Еуропалық одақ өкілдігі басшысымен кездесті
Еуропалық одақ өкілдігі басшысымен кездесті

Nur Otan партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев Еуропалық одақтың Қазақстандағы өкілдігінің басшысы Свен-Олов Карлссонмен кездесті. Кездесуде тараптар екіжақты ынтымақтастық­тың маңызы мен алдағы Қазақстан президентінің сайлауына қатысты мәселелерді талқылады.

Алдымен Мәулен Әшімбаев Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы қарым-қа­тынасқа назар аударды. Ол соңғы жыл­дар­да екі елдің ынтымақтастығын арттыру мақ­сатында Қазақстанның Тұңғыш Пре­зи­ден­ті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Еу­­ропа елдерінің басшылары тарапынан ай­тар­лықтай жұмыстар атқарылғанын атап өтті.

– Біздің тараптар 2015 жылы қол қойыл­ған Әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімнің негізінде өзара байланысты одан ары күшейтті. Бүгінде екіжақты экономи­калық байланысымыз жүйелі түрде дамып келеді. Көптеген еуропалық компаниялар Қазақстанда табысты жұмыс істеп жатыр. Қазақстан экономикасындағы сыртқы сауда айналымының 50 пайызы Еуропалық одақ елдеріне тиесілі. Сол себепті, Еуропалық одақты еліміздің ең басты сауда-экономи­калық серіктесі деп атауға толық негіз бар, – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар кездесуде Қазақстан эко­номикасындағы шетел инвестиция­сының жартысынан астамы ЕО елдерінің үлесінде екені айтылды. Nur Otan партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары сауда және инвестициялық қарым-қаты­настағы бұл деңгейлер шектік көрсеткіш емес екеніне назар аударып, алдағы уақытта бұдан да жоғары нәтижелер болатынына сенетінін жеткізді. Сондай-ақ ол тарап­тардың саяси және партияаралық байла­нысына да тоқталды.

– Қазақстан мен Еуропалық одақтың саяси байланысы қарқынды дамып келеді. Біздің партияаралық қарым-қатынасымыз да айтарлықтай деңгейде. Германияның және басқа да еуропалық елдердің жетекші партияларымен жүйелі байланыс орнаттық. Алдағы уақытта осы бағыттағы жұмысы­­мыздың аясын одан ары кеңейтуге мүдде­лі­­міз, – деген Мәулен Әшімбаев Nur Otan-ның­ Қазақстандағы жетекші саяси күш саналатынын және басты мақсат осы көш­басшылықты сақтап қалу екенін айтты.

Бұдан басқа, іс-шара барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзінің Қазақстан Президенті ретіндегі өкілеттігін тоқтату туралы тарихи шешімі және оның 30 жылға жуық ел басқарып, тәуелсіз, заманауи, на­рықтық, демократиялық, құқықтық Қазақ­станды қалыптастырғаны сөз болды.

– Еліміздің экономикадағы, саясаттағы, әлеуметтік саладағы барлық жетістіктері Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен бай­ланысты. Ол Қазақстан Президенті ретін­дегі өкілеттігін тоқтатқанымен Nur Otan партиясының Төрағасы, Қауіпсіздік кеңе­сінің Төрағасы, Қазақстан халқы ассам­­­блеясының Төрағасы, Елбасы болып қала береді, – деді Мәулен Әшімбаев.

Одан бөлек, партия Төрағасының Бірін­ші орынбасары қазіргі таңда Қазақстан халқының тарихи кезеңді бастан өткеріп жатқанына және алда үлкен саяси науқан тұрғанына назар аударды.

– Партиямыздың 23 сәуірдегі XIX съе­зінде Елбасы Қазақстан президенттігіне кан­дидат ретінде Қасым-Жомарт Ке­мелұ­лын ұсынды. Оны барша съезд делегаттары бірауыздан қолдады. Соған байланысты қазіргі таңда кандидатымыздың үгіт-наси­хат жұмыстарына қызу дайындық жүргізіліп жатыр. Республикалық және аймақтық деңгейдегі қоғамдық штабтар құрылды. Барлық қажетті шаралар қолға алынды, – деді Мәулен Әшімбаев.

Кездесуде сайлаудың ашық әрі әділ өту мәселесі де әңгімеге арқау болды. Осы мәсе­леге тоқталған Nur Otan партиясы Төра­ғасының Бірінші орынбасары партияның тек заң шеңберінде ғана әрекет ететінін айрықша атап өтті.

– Сайлаудың ашық әрі әділ, еліміздің заңдары мен халықаралық нормаларға сәйкес өтетініне сенімдімін. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та осы салаға аса маңыз беріп, тиісті мемлекеттік органдарға тапсырма берді. Өйткені бұл сайлау – билік сабақтастығын қамтамасыз етіп, демократиялық дамуға ықпал ететін ел дамуындағы маңызды кезең. Сондықтан біздің партия заң аясында әрекет етеді. Бұл істе отандық және халықаралық бақылаушы­лармен, Еуропадағы қауіпсіздік және ынты­мақтастық ұйымы сияқты ірі құрылым­дармен тығыз жұмыс істеуге дайынбыз, – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен бірге, партия Төрағасының Бірінші орынбасары кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлаудағы басты қа­ғидасы Елбасы саясатының сабақтастығын сақтау екенін айтты. Оның сөзіне қарағанда, бұл экономикада, әлеуметтік саясатта, саяси жүйеде еш нәрсе өзгермейді дегенді білдірмейді.

– Сабақтастық Елбасы саясатының негізгі басымдықтарын сақтап қалумен ерекшеленеді. Олар – көпвекторлы сыртқы саясат пен бейбітсүйгіштік қағидалары. Эко­номикадағы сабақтастық нарықтық экономика, әлеуметтік аз қамтылған топ­тар­ға қолдау көрсету және шетелдік инвес­ти­цияларды жұмылдыру қағидаларына табан тірейді. Ал саясатта бұрынғыдай тұ­рақ­тылық пен демократиялық даму қағи­дасына басымдық беріледі. Ал жұмыс барысында жаңа, тың бастамалардың қолға алынатыны сөзсіз, – деді Nur Otan партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары.

Сондай-ақ Мәулен Әшімбаев өз сөзінде үгіт-насихат жұмыстары негізінен үш бағыт бойынша жүргізілетінін де тілге тиек етті.

– Ең алдымен дәстүрлі бұқаралық ақпа­рат құралдарына басымдық беріледі. Екін­шіден, еліміздің барлық өңіріндегі халықпен тікелей кездесіп, кандидаттың сайлауалды бағдарламасын түсіндіреміз. Сондай-ақ нау­қан кезінде әлеуметтік желілерді де кеңінен пайдаланамыз. Бұл жұмыстардың барлығы заң шеңберінде жүргізіледі, – деген Мәулен Әшімбаев сайлаудан кейін де Қазақстан мен Еуропалық одақ елдерінің байланысы одан ары жалғасатынына сенім білдірді.

Өз кезегінде Свен-Олов Карлссон Қа­зақстандағы қазіргі саяси оқиғалар халықа­ралық нормалар мен елдің Конституциясына сәйкес өрбіп жатқанын айтты. Ол екі тараптың қарым-қатынасын одан ары дамыту, инвестиция тарту саласын жетілдіру және 2015 жылғы Әріптестік және ынтымақ­тастық туралы келісімде көрсетілген басым­дықтарды жүзеге асыру жұмыстарын жалғастыру жайына да тоқталды. Одан бөлек, еуропалық өкіл Елбасымыздың әлемдік деңгейдегі еңбегіне назар аударды.

– Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өткен жылдың қазан айындағы Брюссельге жасаған са­парын, сол кездегі АСЕМ саммитіндегі сөй­леген сөзін біз жоғары бағалаймыз. Атал­ған жиында Нұрсұлтан Әбішұлы мазмұнды сөз сөйлеп, Еуропа мен Азия елдерінің өзара байланысын нығайту мәселесіне көңіл бөлді. Таяуда ғана Бейжіңде өткен «Бір жол, бір белдеу» форумында да Нұрсұлтан На­зарбаев жаһандық диалогты дамыту мәсе­лесін көтерді. Бұл Қазақстанның әлемдік қауымдастықта үлкен абыройға ие екенін көрсетеді, – деді Еуропалық одақтың Қазақстандағы өкілдігінің басшысы.

Сондай-ақ ол Орталық Азиядағы тұрақ­тылық пен қауіпсіздік жайына көңіл бөліп, бұл істе Қазақстанның аймақ көшбасшысы ретінде маңызды рөл атқаратынын айтты.

– Біз сіздің елдің көршілес мемлекеттер­мен жақсы қарым-қатынас орнатқанын да ерекше құрметтейміз. Аймақтық байланыс экономикалық дамуға тың серпін береді және саяси тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Еуропалық одақ осы салада да бірлесіп жұмыс істеуде дайын. Себебі, Еуропалық одақ Орталық Азияның қауіпсіздігі мен тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүдделі, – деді Свен-Олов Карлссон.

Айта кетейік, Еуропалық одақ – Қазақ­станның ең негізгі саяси және экономикалық әріптестерінің бірі. Екі тарап арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастар алғаш рет 1993 жылғы 2 ақпанда орнатылды. Со­­дан бері өзара байланыс қарқынды дамып келеді.