«Антикор-айтыс» жобасының жеңімпаздары апта соңында анықталады. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ақпараттық-ағартушылық штабының басшысы Ырза Тұрсынзада онлайн режимде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді. Айтыскер ақындар онлайн жұптасып, бірден дайындықсыз шынайы әрі онлайн режимде суырыпсалма өнерін паш етеді. Байқаудың тағы бір ерекшелігі – сайыс сыбайлас жемқорлыққа қарсы тақырыпқа арналған. 16 ақын жыр сайысының алғашқы айналымынан өтті.
«Қазақтың болмысында жоқ дерттің бірі – жемқорлық. Мақсат – жалғыз агенттіктің күшімен ғана тосқауыл болу емес, жемқорлықпен күресті ұлттық қозғалысқа айналдыру, әр қазақстандықтың бойында жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру. «Антикор-айтыс» жобасын бастап, қазір әлеуметтік желіде халықтың алғысын алып жатырмыз. «Үйде отырғанда рухымызды асқақтатып, еңсемізді көтерген ерекше шара болды» деп рақметін айтуда», – дейді Ырза Тұрсынзада.Айтыс 9 сәуірде басталды. Қатысушылар бойынша жеребе тартылып, жұптар анықталды. 19 сәуірге дейін 1/8, 1/4 және 1/2 финалдары өтеді. Онлайн-айтыстың финалы биылғы 18 және 19 сәуірге жоспарланған. Жеңімпаздар Antiсor_shtab_kz Telegram-арнасында онлайн-дауыс беру және Мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбековтің төрағалық етуімен қазылар алқасының арасында дауысты пайыздық қатынаста бөлу арқылы анықталады. Ал агенттіктің ақпараттық-ағартушылық штабының мүшесі Данияр Алдабергеннің айтуынша, жастар қазір жемқорлықпен күрес тақырыбында қоғамның проблемасын көтеріп жатыр.
«Төле би он үшінде төрелік айтқан, Қазыбек би он бесінде дау шешкен дегенді жиі естиміз. Ол кезде дау шешетін басқа адамдар да болған шығар. Бірақ жастардың сол кезде ел ісіне араласып, айтқан пікірі өтімді болған. Мысалы, үлкен ер азаматтың бойындағы жаман мінезін жасы кіші немесе баласымен жасты адам айтса, онда ол ұялып, тыйылуға әрекет етеді. Сол секілді жемқорлық тақырыбын тектен-текке таңдап алып отырған жоқпыз», – дейді Данияр Алдаберген.
Гүл БЕКЗАТ