Жалған анықтама жасапты
Жалған анықтама жасапты
163
оқылды
Нұр-Сұлтан қаласында бірқатар кәсіпорын карантин кезінде кедергісіз жүріп-тұру үшін жалған анықтама жасаған. Кейбір кәсіпорын басшылары өздерінде жұмыс істемейтін азаматтарға анықтама бергені анықталды. Бұл туралы елорда әкімдігінің сайтында жарияланды. Тәртіпбұзушылық фактілерін полиция қызметкерлері план­шеттегі электронды база арқылы тексеру кезінде анықтады. Ка­ран­тин талабын бұзғандар жа­уап­кер­шілікке, тіпті қылмыстық жа­уап­кершілікке тартылуы мүмкін. Өткен аптада қалада карантин режимін бұзғаны үшін 800-ден астам азамат әкімшілік жауап­кершілікке тартылды. Оның 32-і қамауға алынып, қалғанына айыппұл салынған. Айта кетейік, қазір қаладағы барлық патрульдік қызметтер планшетпен қамтылған. Нұр-Сұлтан қаласы бойынша әкім­шілік полиция бастығы Елжан Шөпековтің айтуынша, каран­тин кезінде қала көшелерінде бес мыңға жуық полиция қызмет­кер­лері қоғамдық тәртіпті қада­ғалап жатыр. «Қала тұрғындарының көбі тәртіп бұзып жатқан жоқ, алайда полицияны алдауға тырысатын азаматтарымыз бар. Шағын кәсіпорын иелері адамдар қала ішінде кедергісіз, еркін жүріп-тұруы үшін жұмыс орнынан жал­ған анықтама берген. Олар әкім­шілік, тіпті қылмыстық жауап­кершілікке тартылуы мүмкін» деп мәлімдеді Е.Шөпеков. Соңғы аптада айыппұл тұ­рағына 400-ге жуық автокөлік жөнелтіліп, 500-ден астам мемлекеттік нөмір тәркіленді. «Карантиннің бірінші кү­нінен бастап тәртіп бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке ша­мамен үш мың адам тартылды. Полиция тұрғындарды карантин режимін бұзбауға және қауіп­сіздік шараларын сақтауға ша­қырады. Өзіңіздің және жақын­дарыңыздың денсаулығын ойла­ңыз», – деді әкімшілік полиция бастығы.  

Дастан ДУМАНҰЛЫ