Жәрдемақыны кім алады?
Жәрдемақыны кім алады?
2,146
оқылды
Төтенше жағдай режимінің қашанда экономикалық және әлеуметтік салдары болады. Мәселен, карантин кезінде бір ғана Алматы қаласында кәсіпорындардағы жұмысшылар саны 266 мың адамға азайған. Жеке кәсіпкерлердің 80 пайызы қызметін тоқтатқан. Алдын ала болжам бойынша қазіргі ахуал 500 мыңға жуық қазақстандықтың қалтасын қағуы мүмкін. Осындай қиын-қыстау кезеңде мемлекет қазынасынан бөлінген әлеуметтік жәрдемақылар тиісті мекенжайын адаспай тауып барды ма?  

42 500 теңгеге телміру

Еңбек және халықты әлеумет­тік қорғау министрі Біржан Нұрым­бетовтің хабарлауынша, та­бысынан айырылған 1 миллион 779 мың адамға әлеуметтік төлем т­ағайындалып, есепшоттарына 75 миллиард 600 миллион теңге ау­да­рылған. 42 500 теңге алуға 4 мил­лион 900 мың өтініш түскен, оның 3 миллион 703 мыңы қарал­ған. Демек, Қазақстан халқының шамамен 20 пайызы, яғни әрбір бесінші азамат көмек сұраған. 13 сәуірде өткен арнайы бри­финг­те министр 42 500 теңге әлеу­меттік төлемнің кей жағдайда ке­шігіп жатқанын мойындады. Оның айтуынша, әлеуметтік тө­лем­мен үш мекеме айналысады. 42 500 теңге бюджеттен емес, мем­ле­кеттік сақтандыру қорынан тө­ле­неді, ақшаны азаматтардың есеп­шотына бұрынғы зейнетақы ор­талығы – «Азаматтарға арналған үкі­мет» корпорациясы ау­дара­­ды жә­не өтінішті Еңбек және ха­лықты әлеу­меттік қорғау ми­нистр­лігі қа­был­дайды. – 60 мыңнан астам адам жеке сәй­кестендіру нөмірін (ЖСН) дұ­рыс көрсетпеді, 83 мың адам қате есеп­шот жіберді, 500 мың адамның тұрақты жалақы алып отырғаны белгілі болды, миллионнан астам адам соңғы бір жылда бірде-бір рет әлеуметтік төлем аудармағаны белгілі болды, 378 адамның кей­бірі қайтыс болған, кейбірі Қазақ­стан азаматтығынан шығып кет­кен, – дейді Біржан Нұрымбетов. Ең бастысы, 42 500 теңге алған аза­маттар төтенше жағдайдың со­зылғанына байланысты тағы да 42 500 теңге алады, ол үшін қайта­дан өтініш беру керек емес. Алайда мем­лекетке негізсіз алақан жай­ған­дар да бар.  

«Сіздің шотыңызға 50 000 теңге түсті»

Дәл осындай мәтіні бар хабар­лама мыңдаған адамды айран-асыр қылыпты. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құ­рылған Birgemiz қоры аса мұқтаж аза­маттарға қаржылай көмек беру­ді ұйғарған. Күтпеген жерден ол­жаға кенелгендер әлеуметтік же­ліде қуанышын бөлісіп жатыр. «Менің есімім – Әсел. Үш ба­ла­ның анасымын. Алматыда тұра­мын. Бүгін қатты таңғалдым, ме­нің картама Birgemiz қорынан 50 мың теңге көлемінде көмек келді. Елбасы мен Nur Otan партиясына осы қиын уақытта бізді ұмыт­па­ғаны үшін алғыс айтамын! Естуім­ше, аз қамтылған көпбалалы от­ба­сы­ларға, 1-топтағы мүгедек­тер­ге, жетімдерге және басқаларға көмек көрсетіледі екен. Қала тұрғындарынан карантин кезінде барлық сақтық шарасын сақтауды, айрықша қажеттілік болмаса, үй­ден шықпауды сұраймын, біз бірге бар­лық сынақтан өтеміз!» деп жаз­ды Әсел Омарова есімді Instagram қолданушысы. Birgemiz қоғамдық қорының тө­ра­ғасы Руслан Сәкеевтің 10 сәуір­де таратқан ақпаратына сүйен­сек, 50 мың теңге мате­риал­дық көмекті 50 мыңнан астам адам алған. 7,6 миллиард теңге өңірлік қор­лардың шоттарына аударыл­ған. Бұл сома карантинде жатқан 23 ірі қаланың тұрғындарына ар­нал­ған. Әкімдер мен әлеуметтік қор­ғау органдары ұсынған тізімге табысы тым аз қазақ­стан­дық­тар ғана енген. Оның ішінде аз қам­тылған және көпбалалы отба­сы­лар, мұқтаж мүгедектер, мү­ге­дек баланы тәрбиелеп отырғандар, ең төменгі зейнетақы алатын және ха­лықтың әлеуметтік жағынан осал топтарының тізіміне кіретін­дер, зейнеткерлер, жетім балалар, ҰОС ардагерлері мен оларға теңес­тірілген мүгедектер, тыл ең­бек­керлері бар.  

Азық-түлік себеті

Айтпақшы, төтенше жағдай ке­сірінен азық-түлік бағасы 9,3%-ға өскен. Кеше ғана бұл туралы Ұлт­тық банктің төрағасы Ерболат Досаев мәлімдеді. – Мұндай динамика, бір жағы­нан, көкөніс бағасының науқан­дық өсуінен, ал екінші жағынан, ка­ран­тин уақытындағы сұраныс­тан туындады, – деді Досаев Үкі­мет отырысында. Мысалы, наурыз айында қант 8,5 пайыз, көкөніс пен жеміс-жи­дек – 5,1 пайыз, қарақұмық жар­ма­сы 2,5 пайыз қымбаттаған. Осы олқылықтың орнын тол­тыру мақсатында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 31 наурыз­да жасаған үндеуінде тегін азық-тү­лік себетімен қамтамасыз етілу­ге тиіс азаматтар санатының тізі­мін кеңейту керегін атап өтті. – Мұндай көмек себеті қосым­ша 1, 2, 3-топтағы мүгедектерге, мү­­­гедек балаларға және ресми тір­келген жұмыссыздарға ұсы­ныл­ғаны жөн. Бұл шара 800 мың­нан астам адамды қамтиды. Өн­діру және жеткізу үшін жергілікті ша­ғын және орта бизнесті тарту маңыз­ды. Мемлекет әлеуметтік қол­дау қорларының мақсатты жұм­салуын бақылаудың тиімді те­тігін қамтамасыз ететін плат­фор­маны құруға отандық IT-ком­панияларды жұмылдыруы қажет, – деген еді Мемлекет бас­шысы. Айта кетейік, әлеуметтік се­бетте жарма, макарон, күріш, май және міндетті түрде меди­цина­лық бетперделер, антисептик секілді заттар қамтылған. «Қазпошта» АҚ осы бағдарламаның операторы ретінде белгіленді. Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтің сөзінше, азық-түлік топтамасын атаулы әлеумет­тік көмек алып жүрген отбасын­дағы әр бала ала алады. Барлық топ­тағы мүгедектер (695 мың адам) де, мүгедек баланы қарап отыр­­ған ата-ана, ресми түрде тір­кел­­ген жұмыссыз адамдар да азық-түлік топтамасына ие бола­ды. Жалпы, Қазақстанда айына шамамен 1,5 млн адамға азық-тү­лік топтамасы беріледі. Оны тара­ту жергілікті әкімдердің мойнын­да.   Түйін:  

Конституцияның 1-бабында «Қазақстан өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады» деп тайға таңба басқандай жазылған. Мемлекет­тің карантинде жүргізіп отырған жұмысы Ата заңдағы осы анықтамаға сайма-сай. Әрине, халықты жаппай жәрдемақымен жарылқап тастады деу қисынсыз шығар. Бірақ нәтиже көңіл көншітпесе, оның бір ғана себебі бар, ол – экономикалық әлеует.

 

 width=     Еркебұлан НҰРЕКЕШ