Нұр-Сұлтан қаласында бірқатар кәсіпорын карантин кезінде кедергісіз жүріп-тұру үшін жалған анықтама жасаған. Кейбір кәсіпорын басшылары өздерінде жұмыс істемейтін азаматтарға анықтама бергені анықталды. Бұл туралы елорда әкімдігінің сайтында жарияланды. Тәртіпбұзушылық фактілерін полиция қызметкерлері планшеттегі электронды база арқылы тексеру кезінде анықтады. Карантин талабын бұзғандар жауапкершілікке, тіпті қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Өткен аптада қалада карантин режимін бұзғаны үшін 800-ден астам азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның 32-і қамауға алынып, қалғанына айыппұл салынған. Айта кетейік, қазір қаладағы барлық патрульдік қызметтер планшетпен қамтылған. Нұр-Сұлтан қаласы бойынша әкімшілік полиция бастығы Елжан Шөпековтің айтуынша, карантин кезінде қала көшелерінде бес мыңға жуық полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіпті қадағалап жатыр. «Қала тұрғындарының көбі тәртіп бұзып жатқан жоқ, алайда полицияны алдауға тырысатын азаматтарымыз бар. Шағын кәсіпорын иелері адамдар қала ішінде кедергісіз, еркін жүріп-тұруы үшін жұмыс орнынан жалған анықтама берген. Олар әкімшілік, тіпті қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін» деп мәлімдеді Е.Шөпеков. Соңғы аптада айыппұл тұрағына 400-ге жуық автокөлік жөнелтіліп, 500-ден астам мемлекеттік нөмір тәркіленді. «Карантиннің бірінші күнінен бастап тәртіп бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке шамамен үш мың адам тартылды. Полиция тұрғындарды карантин режимін бұзбауға және қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырады. Өзіңіздің және жақындарыңыздың денсаулығын ойлаңыз», – деді әкімшілік полиция бастығы.
Дастан ДУМАНҰЛЫ