Коронавирус: Бөлінген қаржыны қалай бақылаймыз?
Коронавирус: Бөлінген қаржыны қалай бақылаймыз?
143
оқылды
Коронавируспен күресу үшін  наурыз айының басынан бері ел қазынасынан қомақты қаржы бөлініп жатыр.  Шынын айтқанда, бөлінген қаржының санынан жаңыла бастадық. Сол ақшаның жалпы сомасы туралы ақпаратты Еуразиялық үкіметаралық кеңестің бейнеконференцияда Премьер-министр Асқар Мамин айтты. Ол экономиканы тұрақтандыру және халықты қолдау мақсатында мемлекет 13 млрд АҚШ долларынан астам қаражат бөлгенін мәлімдеді. Теңгеге шақсақ, 6 трлн республикалық бюджеттің жартысын құрайтын сома. Ал осы қаржы қалай игеріліп жатыр?   

Қоғамдық бақылау қажет

Ертеңгі күні 2011 жылы өткен Азиа­да ойындары мен 2017 жылы Халықаралық ЭКСПО көрме­сін­дегі сияқты жемқорлық фактілері анық­талып жүрмей ме? Жемқор­лық­тың алдын алу үшін қандай іс-қимыл керек? Біз бұл мәселені текке көтерген жоқ­пыз. Себебі қазірдің өзінде Сы­байлас жемқорлыққа қарсы іс-қи­мыл агенттігі пара алу деректері әлі де тіркеліп жатқанын апта сайын өтетін баспасөз мәсли­ха­тын­­­да айтып жүр. Оның үстіне, кез кел­ген бюджет қаржысының тиім­сіз жұмсалғаны, қаржы жымқыру де­регі өңірлерлерде ревизия ко­мис­сиясы, ал республикалық дең­гейде Есеп комитеті жүргізген жос­парлы тексерулерде белгілі бо­­­лады. Яғни, қазіргі уақытта игеріліп жатқан қаржының жымқырылғанын аз де­генде бір жылдан соң білуіміз мүмкін. Ол кезде бәрі кеш болады. Се­бебі коронавируспен күресу үшін бөлінген қаржының дәл қа­зіргі уақытта мақсатты жұмсалуы өте маңызды! The last Hope қоғамдық бір­лес­тігі­нің басқарма төрағасы Руслан Асаубаевтың айтуынша, бұл ретте қоғамдық бақылаудың маңызы зор. «Бүгінгі таңда халық өзі тұра­тын аумақты дезинфекциялау уа­қы­тылы жасалып жатыр ма? Оған бюд­жеттен қанша қаржы бөлінді, де­зинфекция жасау үшін қандай ұйым­мен шарт жасалды деген мәлі­метті білуі тиіс. Бұл орайда, біз қоғам­дық ұйым ретінде қалалық әкім­дікке, оған қарасты басқар­ма­ларға сауал жолдадым. Қазақстан­ның кез келген азаматы электронды үкімет арқылы құзырлы меке­ме­лер­ге осылай сұрақ жолдап, қоғам­дық бақылауға үлес қоса алады», – дейді ол. Сонымен бірге жемқорлық де­регін байқаған кез келген адам бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне немесе Қар­жы министрлігінің Қаржы мо­ниторингі комитетіне хабарлауы тиіс. Сонда біз коронавируспен кү­­ре­су үшін бөлінген қаржының бі­реу­дің қалтасында кетуіне жол бер­­мейміз.  

Өкпеге ауа жіберуші аппараттың саудасы жүріп тұр

Мемлекеттік сатып алу пор­та­лында дәл қазіргі уақытта ӨАЖ (өкпеге ауа жіберуші) аппараты мен оның қосалқы бөлшек­терінің, обаға қарсы киім, бет­перде мен медициналық қол­ғаптар саудасы қызып тұр. Тап­сырыс беруші – Денсаулық сақтау басқармалары. Былтыр күзден бастап ӨАЖ аппаратының қосалқы бөлшектеріне сұраныс жоғары болған сияқты. Демек, бұл аппараттар ауруханалары­мызда бұзылып тұрған ғой. Айт­қандай, аталған аппарат биыл айтарлықтай қымбаттаған. Мы­салы, 2018 жылы мемлекеттік сатып алу порталы арқылы 7 700 мың теңгеге сатып алынған. Сол аппараттың бағасы қазіргі күні 25 млн теңгеден асып кетті. Алматы қаласы Денсаулық сақтау бас­қармасының шаруашылық жүргізу кұқығындағы Изатима Жекенова атындағы қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасы сол аппаратты ашық конкурс арқылы 25 млн 700 мың теңгеге сатып алды. Бүгінгі таңда бюджет қаржы­сының тиімді жұмсалуын сырт­тай бақылап отырған Zertteu Research Institute-ның директоры Қуаныш Оңалбаевтың ай­туын­ша, елімізде төтенше жағдай ен­гізілгелі бері 2,3 млрд теңгеге 143 ӨАЖ (өкпеге ауа жіберу) ап­па­раты сатып алынған.    width= «Шығыс Қазақстан облысы ауруханалары 50 ӨАЖ аппаратын алған. Аппараттарды бір орталық емес, әр деңгейдегі ауруханалар өзі сатып алған. 850 млн теңгеге барлығы 29 келісімшарт жасал­ған. Өнім беруші – «Медико-инновационные Технологии» ЖШС. Ал қалған аймақтарда бір орталықтан сатып алған», – дей­ді. Мысалы, Қостанай облыстық ауруханасы 720 млн теңгеге 40 аппарат алған. Өнім беруші – QazMed Leasing ЖШС; Қара­ғанды облыстық клиникалық ауруханасы 399,7 млн теңгеге 36 аппарат алған. Өнім беруші – «Қасиет-Фарм» ЖШС; Ақмола облысының Денсаулық сақтау басқармасы SanMed Plus ЖШС 125 млн теңгеге 10 аппарат алған; Солтүстік Қазақстан облы­сын­дағы қалалық көпсалалы ауру­хана 7 аппарат алған. Оның бе­сеуі QazMed Leasing ЖШС-нен 125 млн теңгеге, ал қалған 2 ап­паратты 38 млн теңгеге ZEN INVEST ЖШС-дан сатып алған.  

Гүл сатушы бетперде жеткізушіге қалай айналды?

Жалпы, кез келген сатып алу дерегі қаржының жұмсалу са­пасын бағалауға мүмкіндік бере­ді. Айталық, Түркістан облысы­ның Қоғамдық денсаулық бас­қармасы биыл 8 сәуірде бірреттік бетперде сатып алу туралы ке­лісімшарт жасасқан. Кіммен деңіз? Гүл шоқтарын сататын ком­паниямен. Мұны Zertteu Research Institute анықтады. Осы сатып алу шартында 4 000 дана бетперде үшін 5,4 млн теңге тө­ленген. Сонда әр бетперденің ба­ғасы 1 350 теңге болады. Бет­перделер FFP1 қорғаныс деңге­йіне сай болуы керек. Бұл тех­никалық талапта жазылған. Дәл осы сатып алудың шарты бір көзден алу тәсілімен жасалған. «Өнім беруші ретінде ZakazBuketov.KZ Astana ЖШС Мем­лекеттік сатып алу порталында сатып алу өтетіннен екі күн бұ­рын, яғни 6 сәуірде тіркелген. Мемлекеттік сатып алу порталы мен компания сайтында көрсе­тілген басшының аты-жөні то­лық сәйкес келеді. Тіркелген ме­кенжайы да бірдей: Нұр-Сұл­тан қаласы, Мәңгілік ел даңғылы, 27. Компания негізінен гүл шоқ­тарын жасау, жеткізумен айна­лысады. Медицина саласы, бет­перделер өндірісі саласына қа­тысы жоқ», – дейді Қ.Оңалбаев. Коронавируспен күресті әр­кім әрқалай түсінсе керек. Мы­са­лы, төтенше жағдай кезінде Қос­танай облысының Денсаулық сақтау басқармасына қарасты 29 аурухана көлік сатып алған. 29 аурухана үшін сатып алынған көлік саны – 70! Жетпісі де ар­найы медициналық автокөлік. Автокөлікті өндіруші мен марка­лары да бірдей. Яғни, барлық ав­токөлік бір ғана өнім беруші – «СарыарқаАвтоПром» ЖШС-нен тікелей келісімшарт арқылы бір көзден сатып алынған. Автокөлік бағалары 5,9 млн және 6,1 млн теңге аралығында. Өнім берушімен келісімшарт биыл 2-3 сәуір аралығында жа­салған. Қостанай аудандық аурухана­сына 5 автокөлік сатып алынған. Ал Жітіқара, Жангелдин, Әулие­к­өл, Қамысты, Қарабалық, Аман­гелді аудандық аурухана­ларының әрқайсынан 4 авто­көліктен, Меңдіқара, Алтын­са­рин, Қарасу, Федоров аудандық ауруханалары мен Арқалық өңір­лік емханасына, Октябрь се­лолық ауруханасына 3 автокөлік­тен, Ұзынкөл, Бейімбет Май­лин, Сарыкөл аудандық ауру­ханала­рына, Құсмұрын селолық ауруханасына және Қостанай қалалық ауруханасына 2 авто­көліктен, қалған 11 ауруханаға 1 автокөліктен сатып алынған. Осы автокөліктің барлығына 414 млн 600 теңге жұмсалған. Бү­гінгідей төтенше жағдай кезінде осынша автокөлік алудың қажеті болды ма? Қажет болса неге бір аурухананың өзіне 3-5 авто­кө­ліктен сатып алынды? Бұл әлде коронавируспен күресу үшін дайындық па? Азық-түлік бағасын тұрақ­тан­дыру үшін әлеуметтік-кәсіп­керлік корпорациялары азық-түлік қорын толықтырып жатыр. Оған да бюджет қаржысы жұм­салады. Мысалы, «Каспий ӘКК» АҚ төтенше жағдай уақытында Мемлекеттік сатып алу порталы арқылы барлығы 565 792 998 теңгеге 10 түрлі азық-түлік сатып алған. Барлық тауар бойынша 1-10 сәуір аралығында тікелей бір көзден алу тәсілімен келісімшарт жасалған. Барлық өнім берушінің 7-і МСА порталында алғаш рет келісімшарт жасаған және оның бәрі «Каспий ӘКК» АҚ-пен. Ал өнім беруші «ИП Ануарбек» Алматы қаласында тіркелген. Бұған дейін МСА порталында бір ғана келісімшарт жасаған. Ол 2017 жылы Өскемен арнайы әлеу­меттік қызмет көрсету орта­лығына линолеум, яғни құрылыс материалын жеткізген. Байқап отырғанымыздай, кейбір сатып алудағы өнім бе­рушілер сол өнімді өндіруші емес. Кейбірі сатып алу өткізі­летін уақыттан 1-2 күн бұрын құрылған. Мұның барлығы жіті тексеруді қажет ететін деректер. Коронавируспен күрескен дұрыс, бірақ коррупциямен кү­ресуді де ұмытпауымыз керек.  

Халима БҰҚАРҚЫЗЫ