Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздегі төтенше жағдайға байланысты әскери міндеттілерді арнайы жиынға шақыру жөніндегі Жарлық шығарғанын білеміз. Президенттің бұл бастамасын шымкенттік жастар да шынайы қолдап, ел үшін тер төгуге белін бекем буып отыр. Бейбіт күні әскерге шақыртылған сарбаздар Шымкент қаласында залалсыздандыру жұмысына қатысады. Оған қоса санитарлық бұғаттау бекеттеріне көмекке барады. Қала әкімінің орынбасары Алмасбек Мамытбеков іске кіріскен 100 азаматқа сәттілік тіледі.
– Шымкент қаласындағы 4 ауданға 25 сарбаздан бөлінді. Олар 13 сәуір мен 14 мамыр аралығында залалсыздандыру жұмыстарына көмектеседі. Сарбаздарды тасымалдау мен тамақтану мәселелері шешілген, – деп атап өтті қала әкімінің орынбасары Алмасбек Кеңесбекұлы.Төтенше жағдай кезінде қала бойынша әзірге мұндай шараларға 100 азамат қабылданған. Қиын-қыстау кезде Мемлекет басшысының үндеуіне құлақ асқан жастар залалсыздандыру мен басқа да жұмыстар атқарады. Бұл жолы 35 жасқа дейінгі азаматтар тартылды. Шымкент қалалық әскери комиссариятында арнайы медициналық комиссия жасақталып, үміткерлерді сараптамадан өткізген. Сынақтан өткен запастағы сарбаздар төтенше жағдай уақытында әскер қатарында болады. Ал жұмысы бар еріктілердің айлық жалақысы сақталады. Жұмысқа кіріскен еріктілер мұндай қадамға пайда үшін емес, Отанға қызмет үшін барғанын айтты.
Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы