Әлеуметтік қолдау жан-жақты
Әлеуметтік қолдау жан-жақты
123
оқылды
Қарағанды облысында төтенше жағдай кезінде ха­лыққа әлеуметтік қолдау көр­сету жан-жақты жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, мем­лекет тарапынан берілетін 42 500 теңге төлемді бүгін­ге дейін өңірде 102 мың­нан ас­там тұрғын алып үл­гер­ді. Көпті алаңдатқан мәсе­ле­­­нің бірі – жұмыс орын­да­­ры­­ның сақталуы. Бұл ба­­ғыт­та да нақ­ты шаралар іске асыры­лып жатыр. Ай­мақ­­та жұмыс орын­дары қыс­қар­­май­­ды. Бұл орайда 161 өн­­діріс­тік кәсіпорынмен ме­моран­дум жасалған. Олар­да 75 мың жұмыс орны бар. Ай­мақ­тағы әлеуметтік ахуал мен тұрғын­дарға көр­се­тілетін көмек хақында Қара­­ған­ды об­лысы әкі­мінің орын­ба­­сары Абзал Нүкенов пен об­­лыстық Жұ­мыс­пен қамтуды үй­лес­тіру және әлеу­меттік бағ­дар­ла­ма­лар бас­қармасының бас­шысы Әсем Жүнісбекова қа­тыс­қан брифингте баяндал­ды.  

Жұмыс орындары қысқармайды

Брифинг барысында Абзал Нүкенов облыс басшылығының жұмыс орындарын сақтау бойын­ша атқарып жатқан жұмыстарына тоқталып өтті. «Осыдан бір-екі апта бұрын үлкен өндіріс орындарымен тиісті меморандумға қол қойылды. Құ­жаттың негізгі мазмұны – жұмыс орындарын қысқартпай, барынша сақтап қалуға тырысу. Яғни, меморандум аясында ай­мақтағы 161 кәсіпорын осындай міндеттеме алды. Сонымен қатар «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында 43 мыңнан астам азаматты жұмыспен қамту­ды жоспарлап отырмыз», – деді облыс әкімінің орынбасары. Дағдарысқа қарсы шаралардың бірі «Жол картасы» бағдарламасы болса, қазіргі уақытта осы кар­таның «қоржынында» жалпы құны 63,7 млрд теңгеге жететін 625 жоба бар. Аталған жобалар жалпы саны 16 106 жұмыс орнын, оның ішінде, 712 тұрақты жұмыс орнын ұсынбақ.  

102 мың адам әлеуметтік төлем алды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағ­дай мен карантин режиміне бай­ланысты табысынан айырыл­ған қазақстандықтарға 42 500 теңге көлемінде әлеуметтік жәрдемақы төлеуді тапсырғаны мәлім. Облыс әкімі орынбасарының айтуынша, бүгінде Қарағанды облысы бойынша әлеуметтік төлем алуға 229 мыңнан астам азамат өтініш берген. Олардың ішінде 90 мыңға жуық өтінімді дұрыс толтырмағаны және талапқа сай келмейтіні анықталды. «Ал 117 мыңнан астам азаматқа әлеуметтік көмек беру туралы шешім қабылданды. Олардың 102 мыңнан астамы бүгінде 42 500 теңгені алып үлгерді. Төтенше жағдай режимі созылған жағдайда көмекті беру жалғасады», – деді А.Нүкенов. Қазіргі таңда облыс бойынша 14 000 отбасы мемлекеттік жәр­демақы, 3 677 отбасы атаулы әлеу­меттік көмек алуда. Соңғы үш айдың ішінде 4 624 балаға кепілді әлеуметтік көмек көрсетілді. Төтенше жағдайға байланысты тікелей қарым-қатынастың шек­телуіне орай, І тоқсанда АӘК алған азаматтардың оны алу мерзімі ІІ тоқсанға ұзартылды. Ал бұл көмекке жаңадан өтініш беретін азаматтар e.gov.kz порталы арқылы онлайн өтінім жібере алады. Егер компьютер немесе басқа да гаджеттер қолжетімсіз болса, жергілікті әкімдіктің кө­мегіне жүгінуі керек. Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсем Жүнісбекова: «Мемлекет бас­шысының тапсырмасы бойынша төтенше жағдай кезінде қосымша қолдау шаралары көрсетіледі. Атап айтқанда, АӘК алатын от­басылардағы 6 жастан 18 жасқа дейінгі балалар, І, ІІ және ІІІ топ­тағы мүгедектер, мүгедек балалар және олардың күтіміне жауап беретін тұлғалар, ресми тіркелген жұмыссыздар азық-түлік және тұрмыстық жиынтықтармен қам­тамасыз етіледі. Ол үшін ешқайда барып, өтініш берудің қажеті жоқ. Көмек алушылардың тізімі жасақталған. Наурыз айында 6 316 балаға көмек көрсетілді. Ал, сәуір айында осы көмекті 76 мыңнан астам адам алады», – деді. Қарағандыда карантин жария­ланғалы індетті жеңу бағытында қыруар шаруа тындырылды. Атап айтқанда, 16 наурыздан бастап көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға, жалғызілікті қарт адамдарға, мүгедектерге көмек көрсету жөніндегі 163 акция өт­кізілді. Жалпы 26 167 адам қам­тылып, 21 млн теңгеден ас­там қаражатқа азық-түлік се­беті дайындалды. 61 тоннаға жуық азық-түлік, санитарлық-гигие­налық және тұрмыстық заттар таратылды. 23 мың дана бетперде тігіліп, халыққа ұсынылды. Соны­мен бірге, алғы шепте жүрген ақ халатты абзал жандарды қолдау шаралары да дер кезінде жасалуда. Республикалық бюджеттен 1 349 медициналық қызметкерге үсте­меақы төленсе, күні кеше об­лыс қаржысы есебінен тағы 1 677 дәрігер айлық еңбекақы мөл­ше­рінде сыйақы алды.  

 Birgemiz қоры қол ұшын созды

Қазіргі таңда Үкімет пен жергілікті билік күн-түн демей, ін­детті жеңудің стратегиясын қарас­тырып жатқаны аян. Мемлекет төтенше жағдайда жұмысынан айырылған әлеуметті қолдау үшін арнайы қаржы қарастырды. Бұдан бөлек, Елбасының бастамасымен құрылған Birgemiz қоғамдық қоры арқылы да мұқтаж жандарға 50 мың теңге көлемінде жәрдем бе­ріліп жатқаны белгілі. Облыста бұл жұмыс Birgemiz-Qaragandy өңір­лік қоры арқылы жүзеге асып жатыр. Nur Otan партиясы облыстық филиалы төрағасының бірін­ші орынбасары Қадиша Оспа­нованың айтуынша, қазіргі күнге дейін Қарағанды өңірінде аталған қор арқылы 7 санат негізінде 13 674 адамның есепшотына қаржы аударылды. Олар Қарағанды, Теміртау, Жезқазған қалаларының тұрғындары екенін де атап өт­кен жөн. Партия тарапынан атқарылып жатқан бұл жұмыс ары қарай жалғасын табады. Облыста 7 санат бойынша тағы 18 383 тұрғын әлеуметтік қолдаумен қам­тамасыз етіледі. 19 сәуірге дейін осы қаражатты алатындар тізімі нақтыланады. Облыстағы 3 мың отбасына 35 млн теңге көлемінде әлеуметтік пакет түрінде көмек берілді. Сонымен қатар әлеуметтің белгілі бір тобына азық-түлік, тұрмысқа қажетті заттар жиынтығын үлес­тіру жалғасуда. Сәуір айында жалпы сомасы 417 млн теңгені болатын осындай жиынтықты әлеуметтің әлжуаз тобындағы 75 мың адамға табыстау көзделуде. Мемлекет ешбір азаматын қам­қорлықсыз қалдырмайтынын айтты. Елде сенім зор. Себебі бұл іс есеп үшін емес, ертең үшін екеніне күмән-күдігі қалмады.  

 Кәсіпкерлер көмегі қомақты

Бүгінде Қазақстанның әр аймағында Атымтай жомарттар аспанды бұлт торлағанда бұғып қалмайтынын көрсетті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың елдегі кәсіпкерлерге үндеу тастауы – ел қамын жеген Едігелердің бар екенін айғақтады. Қоғамдық қорға індетпен күреске толассыз қаржы аударып жатқан ел азаматтары баршылық. Олар жалпы қоғамға жасаған қамқорлығын жария етуді құп көрмейді. Десек те, жақсының жақсылығын айту – парыз. Алысқа бармай-ақ, Қарағанды ай­мағында бүгінгі ахуалға бейжай қарамаған атпал азаматтардың қарасы тым қалың. Қарағанды облысы дзюдо феде­рациясының вице-прези­денті Ғабдолла Дүйсенбаев экс­пресс-тестілер алуға 5 млн теңге қаражат бөлді. Қала тұрғыны Владимир Нефедов 1 млн теңгеге тұрғындарға азық-түлік таратты. YDD Corporation Қарағанды ферроқорытпа зауыты төтенше жағдай барысында мемлекет қабылдаған іс-шараларды қолдау үшін Қарағанды облысында құ­рылған қорға 100 млн теңге бөлді. «Нәтиже» сүт фабрикасы ка­рантиндегі ауруханаларда жұмыс істейтін дәрігерлерге сүт өнімдерін тегін жеткізеді. «Рыспаев» же­ке кәсіпкерлігі облыстық меди­ци­налық орталықтың 60 дәріге­ріне қонақүйін ұсынды. «Космонавт» қонақүйі де солай. «Бипэк Авто» компаниясы эпидемиологтарға инфекция ошақтарын анықтау жұмыстарын жүргізу үшін 7 автокөлік берді. «Алтын Арба» базары 1 000 от­басыға тегін азық-түлік жеткізді. №3 автопаркі көліктерін беріп, облыстық қорға 5 млн теңге ау­дарды. «Таир» сауда үйінің әкімшілігі өздеріндегі жеке кәсіпкерлерден жалға алу құнын алмау туралы шешім шығарды. Мұндай мы­сал­дар қатары күннен-күнге артып келеді. Біз бейбіт күнде байбалам салып, іздеп жүрген ұлттық буржуазия осы екен. Жиырмасыншы ғасырдың басында «Ұлтына қызмет ететін байларды Алла көбірек берсін, дәулетінің екі дүниеде игілігін көрсін!» деп дұға оқып, «Қысылып тұрғанда демеу болды, Тәңірі жарылқасын!» деген қазақ оқыр­манының тілегін біз де осы күні қайталаған жайымыз бар. Әйтеке бидің «Бай болсаң, халқыңа пайдаң тисін, батыр болсаң, жауға найзаң тисін, бай болып, елге пайдаң тимесе, батыр болып, жауға найзаң тимесе, елден бөтен үйің күйсін» деген даналық сөзі – талай қазақтың баласына қамшы...  

 Еріктілерге ел сенімі ересен

Жасыратыны жоқ, еріктілердің де ерлікке пара-пар еңбегін ерекше атауға тиіспіз. Деректерге жүгінсек, еріктілердің атқарған жұ­мысының ауқымына разы боласыз. Жоғарыда айтып өткеніміздей, 16 наурыздан бүгінгі күнге дейін волонтерлар кәсіпкерлердің көмегімен көпбалалы және аз қам­тылған отбасыларға, жалғызбасты қарттарға, мүгедектерге және мұқ­таж жандарға тынымсыз көмек көрсетуде. Осы аралықта 163 ак­ция өткізілген екен. Онымен 8 242 отбасы қамтылған. Мұқтаж жандарға жалпы сомасы 21 млн теңгеден астам қаражатқа азық-түлік себеттері дайындалған көрінеді. 61 тоннаға жуық азық-түлік, санитарлық-гигиеналық және тұрмыстық заттар таратылыпты. Қазір 1 196 во­лонтер облыс көлемінде елге жәрдемін тигізіп жүр. 2020 жылдың 7 сәуірінен бас­тап Қарағанды облысында «Сарыарқа жастары» облыстық волонтерлар штабының құрылуы оларға деген ел арасындағы се­нім­ді көрсетсе керек. Штабқа тұр­ғындар тегін азық-түлік себет­терін, дүкеннен азық-түлік, дәрі­ха­надан дәрі-дәрмек жеткізу, волон­тер қатарына қосылу сынды мәселелермен хабарласады екен. Бастарын бәйгеге байлаған еріктілердің ісі лайықты бағасын алары даусыз. Сын сағатта Қазақстан халқы ассамблеясы да сырт қалған жоқ. Бір ғана мысал, Қарағанды облысы ҚХА мүшесі, «Татар және башқұрт Қазақстан конгресі» РҚБ филиалының төрағасы Шамиль Осин тұрмысы төмен отбасыларға 12 тонна азық-түлік пен көкөніс жет­кізіп берді. Ал тәжік этно­мә­дени бір­лестігінің өкілдері Әнет баба ме­шітінің орталық штабына алғашқы қа­жеттілік санатындағы азық-түлік­терді таратты. Мұндай мысалдар өте көп. ҚХА өкілдері өңір­дегі аудан-қалаларға көмек көр­се­туді ары қарай жалғастырып жатыр.   Түйін:

Әлемдегі экономикалық дағ­дарыстың салқынын сезінген еліміз етек-жеңін тағы бір мәрте жинап, болашақ үшін батыл шешімдер қабылдауда. Ел тілегі – жалқы әрі әмбеге аян. Күрделі кезеңді бірге еңсеру, еңсемізді қайта тіктеу маңыз­ды. Үрейді үмітке жеңдіріп, келер күннің бір шөкім бұлтсыз көкжиегіне көз тігеді бұқара. Біз біргеміз!

 

 

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА,  Қарағанды облысы