Үйден шықпаңыздар деп қаншама рет ескерту жасалғанымен, адамдар үйде отырудан жалыққан сыңайлы. «Қыс бітіп, көктем келгенде төрт қабырғаға телмірмей, тым болмаса, ауа жұтып келейік» деп көше кезгендердің қарасы қалың. Терезеден сыртқа көз тастасаң, жайбарақат серуендеп жүрген тұрғындарды көресің. Бірі баласын, бірі итін жетектеп алған. Төтенше жағдай кезінде жарияланған жаппай карантиннің бітуіне әлі екі аптадай уақыт бар. Бір аптасын әупірімдеп өткізген халық «екінші аптаға шыдамымыз жете қояр ма екен?» деп алаңдаулы. Біз газетіміздің алдыңғы сандарында бұған дейін блок-бекеттегі бұзақылар, полицейлерге қол көтергендер, жалпы карантин тәртібін бұзғандар туралы бірнеше рет жазған болатынбыз. Осы жолы да тәртіпке бағынғысы келмей, жазаланғандар жөнінде бірқатар деректі келтіреміз. Карантин жарияланғалы бері екі мыңға жуық адам режим талаптарын бұзған. Жуырда елордада түнгі уақытта бірнеше рет отшашу атқан ер адам ұсталды. Тәртіп бұзушыға сот шешімімен 26 мың теңге айыппұл салынды. Сонымен қатар Ақтөбе облысы Темір ауданының азаматы жалған ақпарат таратқаны үшін жауапқа тартылды. Ол «блок-бекет арқылы ауылға вирус жұқтырған адам кіріп кетті» деп тұрғындарды дүрліктірген. Тәртіп бұзушы құрықталып, 10 тәулікке қамалды. Осыдан бірнеше күн бұрын Ақтөбе облысының ПД қызметкерлері жасырын қалааралық тасымалдаумен айналысқан жүргізушіні анықтады. Дәрі-дәрмек тасымалдайтын көлік иесі Ақтөбе – Орал бағытына 4 адамды алып өтпек болған. – Тексеру барысында автокөлік жүргізушісі фармацевтика компаниясының өкілімен Ақтөбе қаласынан Орал қаласына дәрілік заттарды тасымалдағаны анықталды. «Индрайвер» қосымшасының көмегімен жүргізуші және фармацевтика компаниясының өкілі Ақтөбеге жолаушы жинап, тасымалдаған. 4 жолаушыға ӘҚБтК-нің «Төтенше жағдай режимін бұзу» бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Ал жүргізушіге ӘҚБтК-нің «Төтенше жағдай кезінде қоғамдық тәртіпті бұзуға итермелейтін әрекеттер» бабы бойынша хаттама толтырылып, материалдар шешім қабылдау үшін Ақтөбе қаласының мамандандырылған әкімшілік сотына жіберілді, – деді облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов. Солтүстік Қазақстан облысында да блок-бекетті айналып өтпек болған 4 адам ұсталып, үш тәулікке қамауға алынды. СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Қызылжар ауданының орталығы Бескөл ауылының тұрғыны мен облыс орталығының 3 тұрғыны Бәйтерек ауылындағы достарының моншасына жуынуға бара жатқан. Полицейлер жолаушыларға карантин кезінде қалаға кіріп-шығудың шектелгенін, тек үлкен жүк көліктері мен азық-түлік, тауарлар тасымалдайтын көліктерге рұқсат берілгенін түсіндірген. Алайда көлік жүргізушісі бірер шақырымнан соң трассадан түсіп, ауыл арасындағы жолмен шығып кетпек болады. Блок-бекетте кезекшілікте тұрған сақшылар құқық бұзушыларды байқап, карантин аумағы жанынан қолға түсіреді. Қызылжар ауданы полиция бөлімінің бастығы Әлихан Байқадамов 4 жігітке қатысты «Төтенше жағдай режимін бұзу» бабы бойынша әкімшілік материал жиналғанын, Қызылжар аудандық соты Бескөл ауылының 1988 жылы, Петропавл қаласының 1990 және 1991 жылдары туған тұрғындарын үш тәулікке қамауға алу туралы шешім шығарғанын айтып отыр. Ал Атырау қаласында «Ескі базар» әкімшілігі төтенше жағдай талабын бұзғаны анықталды. Әлеуметтік желілерде «Карантин. Атырау қаласында. Жоқ. Естіген жоқпыз» деген видео жарияланған. Онда адамдардың көп жиналғаны түсірілген. Төтенше жағдай кезіндегі талаптарды орындамаған базар әкімшілігіне қатысты Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 476-бабы 6-бөлігімен толтырылған хаттама сотқа жолданды. Атырау облысындағы ТШО мердігер компанияларының бірінде де тәртіп бұзғандар анықталды. Атап айтқанда, ТШО қызметкерінің бірі вирус жұқтырғаны белгілі болады. Науқас оқшауландырылып, стационарға жатқызылады. Кейін онымен жақын қарым-қатынаста болған 9 адам тест тапсырып, олардың ешқайсысынан індет табылмайды. Алайда әйелдер өздерінен вирус табылмаған сәттегі қуанышын видеоға түсіріп, әлеуметтік желіде таратып жібереді. Изолятордан кетіп қалғанымен қоймай, медицина қызметкерлерінің айтқанына бағынбай, карантин аясындағы талапты сақтамаған. Мұны сол әйелдер жұмыс істейтін компания басшылығы да растап отыр. Осыдан соң аталмыш мекеме тәртіп бұзған қызметкерлеріне қатаң шара қолданатынын айтты. Тұрғындар тәртіп бұзды дейміз-ау. Блок-бекетте тұрған қызметкерлер де жүргізушілерден темекіге ақша сұрауда. Бұл – тіпті шектен шыққандық. Павлодар облысындағы блок-бекетте жүк көлігінің жүргізушісінен пара сұраған арнайы жедел әрекет ету жасағының қызметкері жұмысынан босатылды. Сонымен қатар оның үстінен ӘҚБК 449-бабы бойынша әкімшілік іс қозғалды. Мұндай құқықбұзушылық фактілері, ережеге бағынбау жағдайлары жетіп артылады. Интернетті ашсаңыз жаңалықтардың тең жартысы тәртіп бұзғандар жайында. Олар туралы видеолар да үсті-үстіне жарияланып жатыр. Тәртіп бұзғандардың мұншалықты көбеюіне не түрткі болып отырғанын түсіне алмай біз де алаңбыз. Мүмкін жазаны күшейтіп, айыппұлдың көлемін арттыру керек шыар. Әйтпесе, тым еркінсіп кеткендейміз...