Қалыпты қозғалыстағы карантин
Қалыпты қозғалыстағы карантин
2,154
оқылды
Адам кез келген нәрсеге үйренуі үшін жағдайды толық қабылдауы керек. Психология тілімен карантин­дегі тұлғаның жай-күйі осылай суреттеледі. Ал уақытты тиімді пайдалану өз еркіңде. Онлайн өмірдің көз бен омыртқаға залалы, күйзеліске түсуге ықпалы көп. Төрт қабырғаға қамалғаннан артық салмақ жинап алатындар бар. Дегенмен үй жағдайында сыр мен сымбатты бұзбай, ағзаға зиян тигізбеудің амалы бар ма? 1 ай көлемінде торда отыр­ған­дай күй кешу сынаққа ұқсайды. Сы­нақты ойдағыдай тапсыруға пси­хология мен иммунитет  кө­мек­теседі. Осындайда қашықтан жұ­мыс істеп жатқандарға қызыға қа­райтындар табылады. Ал оларға онлайн жұмыс кезінде көзін сақ­тап, дене белсенділігін қалыпта ұстаған абзал. Мүлдем жұмыстан шет қалғандарға келсек, көңіл күйді түсірмей, сергек қалыпты сақтау керек. Бұл – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ке­ңесі. Ұйым мәлімдегендей, каран­тин кезінде үш басты шартты бұл­жытпай орындасаңыз, төтенше жағдай сізге мүлдем әсер етпейді. ДДСҰ көбірек қимылдауға, бір орында отыруды азайтуға, күйзе­ліспен күресуге шақырады. Олар 1 апта ішінде 150 минут физикалық белсенділікті қалыпта ұстау кере­гін жазған. Немесе аптасына 75 минут қарқынды түрде жаттығу жа­сау қажет. Байқасаңыз, артық салмақ қосып алмауды үндейтін сияқты. Иә, артық салмақ қосу ағза­ға зиян. Бірақ карантин  көп­шілікті асүйге жақын жүруге үгіт­тейді. Тіпті, әлеуметтік желіде  бә­ліш пен дәмді тамақтың суре­тінен аяқ алып жүре алмайсың. Мұ­ның бәрі психоло­гия­ға әсер етеді. Диетолог мамандар теледидар ал­дында тамақ жеуден бас тартуды ұсынады. Егер бас тарта алма­са­ңыз, чипси мен пістенің орнын же­міс-жидекпен алмастыруды  жөн деп санайды. Ал ДДСҰ дененің қалыпты күйін сақтау үшін уақы­тылы су ішуді ұсынады. Тәттіні, құрамында қанты көп сусынды сумен алмастыруды сұрайды. Ең дұрысы – уақытылы әрі дұрыс та­мақтану.  Осы қарапайым заңды­лықты орындамасаңыз, арты күй­зеліске ұласуы мүмкін екен. Психолог Лимана Құттыбек­қызының айтуынша, адамдар күй­зеліске түстім дегенді жиі айтады. Жалпы, күйзеліске түскенімізді қалай білеміз? Маманның сөзінше, бір белгі ғана күйзеліске түскені­ңізді білдірмейді. Ұйқының бұ­зылуы, мазасыздық, салмақтың өзгеруі, эмоцияның жоғалуы мен денсаулықтың нашарлауының артында күйзеліс тұр. Мұны аме­рикалық мамандар «психологиялық тұмау» деп атайды. Күйзеліс күйден арылмау, торығу денсаулыққа зиян. Болмашы нәрсеге күйгелектену жүйкені тоздырады, жүрекке күш түсіреді, өмірді қысқартады, адам­ның мінез-құлқын өзгертеді. Сол үшін психолог бірнеше кеңесті есте ұстауды өтінеді. «Жұмыс істеп, шапқылап жүріп үйренген адамдар карантин кезінде үйде отырып, стреске ұшырап жат­қанын айтып шағымданады. Оған қоса, теледидар мен әлеуметтік желі толған негатив ақпарат. Не­ліктен? Өйткені адамдар арасында қарым-қатынас азайғанда сезім­талдық төмендейді. Сезімталдық төмендеген жағдайда психикалық денсаулығымызға нұқсан келуі мүмкін. Ал сезімталдықты дамыту арқылы иммунитетті нығайтуға болады. Ол үшін қарапайым ғана ережені есте ұстаған жөн. Көру, есту, иіс сезу, дәм сезу мен ұстап сезу техникасын дамытыңыз. Атал­ғандарға көңіл бөліп, махаб­батпен қараңыз», – дейді психолог Лимана Құттыбекқызы. Ал қашықтан жұмыс істеу ке­зінде күш түсетін ағза – көз бен омырт­қа. Әсіресе, көз бір сәт да­мыл таппайды. Онлайн жұмысты біразымыз жүйесіз істейміз. Күн тәртібін құрып, компьютер мен смартфонға шектеу қоюды ұмыт­тық. Көз дәрігері Диана Асқарқы­зының сөзінше, ояна салып теле­фонға үңілу дұрыс емес. Ұйқыдан тұрған соң, жарты сағат немесе бір сағаттан кейін әлеуметтік желі әле­міне кірген жөн. Жалпы, экранға тапжылмай қарау көзге зиян. Өйт­кені бір нүктеге қарап отырғанда, көзді жыпылықтатуды ұмытамыз.  Маманның айтуынша, адам 20 секундта көзін 3-4 рет жыпылық­татады. Ал мұны ұмыт қалдырса, бірте-бірте жас каналы бітеліп, көз құрғайды. Кейін көз құрғауының жазылуы қиын. «Көзге үнемі демалыс керек. Компьютермен жұмыс істегенде, кітап оқығанда 45 минут сайын процесті тоқтата тұрыңыз. Бұл – үлкен көмек.  Ал жұмыс арасында 5-10 минут сайын көзге жаттығу жасаңыз. Мәселен, 5-7 жастағы бала  компьютер алдында күніне 40 минут отырса жетеді. Ал 12-13 жас­тағы жеткіншек үшін 70 минуттың өзі жарайды. Арасында көзге ар­налған қарапайым жаттығу жасауы керек. Компьютер алдында отыр­ғанда,  теледидар көргенде арақа­шық­тықты сақтаған абзал. Ал экран арқылы ұзақ оқу бас ауруы мен жүрек айнуын тудырады», – дейді көз дәрігері Диана Асқарқызы. Иә, қазір үйде отырып, әлемді құтқаруға қауқарыңыз жетеді. Бірақ жоғарыдағы маман кеңесін естен шығармаңыз. Зер салсаңыз, барлығы бір-бірімен тығыз бай­ла­нысты. Бір орында тапжылмай отыр­саңыз, артық салмақ жи­найсыз. Артық салмақ күйзеліске әкеледі. Күйзеліс карантиндегі жағ­дайды тіпті қиындатады. Сондықтан ДДСҰ ұсынған тізбекті үзіп алмай, саламатты өмір салтын ұстану керек.  

 width=   Айзат АЙДАРҚЫЗЫ