Сұрапыл соғыс салмағы
Сұрапыл соғыс салмағы
442
оқылды

ХХ ғасыр небір аласапыран оқиғаға толы болды. Адамзат тариxында талай шайқас болған да шығар, бірақ дәл осы Екінші дүниежүзілік соғыс тәрізді сұрапыл соғыс болған емес. Миллиондаған адам құрбандыққа шалынды. Қаншама шаңырақ ортасына түсті. Әсіресе, жанқиярлық әрекетке әр кез дайын тұратын біздің қазақ секілді жауынгер халыққа тіптен оңай тимеді.

Жақында Nur Otan партия­сының қолдауымен «Ұмытылған қаһармандар» атты кітап жарық көрді. Партия Төрағасының Бі­рінші орынбасары Мәулен Әшімбаев «Жобаның басты мақ­саты – ұмыт қалған ардагерлері­міздің есімдерін дәріптеп, олар­дың ерліктерін кеңінен наси­хат­тау, сол арқылы өскелең ұрпақты отансүйгіштікке баулу. Кітапқа Батыр атағына ұсынылған 133 қа­зақстандық майдангер туралы мәліметтер енгізілген. Дегенмен ерліктері ескерілсе де, еленбей қалған батырларымыздың бұдан да көп екені белгілі», – деді.

Адамзат баласына қасірет әкелген «изм»-дер зардабы ора­сан. Коммунизм мен фашизм жазықсыз жандардың қанын су­дай шашты. Осы ретте қазақ халқының қандай құрбандыққа ұшырағаны туралы деректерді нақтылау қажет тәрізді.

Елбасы бір сөзінде «Қазақстан ол кезде 6 миллион xалқы бар мемлекет еді. Оның 1,8 миллионы соғысқа қатысып, тең жартысы майданнан қайтқан жоқ» деген болатын. Жеңістің 70 жылдығына орай айтқан сөзінде «Біз сол уақытта бір ел болдық және бірге соғыстық. Сол кезде, соғыс ал­дында Қазақстан халқы 9 немесе 10 млн болатын. Оның 2 мил­лио­ны, халықтың 20 пайызы соғысқа шақырылды. Олардың жартысы соғыс даласынан елге оралмады. Сондықтан да Ресей мен басқа да елдердегі сияқты Қазақстанның әрбір отбасы соғыс салдарын біледі. Жылдан жылға ардагерлер қатары сиреп барады. Олардың барлығын өз қамқорлығымызға алдық» деді.

Осындай әртүрлі дерек бар. Ресми мәліметтерде «Соңғы де­ректер бойынша Қазақстаннан майданға аттанған 1 млн 200 мың жауынгердің 600 мыңы үйлеріне қайтып оралмады. Жалпы, бұ­рын­ғы Кеңес Одағының 27 мил­лионға жуық адамын жал­маған қанды қырғында елімізден аттанған 500-ден астам жауынгер 1934 жылы бекітілген ең жоғарғы Кеңес Одағының Батыры атанған болатын, оның 100-ден астамы қазақтар. Сонымен қатар 142 қа­зақстандық «Даңқ» орденінің толық иегері атанса, Кеңес Ода­ғының орден, медальдарымен марапатталған қазақстандықтар саны 100 мыңға жуықтайды. Соғыс ардагерлерінің қатары жыл өткен сайын сиреп барады» деп көрсетілген. Кейбір деректерде «КСРО халқының 30 миллионнан астам адамы құрбан болды» де­лінеді.

Қалай болғанда да, бұл соғыс қазақ ұлты үшін оңайға түскен жоқ. Ел демографиясына сұмдық ауыр зардап келді. Соның әсері әлі күнге дейін білінеді. Жеңіс күнін тойлағанда оның қасіреті мен қайғысын естен шығармау керек.