«Балаларға қарсы зорлық-зомбылық 12,9 пайызға өскен» – Жамбыл облысында сексуалды сипаттағы қылмыс тыйылмай тұр
«Балаларға қарсы зорлық-зомбылық 12,9 пайызға өскен» – Жамбыл облысында сексуалды сипаттағы қылмыс тыйылмай тұр
203
оқылды
Өткен жыл Жамбыл облысы үшін «өртпен» өрілгені жасырын емес. Әсіресе Тараз қаласындағы дәретханада зорланған қыздың оқиғасы дүйім жұртты дүр сілкіндірді. Бұл жайттан кейін талай шенділер қызметімен қош айтысса да, жасөспірімдерге қарсы зорлық-зомбылық фактілері әлі азаймай тұр. Облыстық Полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі ювеналдық полиция бөлімінің басшысы Қуанышбек Қалжановтың айтуынша, ағымдағы жылдың 1 тоқсанында облыс аумағында әр түрлі құқықбұзушылықпен 2159 жасөспірім тіркеліпті. Сондай-ақ, 159 жасөспірім мен 139 жайсыз отбасы профилактикалық есепке алынған. Жасөспірімдермен жасалған қылмыстар саны 34,2 пайызға төмендесе, жеткіншектерге қарсы жасалған зорлық-зомбылық фактілері 12,9 пайызға өскен. – Бұл мәселеге көңіл аударып қарамасақ, балаларыңыздың жүріп-тұруына қадағалау жасамасаңыздар, оларға қарсы жасалатын қылмыс пен құқық бұзушылықты анықтау мүмкін емес. Себебі жасөспірімдерге қарсы жасалатын сексуалды сипаттағы қылмыстар көбіне келісім арқылы немесе туған-туыстарымен, өгей әкелерімен, тұрып жатқан мекен жайларында орын алуда. Осы мәселеге ата-аналарды ұқыпты болуға шақырамын, – деді Қуанышбек Қалжанов. Ал облыс әкімдігі білім басқармасы басшысының орынбасары Талғат Жамалов карантин кезінде балалардың үйде болғандығына алаңдаула. – Қазіргі кезде балалар мектеп пен колледжге барып жатқан жоқ, барлықтары үйлерінде. Балалардың карантин кезінде үйде болуы, көшеде ата-аналардың қарауынсыз жүрмеуі тиіс. Осы маусымда ата-аналар балаларына көңіл бөліп, олардың қауіпсіздігін назарға алуы керек, – дейді Т.Жамалов. Иә, статистикаға қарасақ, былтырғы жағдай көпке сабақ болмағандай. Себебі жасөспірімдерге қарсы жасалып жатқан қылмыстар көбеймесе, азаймай тұр. Естеріңізде болса, алдыңғы жылы Тараз қаласындағы №6 мектеп оқушысы 13 жасар Николай Данилян токсиндік мас күйінде сол мектептің 4-ші сынып оқушысы Никита Никитюкті өлтіріп қойды. Екі жасөспірім бірлесіп желімді иіскегеннен кейін бірі екіншісін көртешенің бауымен буындырып, өмірін қияды. Бастапқыда қасақана адам өлтіру фактісі бойынша қаралған іс тергеу амалдарынан кейін «бірі екіншісін зорлауға әрекет етпек кезінде абайсызда бауға буынып қалған» деген бапқа ауыстырылған. Қазір Николай Данилян 2 жылға бас бостандығынан айырылып, Шығыс Қазақстан облысы Өскемен қаласында жазасын өтеуде. Міне, осындай жантүршігерлік оқиғалар қайталанбасын десек, балаларымызға сақ болайық, құрметті ата-аналар.

Саятхан Сатылған, Жамбыл облысы