Жалдамалы үй қанша уақытқа беріледі?
Жалдамалы үй қанша уақытқа беріледі?
269
оқылды

Үкіметтің баспасөз орталығында өткен брифингте Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» жаңа әлеуметтік шаралары аясында берілген жалдамалы үйлерде отбасылардың қанша уақыт тұра алатыны туралы айтып берді.

Оның айтуынша, о бастан-ақ отбасылардың тұру мерзімін шек­те­меуге ұйғарылыпты. Әйтпе­се, аз қамтылған азаматтар ол баспана­дан айырылып қаламын деп алаң­дауы мүмкін.

– Тұрғын үй қатынастары туралы заң шынымен де әлеуметтік бағдарланған. Бұл – мемлекетіміз­дің идеологиясы мен саясаты. Сон­­дықтан да оған қатысты пара­метрлерді белгілемедік. Мысалы, азамат жалдамалы үйде кәмелеттік жасқа немесе қандай да бір жасқа толғанша тұрады деген секілді шектеулер қойылмады, – деді ол.

Бұл ретте бірінші вице-ми­нистр тек бастапқыда келісім­шарт­та көрсетілген отбасы мүше­лері ғана осы пәтерлерде шектеусіз уақыт тұра алатынын нақтылады.

– Айта кетер бір жайт, заңға қосымша актілерде «осы пәтерді келісімшартта ЖСН-дерімен бірге аты-жөндері нақты жазылған адам­дар ғана алатыны» туралы ереже бекітілетін болады. Пәтерге де олар көрсетілген аты-жөндер санына сәйкес кіреді, міне, осы азаматтар онда қалағанынша тұра алады. Ешкім оларды ол пәтерден сыртқа шығарып тастамайды. Олар өздерінің тұрғын үй жағдай­ла­рын реттеп, басқа баспанаға көш­кенше сол жерде тұра береді, – деп сендірді Қайырбек Өскенбаев.

Дегенмен ол тұру тәртібін бұзу жағ­дайлары тіркелсе, жалға алу­шы­­лар пәтерден шығарылуы мүм­кін екенін де қосты.

– Егер тұрғындар 6 ай ішінде ком­­муналдық төлемдерді төлеме­се, мүлікті қасақана бүлдірсе, бас­па­наны қандай да бір басқа мақ­сат­тарға, мысалы, дүкен немесе жатақхана-хостел ретінде қайта құрылымдап, пайдаланса немесе өзгелерге жалға берсе, пәтерден шығарылуы мүмкін, – деп түсін­дір­ді бірінші вице-министр.

Оның мәліметінше, биыл еліміз бойынша 12 мың көпбалалы отбасы өз пәтеріне кіреді. Бүгінде 340 мыңға жуық көпбалалы отбасы бар, соның 31 мыңнан астамы бас­па­наға мұқтаж ретінде әкімдік­тердің кезегінде тіркелген. Бір қызығы, 2019 жылғы 1 қаңтарда олардың саны тек 28 мың отбасы ғана болған екен. Яғни, өсуде.

Арзанға жалға берілетін тұрғын үйлерді салуы және нарықтан сатып алуы үшін өңірлерге жыл сайын 50 млрд теңгеден беріледі. 2025 жылға дейін төрт және одан көп баласы бар 40 мың отбасы жалдамалы тұрғын үймен қамты­лады. Биылғы 1 мамырда 249 бас­па­на беріліпті. Осы мамыр айының соңына дейін барлық қаржы көз­дері есебінен 1200-1300 көпбалалы отбасыға тұрғын үй ұсыну көздел­ген.

«Осылайша, 3-4 жыл ішінде тұрғын үйге мұқтаж көпбалалы отба­сылардың мәселесін толы­ғы­мен шешеміз деп жоспарлап отырмыз», – деді Қ.Өскенбаев.