Тәртіп бұзғандар көп
Тәртіп бұзғандар көп
146
оқылды
Үйден шықпаңыздар деп қаншама рет ескерту жасалғанымен, адамдар үйде отырудан жалыққан сы­ңай­лы. «Қыс бітіп, көктем келгенде төрт қабырғаға тел­мір­мей, тым болмаса, ауа жұтып келейік» деп көше кез­гендердің қарасы қалың. Терезеден сыртқа көз тастасаң, жайбарақат серуендеп жүрген тұрғындарды көресің. Бірі баласын, бірі итін жетектеп алған. Төтенше жағдай кезінде жа­рияланған жаппай карантиннің бітуіне әлі екі аптадай уақыт бар. Бір аптасын әупірімдеп өткізген халық «екінші аптаға шыдамымыз жете қояр ма екен?» деп алаңдаулы. Біз газетіміздің алдыңғы сан­дарында бұған дейін блок-бекеттегі бұзақылар, полицейлерге қол кө­тергендер, жалпы карантин тәртібін бұзғандар туралы бірнеше рет жаз­ған болатынбыз. Осы жолы да тәр­тіпке бағынғысы келмей, жаза­ланғандар жөнінде бірқатар деректі келтіреміз. Карантин жарияланғалы бері екі мыңға жуық адам режим талап­тарын бұзған. Жуырда елордада түнгі уақытта бірнеше рет отшашу атқан ер адам ұсталды. Тәртіп бұзушыға сот ше­шімімен 26 мың теңге айыппұл салынды. Сонымен қатар Ақтөбе облысы Темір ауданының азаматы жалған ақпарат таратқаны үшін жауапқа тартылды. Ол «блок-бекет арқылы ауылға вирус жұқтырған адам кіріп кетті» деп тұрғындарды дүрліктірген. Тәртіп бұзушы құрық­талып, 10 тәулікке қамалды. Осыдан бірнеше күн бұрын Ақтөбе облысының ПД қызмет­кер­лері жасырын қалааралық тасы­мал­даумен айналысқан жүргізушіні анық­тады. Дәрі-дәрмек тасымал­дай­тын көлік иесі Ақтөбе – Орал ба­ғы­тына 4 адамды алып өтпек болған. – Тексеру барысында автокөлік жүргізушісі фармацевтика ком­паниясының өкілімен Ақтөбе қа­ла­сынан Орал қаласына дәрілік зат­тарды тасымалдағаны анық­тал­ды. «Индрайвер» қосымша­сы­ның көмегімен жүргізуші және фарма­цевтика компаниясының өкілі Ақтөбеге жолаушы жинап, тасы­малдаған. 4 жолаушыға ӘҚБтК-нің «Төтенше жағдай режимін бұзу» бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Ал жүргізушіге ӘҚБтК-нің «Төтенше жағдай ке­зін­де қоғамдық тәртіпті бұзуға итер­мелейтін әрекеттер» бабы бойынша хаттама толтырылып, материалдар шешім қабылдау үшін Ақтөбе қаласының мамандан­ды­рылған әкімшілік сотына жіберілді, – деді облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов. Солтүстік Қазақстан облысында да блок-бекетті айналып өтпек болған 4 адам ұсталып, үш тәулікке қамауға алынды. СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Қызылжар ауданы­ның орталығы Бескөл ауылының тұрғыны мен облыс орталығының 3 тұрғыны Бәйтерек ауылындағы достарының моншасына жуынуға бара жатқан. Полицейлер жолау­шыларға карантин кезінде қалаға кіріп-шығудың шектелгенін, тек үлкен жүк көліктері мен азық-түлік, тауарлар тасымалдайтын көліктерге рұқсат берілгенін түсіндірген. Алай­да көлік жүргізушісі бірер ша­қырымнан соң трассадан түсіп, ауыл арасындағы жолмен шығып кетпек болады. Блок-бекетте кезек­шілікте тұрған сақшылар құқық бұзушыларды байқап, карантин аумағы жанынан қолға түсіреді. Қызылжар ауданы полиция бө­лі­мінің бастығы Әлихан Байқа­дамов  4 жігітке қатысты «Төтенше жағдай режимін бұзу» бабы бо­йынша әкімшілік материал жинал­ғанын, Қызылжар аудандық соты Бескөл ауылының 1988 жылы, Петропавл қаласының 1990 және 1991 жылдары туған тұрғындарын үш тәулікке қамауға алу туралы шешім шығарғанын айтып отыр. Ал Атырау қаласында «Ескі базар» әкімшілігі төтенше жағдай талабын бұзғаны анықталды. Әлеуметтік желілерде «Карантин. Атырау қаласында. Жоқ. Естіген жоқпыз» деген видео жарияланған. Онда адамдардың көп жиналғаны түсірілген. Төтенше жағдай кезінде­гі талаптарды орындамаған базар әкімшілігіне қатысты Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 476-бабы 6-бөлігімен толтырылған хаттама сотқа жолданды. Атырау облысындағы ТШО мердігер компанияларының бірінде де тәртіп бұзғандар анықталды. Атап айтқанда, ТШО қызметкерінің бірі вирус жұқтырғаны белгілі болады. Науқас оқшауландырылып, стационарға жатқызылады. Кейін онымен жақын қарым-қатынаста болған 9 адам тест тапсырып, олар­дың ешқайсысынан індет табыл­майды. Алайда әйелдер өздерінен вирус табылмаған сәттегі қуаны­шын видеоға түсіріп, әлеуметтік желіде таратып жібереді. Изо­лятордан кетіп қалғанымен қоймай, медицина қызметкерлерінің айт­қанына бағынбай, карантин аясын­дағы талапты сақтамаған. Мұны сол әйелдер жұмыс істейтін компания басшылығы да растап отыр. Осыдан соң аталмыш мекеме тәртіп бұзған қызметкерлеріне қатаң шара қолданатынын айтты. Тұрғындар тәртіп бұзды дейміз-ау. Блок-бекетте тұрған қызмет­керлер де жүргізушілерден темекіге ақша сұрауда. Бұл – тіпті шектен шық­қандық. Павлодар облысын­дағы блок-бекетте жүк көлігінің жүргізушісінен пара сұраған ар­найы жедел әрекет ету жасағының қызметкері жұмысынан босатылды. Сонымен қатар оның үстінен ӘҚБК 449-бабы бойынша әкімші­лік іс қозғалды. Мұндай құқықбұзушылық фак­тілері, ережеге бағынбау жағдай­лары жетіп артылады. Интернетті ашсаңыз жаңалықтардың тең жар­тысы тәртіп бұзғандар жайында. Олар туралы видеолар да үсті-үстіне жарияланып жатыр. Тәртіп бұз­ғандардың мұншалықты көбеюіне не түрткі болып отырғанын түсіне алмай біз де алаңбыз. Мүмкін жа­заны күшейтіп, айыппұлдың көле­мін арттыру керек шыар. Әйтпесе, тым еркінсіп кеткендейміз...  

 width=    Абылайхан ЖҰМАШ