Ауырған ақ халаттылар саны артып барады

Ауырған ақ халаттылар саны артып барады

Алматыда соңғы тәу­лікте вирустың таралуына бай­ла­ныс­ты жағдай күрт нашар­лады. Бір тәулікте 116 меди­цина қызмет­керінен ауру анық­талғаны бар үмітін үкі­леп, ақ ­халатты абзал жандар­дың тілеуін тілеп отырған көп­шілікті әрі-сәрі күйге түсірді. Шаһарда 14 сәуірде корона­вирус инфекциясын жұқтыру­дың расталған 346 жағдайы тіркелген. Оның ішінде 6 ба­ла, 3 жүкті әйел бар.  

Медицина қызметкерлері ауру жұқтырған

– Қалада бір тәулікте 174 науқас тіркелген. Оның 58-і жер­гілікті науқаспен байланыста бол­ған адамдар. Соның ішінде қалалық Балалар клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының 1 қызметкері, Орталық қалалық клиникалық аурухананың 110 ме­дицина қызметкері, Медици­налық жедел жәрдем қызметінің 2 қызметкері, №32 Қалалық емха­наның 1 қызметкері, №11 Қала­лық емхананың 1 қызметкері, №1 Қа­лалық клиникалық аурухананың 1 қызметкері бар, – деді қаладағы эпидемиологиялық ахуал туралы онлайн-брифингте Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев.
13 сәуір күні Алматыдағы Ор­талық қалалық клиникалық ау­рухана карантинге жабылғанын, бұл жерде 37 медициналық қыз­меткердің коронавирус инфек­циясын жұқтырғанын айтқанбыз. Кешегі мәліметті қосқанда бұл ауруханадағы инфекция анық­талған медқызметкерлердің саны 147-ге жеткен. Өкінішке қарай, қаладағы ең үлкен аурухананың бірі болып саналатын емдеу ме­кемесінің ахуалы осындай болып тұр. Дәл қазір инфекциялық ста­ционарларда COVID-19 вирусын жұқтырған 295 пациент емделіп жатыр. Оның ішінде 7 адамның жағдайы ауыр. 41 адамның (бір әйел Алматы облысынан) жай-күйі орташа ауыр, 247 адамның жағдайы қанағаттанарлық дәре­жеде. Провизорлық орталықтарда 256 адам бар, оның ішінде 12 бала, карантиндік оқшаулануда 366, үй карантинінде 7 097 пациент бар.
– Медицина қызметкерлері­нің екеуінде полисегментті пнев­монияның болуына байланысты жағдайы ауыр, қалған науқастар­да – қанағаттанарлық. Барлық бай­ланыста болған адамдарға диаг­нозын анықтау бойынша жұ­­мыстар жүргізілуде. Вирусты олар па­циенттерден де жұқтыруы мүмкін. Өйткені олар шұғыл меди­циналық көмек көрсетуді жалғас­тырып отырды. Олардың ішінде ауру белгілері жоқ пациенттер де болуы мүмкін, – деді Тілеухан Әбілдаев.
Аталған факті бойынша эпи­демиологиялық тексеру жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар медицина қызметкерлерін тексеріп, қа­рау бойынша барлық шара қолда­нылып жатыр. Қазіргі таңда қала­лық клиникалардың бәрінде қызметкерлерді коронавирусқа бай­ланысты міндетті түрде тек­серіп, қарау ісі және эпидемияға қарсы іс-шаралар күшейтілді.  

 Өзге ел дәрігерлері де індет құрығына ілінуде

Бүкіл әлемді шарпыған ін­дет қарапайым тұрғындарды бы­лай қойғанда, дәрігерлердің өзін әбігерге салып, тіпті осы науқастан көз жұмған жағдайлар да тіркелуде. Осы ауруды жұқтыру­дан Еуропада екінші орында тұрған Италияда 31 шілдеге дейін төтенше жағдай режимі енгі­зілген. Осыдан-ақ жағдайдың тым күрделі екенін аңғаруға бо­ла­ды. Күн сайын жүздеген дәрі­гер нау­қастардың өмірі үшін күре­сіп жатыр. Дегенмен қазір­дің өзін­де бұл елде 100-ден ас­там меди­цина қызметкері осы ін­деттен көз жұм­ған. Ауруханалар­дың кәсіподақ ұйымының ха­бар­лауынша, ауру жұқтырған медқызметкерлер саны 10 мыңнан асады.
Италиялық Humanitas Gavazzeni e Castelli ауруханасының хирургі Даниэле Маккини коро­навирус инфекциясының та­ралуынан қазір бұл елде жағдайдың тым күрделі екенін айта келіп, «Бұл індеттен тек әріптестерім ғана емес, отбасы­мыз да зардап шегіп жатыр. Әріптестерімнің көбінде қорғаныс киімдері мен құралдары бола тұра, ауру жұқтырған. Олар өз туыстарына да ауру жұқтырды. Отба­сындағы науқастардың біразы қазір өмір мен өлімнің арасын­да жанталасып жатыр. Коронавирус­пен күрес соғысқа ұқсайды» дейді.
Қазіргі таңда Испанияда да коронавиус инфекциясымен күресте 10-нан астам дәрігер көз жұмды. Сондай-ақ тағы екі орта медицина қызметкері бар. Олар­дың басым бөлігі алғашқы медициналық қызмет көрсету саласында жұмыс істеген және қа­рапайым қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілмеген. Испанияда 12 300-ден астам медқызметкер ауру жұқтырып үлгерген. Оның 85 пайызы ауруды жеңіл өткізуде және өз үйлерінде ем-дом алуда. Қазіргі таңда мұндай мысал­дарды көптеп келтіруге болады. Біздікі қазіргідей қиын сәтте «Сақ­тансаң, сақтаймын» деген тәмсілді тағы бір еске салу.  

   Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ