Covid-19: Індеттің шарықтау шегіне таядық
Covid-19: Індеттің шарықтау шегіне таядық
2,141
оқылды
Елімізде COVID-19 вирусын жұқтырғандар саны 1 000-нан асып кетті. Тура 1 айдың ішінде еселеп  артқан жайы бар. Естеріңізде болса, 13 наурыз кү­ні алғаш рет бұл вирусты жұқтырған 4 адам тіркелген болатын. Әрине, жұрт наурыздың ба­сында сол кезде еліміздің бас санитар дәрігері қызметін атқарып жүрген Жандарбек Бекшиннің сөзін еске алары анық. Ол әлемді дүрліктіре бастаған COVID-19 вирусы 11 мен 16 наурыз аралы­ғын­да елге кіруі мүмкін екенін болжаған. Білікті маман белгілі бір есепке сүйенді ме, жоқ, әлде тиісті тексерулердің алдын ала шыққан нәтижелері қолдарында болды ма, білмейміз, әйтеуір оның «сәуе­гейлігі» дәл келгені бар. Кейін түрлі сарапшылар індеттің жайылу жылдамдығы мен оның таралуы­ның ең жоғары деңгейіне қатысты түрлі болжам жасады.  

«СӘУІРДЕ ДЕ ТӘУІР БОЛМАЙДЫ» ДЕСКЕН

Қазақстанда алғаш рет COVID-19 вирусын жұқтырған адам тіркелген соң, қоғамның на­зары бірден осы індетке ауғаны бар. Үкімет те қарап қалмады, түрлі шектеу шарасын енгізді. Біз де індет тым қарқынды тарай қой­майтын болар деп үміттенгенбіз. Алайда олай болмады. Наурыз айында індеттің кесірінен бірнеше отандасымыз көз жұмды. Ал ма­мандар түрлі болжам айта бастаған болатын. Айталық, Үкімет атқарып жатқан жұмыстарды бұқараға жеткізіп тұру миссиясын Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәу­рен Абаев 23 наурызда өткен брифингте індет таралуының жо­ғары деңгейіне жете қоймағаны­мызды айтқан. Бірақ ол вирустың жайылуының шарықтау шегі қай айға немесе мезгілге тұспа-тұс ке­ле­тіні жайлы ештеңе демеді. Ша­масы түрлі пікір айтқан мамандар­дың болжамына да күмәнмен қарады ма, кім білсін?! Дегенмен кейін Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов вирус сәуір мен мамырда көп тарайтынын айтты. Ол 5 сәуір күні Facebook парақша­сында: «Елімізде әлі де індетті жұқ­тырғандардың жалпы санының өсіп келе жатқаны байқалады. Өзге мемлекеттердің тәжірибесіне қарап, ауру сәуір-мамыр айларын­да өршиді де, сәуірдің бірінші жартысында шарықтау шегіне же­теді деген болжам жасауға болады. Біздің елімізде аталған аралықта науқастар саны 3 500-ге жетуі мүмкін» деп жазды. Әрі дәл аталған ойын жазған кезде елімізде тіркел­ген науқастар саны 551 екенін атап өтті. Арада 10 күн өткенде министр айтқан дерек екі еседен астам өсіп кеткен жайы бар. Яғни, сәуірдің бірінші емес, екінші жартысының басында індеттің таралуы күрт көбейіп кетті. Жалпы, денсаулық сақтау са­ласына қандай да бір қатысы бар атқамінерлер айтқан деректің барлығында індет таралуының шарықтау шегі сәуір-мамыр деп көрсетіліп жүр. Дегенмен ішінара 1-2 аптаны әрі-бері «жылжытып» жіберу де кездеседі. Мәселен, Ден­саулық сақтау министрлігінің жа­уапты хатшысы Ботагөз Жақ­сылықова эпидемияның шарықтау шегі сәуірдің соңына сәйкес ке­летінін болжаған. «Эпидемияның шарықтау шегінен әлі өткен жоқ­пыз. Дегенмен Нұр-Сұлтан мен Алматыда карантин шараларының арқасында індеттің жайылуын төмендете алдық. Өзге аймақтарда эпидемияның таралып жатқанын көріп отырмыз. Еліміз бойынша оның шарықтау шегі алдағы 1-2 аптаға сәйкес келеді» деген еді 10 сәуір күні министрліктің жауапты хатшысы. Ол айтқан 1-2 аптаның алғашқысының ортасына да кел­дік. Өкінішке қарай, антире­корд әзірге осы аптаға сәйкес келіп тұр. Ал ДСМ Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіз­дігін бақылау комитетінің төрағасы Людмила Бюрабекова: «Біздің ғылыми орталықтарымыз дайын­даған болжамға сәйкес, Қазақ­стан­да коронавирус инфекция­сының шарықтау шегі сәуір айы­ның соңына, мамыр айының басына тұспа-тұс келуі мүмкін. Ол кезде шамамен коронавирус жұқ­тырғандар саны 2 мыңға жетуі ық­тимал», – деді. Комитет төра­ға­сы өз бастығынан кейін 1 аптадан соң мәлімдеме жасағанын ескер­сек, соңғы болжам жағдайды барынша нақты көрсететін тәрізді. Оған да уақыт төреші.  

НАУРЫЗДАҒЫ АНТИРЕКОРД БҰЗЫЛДЫ

Біздің пайымдауымызша, COVID-19 вирусының наурыз айын­дағы таралу деңгейі қазіргідей тым қарқынды болмаған тәрізді. Әсі­ресе, екі мегаполисте жағдай қа­лыпты сияқты көрінген. Алғаш рет дерттен жазылып шыққандар да, көз жұмғандар да індет алғаш анықталғаннан кейін 13 күннен кейін тіркелді. 26 наурызда Нұр-Сұлтан мен Алматыда алғаш рет індеттен жазылып шыққан азамат тіркелсе, сол күні бір отандасымыз көз жұмған. Арада 2 күн өткенде алғашқы антирекорд тіркелді. 28 наурызда еліміз бойынша 78 адамның бойынан вирус табылды. Ал 6 сәуірде тағы 78 адамнан вирус анықталса, 12 сәуірде бұл дерек қай­таланды. Өкінішке қарай, «нағыз» антирекорд 13 сәуірде тіркелді. Еліміз бойынша 112 адам­ның бойынан вирус табылды. 14 сәуір күні таңертең тағы 88 адам қосылды. Сөйтіп, індетке шалдық­қандар саны – 1 179 адам. Ең өкі­ніштісі, ұзақ уақыт бойы індеттің таралуы төмендеп келе жатқандай көрінген Алматы қаласында эпи­демия қайтадан бұрқ ете түскенге ұқсайды. Шамамен 3 аптаға жуық уақыт онда індет жұқтырғандар саны Нұр-Сұлтан қаласындағы жағдайдан кемі екі, әйтпесе үш есе төмен еді. Алайда соңғы 2 күнде Алматыдан анықталғандар саны 346-ға жетті. Осы тұста тағы бір мәселені айта кету керек. Індеттің таралу жылдамдығына қатысты дәрігер­лер ғана емес, ІТ мамандары да, өзгелер де түрлі болжам айтқан. Мәселен, Кибершабуылдарды зерт­теу мен анализ жасау орталы­ғының (ЦАРКА) мамандары нау­рыз айында өз есептерін жария­лаған. Әлемдегі статистикаға сүйе­ніп арнайы модель жасапты. Онда 10 сәуірде елімізде індет жұқтыр­ғандар саны 17 мыңға жетуі мүмкін деген болжам айтылған-ды. Абы­рой болғанда ондай дерек тіркелген жоқ. Мұның өзі індеттің таралу деңгейі әр елде әртүрлі болуы мүм­кін екенін көрсетеді.  

ӘЛЕМДЕ 22 НАУРЫЗДАН КЕЙІН ӨРШІДІ

Жаһанда COVID-19 індетінің таралу қарқынын онлайн режимді көрсетіп тұратын worldometers.info сайтының мәліметіне көз салса­ңыз, эпидемияның таралу деңге­йінің 22 наурыздан кейін күрт өскені байқалады. Мәселен, 7 нау­рызда жаһанда бұл дертті жұқтырған 109 мың адам тіркелсе, 22 наурызда олардың саны 337 мыңға жеткен. Ал 14 сәуірде індет жұқтырғандар саны 1 млн 926 мың болды. Бұл дегеніңіз 20 күнде 5,7 есеге артқанын байқатады. Індет­тен көз жұмғандар саны 22 нау­рыз­да – 14 640, ал 13 сәуірде 119 618-ге жетті. Яғни 8,1 есе көбейген. Індет алғаш пайда болған Қытайда 1 нау­рыздан бері дерт жұқтырғандар саны қарқынды өсе қойған жоқ. Сол күні 80 мыңға жетсе, қазір 82 мыңнан асты. Бір жарым айдан астам уақыт бойы шығыстағы көршіміз пандемияны тежеп тұр. Бірақ 10 сәуірден бері бұл елде аздап болса да індет жұқтырғандар саны өсіп келеді. Күніне жүзге жуық адамның індет жұқтырғаны белгілі болып жатыр. Мәселен, 10 сәуірде – 46, 11 сәуірде – 99, 12 сәуірде – 108, 13 сәуірде 88 адамнан вирус табылды. Яғни, Қытайда жаңа індет ошақтарының пайда болу қаупі бар деген сөз. Сондық­тан әзірге жаһандық індеттің шарықтау шегінің қай кезге сәйкес келетінін болжау қиын. Амери­калық Boston Consulting Group Еуропа мен Американың көптеген елінде індеттің ша­рықтау шегі сәуірдің ортасынан бастап, мамыр айына дейін жал­ғасады деген болжам жасаған. Сондықтан АҚШ пен Канада, Еуропаның біраз елдері шілденің, Бразилия, Ар­гентина мен Оңтүстік Африка Республикасы тамыздың аяғына дейін карантин режимінде болуы ықтимал. Тек Швеция мен Нор­вегия елдері маусымның соңында карантиннен шығуы мүмкін деседі әлгі сарапшылар.  

 width=    Амангелді ҚҰРМЕТ