Шымкентте 100 сарбаз қызметке кірісті
Шымкентте 100 сарбаз қызметке кірісті
148
оқылды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздегі төтенше жағдайға байланысты әскери міндет­тілерді арнайы жиынға ша­қыру жөніндегі Жарлық шығар­ғанын білеміз. Прези­денттің бұл бастамасын шым­кент­тік жастар да шынайы қолдап, ел үшін тер төгуге белін бекем буып отыр. Бейбіт күні әскерге шақыртыл­ған сарбаздар Шымкент қаласында залалсыздандыру жұмысына қаты­сады. Оған қоса санитарлық бұғат­тау бекеттеріне көмекке бара­ды. Қала әкімінің орынбасары Алмасбек Мамытбеков іске кіріс­кен 100 азаматқа сәттілік тіледі.
– Шымкент қаласындағы 4 ауданға 25 сарбаздан бөлінді. Олар 13 сәуір мен 14 мамыр аралығында залалсыздандыру жұмыстарына көмектеседі. Сарбаздарды тасы­малдау мен тамақтану мәселелері шешілген, – деп атап өтті қала әкімінің орынбасары Алмасбек Кеңесбекұлы.
Төтенше жағдай кезінде қала бойынша әзірге мұндай шара­ларға 100 азамат қабылданған. Қиын-қыстау кезде Мемлекет бас­шысының үндеуіне құлақ асқан жастар залалсыздандыру мен басқа да жұмыстар атқарады. Бұл жолы 35 жасқа дейінгі азаматтар тартылды. Шымкент қалалық әскери ко­миссариятында арнайы меди­циналық комиссия жасақталып, үміткерлерді сараптамадан өт­кізген. Сынақтан өткен запастағы сарбаздар төтенше жағдай уақы­тында әскер қатарында болады. Ал жұмысы бар еріктілердің айлық жалақысы сақталады. Жұмысқа кіріскен еріктілер мұндай қадамға пайда үшін емес, Отанға қызмет үшін барғанын айтты.  

Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы