болжады. Яғни, ел экономикасында көп жылдан бері алғаш рет рецессия басталуы мүмкін. Сондықтан пандемия әлемді кең жайлағанға дейінгі 3 айдың көрсеткіші аса маңызды еді. Асқар Мамин 2020 жылғы бірінші тоқсанда Қазақстан ІЖӨ-нің өсімі 2,7% құрағанын айтты. Негізгі капиталға салынған инвестициялар осы кезеңде 5,1%-ға артты. Мемлекетіміздің алтын-валюта қоры 30 миллиард долларға жетті. Ұлттық қор ак­тиві – 57,5 млрд доллар болған. Ел экономикасының ұстыны саналатын негізгі салалар өскен: тау-кен өндірісінің өнім шығару көлемі – 5%, өңдеу саласында – 8,8%, құрылыста – 11,7%, маши­на жасауда 30,4%-ға ұлғайды. Дегенмен тоқсан соңында әлем­де пандемияға қарсы енгізілген шектеулердің әсері республи­камызға да әсер ете бастады: біраз сала дамуда кері кетті. Мысалы, сауданың өсуі небәрі – 1%, қаржы саласы мен сақтан­дыру қызметтері 0,7% болды. Ал көлік секторы тіпті 1,3%-ға құлдырады. А.Мамин әлемдік және өңір­лік экономикадағы қазіргі сын-тегеурінге жауап ретінде Үкімет дағдарысқа қарсы шаралар кешенін қабылдап, іске асырып жатқанын атап өтті. Нақтылай түссек, Жұмыспен қамтудың жол картасы бекітілді, құры­лыс­ты үдету үшін бірқатар мембағ­дарламаларға қосымша мол қаражат құйылады. Мәселен, тұрғын үй құрылысына тағы 180 миллиард теңге арна тартпақ. Шағын және орта бизнес кә­сіпорнын салықтан босату ар­қылы өркендеуге ынталанды­рылды. «Қарапайым заттар эко­номикасы» арзан несие бағдар­ламасының игілігін көретін салалар қатары кеңейтілді. Бірінші вице-премьер – Қар­жы министрі оптимизм та­ны­тып отыр: «Министрлік ал­дын­дағы басты мақсаттың бірі – өзге меморгандармен бірлесіп, нақ­тыланған бюджетте әлеуметтік салаға, кәсіпкерлерді қолдауға қарастырылған қаражаттарды түпкілікті алушыларға уақы­тында жеткізу. Жыл ішінде кі­рістердің өсу қарқынын төмен­детпей, нақтыланған жоспардың орындалуын қамтамасыз ететін боламыз!» – деді Ә.Смайылов.  

Айхан ШӘРІП